Қақпанға түсіп қалмаңыз!

Жол жағалап жүрген әрбір жанның жанары аялдамаларда, көп қабатты үй есіктерінің сыртындағы «Вам еще 25 лет?», «Работа пенсионерам», «Студенттерге арналған жұмыс», «Доход до
120000 тг» т.б. деген мәтіндегі жарнама жазбаларға көзі түсері анық. Мұндай жұмыстардың барлығы «желілік маркетинг» деп аталады.
Жарнамасы жарқырап тұрған жұмыстарға қызығып хабарлассаң, олар бұл жұмыстың оқуыңа, кә­сібіңе ешқандай зияны жоқ еке­нінен әңгімесін бастайды. Яғни, бос уақытыңда айналыса беруіңе болады. Тек біраз ақша салуың керек. Сосын компания өнімдерін сатып, артыңнан туысқандарың, достарыңның бәрін жинап, көл-көсір ақшаға кенелесің. Ол ол ма, көлік, пәтер, шетелге жолдама береді-міс. Тап бір қолдарына сиқырлы таяқша алып, өміріңді ертегідей етіп өзгертетіндіктерін айтады.
Осы сипаттағы жарнамалар «Инстаграм» желісінде жетіп артылады. Хабарласа қалсаңыз бітті, күн құрғатпай хал-жағдайыңызды біліп, қандай шешімге келгеніңізді сұрап әлек. Бірінен бас тартсаңыз, екіншісі нөміріңізді алып, хабарласа кетеді. Әрине, олардың жұмысы да сол – адам шақыру арқылы ақы алады.
Желілік маркетингте жұмыс жасайтындардың қатарында «Ори-ф­лейм», «Фаберлик», «Эм­вей», «Эйвон», «Мэри кэй», «НЛ» секілді косметикадан бастап, тұрмыстық химияға дейінгі түрлі өнімдерді ұсынатын компаниялар бар. Мил­лиондаған ақшаны, керемет өмір­ді айтып ауыздың суын ағы­зады. Байлықтың ауылы қол созым жерде екенін сізге сызып тұрып көрсете алады. Мұнда да пирамидалық құрылым бар, яғни адамдар арты-артынан тіркеле береді. Мұнда да белгілі бір соманы саласыз, есесіне салған ақшаңыздың орнына компания сізге өз тауарларын береді, яғни сатып аласыз деген сөз.
Көп жағдайда адамдар жоға­рыда атап өткен маркетингтердің маңайындағы нәрселерге сенімсіз көзқараспен қарап жатады. Сон­дай-ақ «Аузы күйген үрлеп іше­дінің» кебін кигендер де жетерлік. Сондықтан бақыттан бас айнал­дырар әңгімелерді естіп алып, бұйдасын ұстатқан бұзау се­кілденбеген дұрыс. Қандай да бір компанияға тіркелмес бұрын оның нақты қандай компания екенін толығырақ біліп, ара жігін ажыратып барып тіркелген дұрыс.
«Бәлен жерде алтын бар, бар­саң бақыр да жоқ» демекші, бүгінде желілік маркетингтен жұмыс із­деп, жапа шеккендердің қарасы көбеюде. Сол жандардың бірі шымкенттік Мадина өзінің алданып сан соғып қалғанын айтады. Желілік маркетингке қомақты ақ­ша салу үшін банктен қарыз алған. Күндер өтіп жатты, апта сайын табасың деген ақшалардың жалған екенін білген. Уәде еткен ақшаны ала алмайтынын түсінген соң, ол компаниядан кеткендігін айтады. Әлі күнге дейін банктегі қарызын өтеп, қиналып жүргендігін де жеткізді.
Білесіз бе, осы секілді алаяқ­тар­дың құрбанына айналып, ажы­ра­сып кеткендер де аз емес. Өзі­­не қол жұмсамақ болғандар да бар. Бейресми мәліметтерге сүйе­нер болсақ, Тәжікстан, Әзір­байжан мемлекеттерінде желілік маркетингпен айналысуға заңды түрде тыйым салып, тіпті, кейбір ел­дерде ислам ғұламалары «QuestNet» маркетингін харам деп та­ныған. Ал біздің елде бұл жаппай белең алуда. Қаншама адамның аузы күйсе де, басқалары одан сабақ алуға асығар емес. Не десек те, адал еңбектің наны қашанда тәтті болатынын ұмытпайық. Тоқ-сан ауыз сөздің тобықтай түйіні – тәуекелге бел буып, желді күні қа­йыққа отырмағаныңыз жөн бо­лар. Ал қандай да бір қайыққа отыра қалсаңыз, толқынның ке­лер тұсын бағамдап барып жай­ғасқаныңыз дұрыс болар дегім келеді.

М.Тағай.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.