Қайынатамды сағынамын
Өзім әкесіз өскендіктен бе, үлкен кісілерден бір жылулықты күтіп тұратынмын. Керек десеңіздер, мен әкемнің де бейнесін елестете алмайды екенмін. Бірақ, маған әкелік қамқорлығын танытқан бір жан болды. Оны әлі күнге дейін сағына еске аламын.
Бағлан екеуміз көңіл жарастырған соң, көп созбастан отау тіктік. Сол үйдегі күйеуімнен соң ең жақын адамыма айналған атам болды. Ол кісі менің әкесіз өскенімді білгендіктен бе, әйтеуір, келген күннен бастап, «Перизат – менің келінім емес, қызым» деп өзіне жақын тартты. Бұл тек қана сөз жүзінде емес, іс жүзінде де байқалатын. Қысқы күндері: «Ерте тұрмай-ақ қой, қарағым. Түнімен балаң жылап маза бермеді, сәл тынық»,- деп, өзі үйді жылытып, от жағып, сырттан су әкеліп, енеме білдіртпей мен істейтін тірлікті өзі жайғап тастаушы еді, жарықтық. Қазір, ол кісі кеткен соң, жан дүнием қаңырап қалғандай.
Әлі есімде, түс мезгілінде үйдегілердің бәрі ұйықтап жатқанда атам мені жанына отырғызып, шүйіркелесіп сыр шертістік. Сонда мен ол кісіге: «Сізді әке деп атасам болады ма?»-деп сұрадым. «Қарағым, онсыз да әкеңмін ғой» деп, ол менің маңдайымнан сүйді. Сонда қанша жылғы әкеге деген сағынышым ыстық өксікпен сыртқа шыққан еді.
Қазір де ол кісі мені аспаннан бақылап жүргендей сезіледі. Немерелеріне әркез: «Сендердің аталарың жақсы адам болған» деп өз көрген-білгендерімді айтып, аталары туралы жақсы естелік қалдыруға тырысып жүремін. Шіркін, аталардың бәрі менің атамдай қамқор болсын, бар болса!
Нәзира.