Қала әкімі жалынды жастармен кездесті
Таяуда үшінші мегаполис әкімі Е.Айтаханов қала жастарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. «Жастар ресурстық орталығында» өткен еркін форматтағы жүздесуге студенттер, мектеп оқушылары мен жас отбасылар қатысып, түрлі өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе, жолаушылар көлігінің жетіспеушілігі, шалғай мөлтек аудандардан қаланың орталығына қатынаудың қиындығын жеткізген жастардың орынды өтінішін ескерген қала әкімі тиісті басқармаларға мәселені оңынан шешуді тапсыратындығын айтты. Сондай-ақ Шымкент жастары қолжетімді баспана мәселелерін де қарастыруды сұранды.
Қала жастарын баспанамен қамтамасыз ету үшін 2019-2021 жылдары аралығында жылына 1 мың жалдамалы пәтер салу жоспарда екенін айтып, жастарды бір серпілтіп тастаған қала әкімі пәтер беру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.
Баршамызға белгілі, 2020 жыл “Еріктілер жылы” деп жарияланған болатын. Осыған орай қала басшылығы тарапынан волонтерлікті дамыту мақсатында еріктелерге жан-жақты қолдау көрсетілетіндігі айтылды. Сұрақ-жауап барысында Ерлан Қуанышұлы өзінің студенттік шағын еске алып, өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
«Өз-өзіңді дамытуды, алған біліміңді жетілдіруді үнемі жалғастырып отыру керек, сонда ғана көздеген мақсатыңа жетесің» — деді Е.Айтаханов. Екі сағатқа жалғасқан кездесуде жастар сан түрлі бағытта сауалдарын жолдап, нақты жауаптар алды. Сондай-ақ, қала әкімі еркін форматта жастармен жиі жүздесуге дайын екендігін айтып, көтерілген тақырыптар аясында жұмыс істелетіндігін жеткізді. Осы қала әкімімен өткен кездесуге жалпы саны 600-ден астам түрлі саладағы жастар қатысты.