ҚАЛТА ҚАМЫ БАСЫМ ТҮСКЕН ЖЕРДЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨРЛЕУ БОЛМАЙДЫ

ҚҰМАН ТАСТАНБЕКОВ

Коммерция дегеніміз – капитализмнің ұлттық өнерге өгейлеу нұсқасы. Кезінде біз түскен талай фильмдердің көрерменге жетпей, сөреде шаң басып жатқаны да содан. Сондай мұрағат дүниелерді көрсететін арнайы телеканал ашылады деген әңгіме шығып еді, бірақ әлі сөз күйінде қалуда. Сол коммерцияның салдарынан тележәшікті түрік пен кәрістің сериалдары жаулап алды. Кинотеатр атаулы жекешелендіру кезінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Мемлекет оларды қайтарып алмайынша, төл өнердің жағдайы оңалмайды. Олардың қожайындары кассасын толтыру мақсатында кез келген елдің киносын көрсетеді. Ұлттық мәдениетпен санасып отырған ешқайсысын көрмедім.

Бүгінгі жастар батыстық кинолардан шаршаса керек, қазір қа­зақ киносын көруге құмартып келеді. Өз басым голливудтық фильмдерді маман ретінде жаман дей алмаймын. Мәселе – олардың бізге не берерінде. Ал біздің жастарға басқа емес, ұлттық дүние қажет.

 *   *   * 

Кезінде «Ауыл жылы» деген арнайы жоба қолға алынды ғой. Мәдениет үйлерін салып, кітапханаларды жаңарту мақсатында арнайы қаржы да бөлінді. Бірақ солардың жемісі қайда? Тіпті өзімнің туған жерім – Талдықорғанның Сарқант, Алакөл, Үйгентас сияқты толып жатқан елді мекендеріндегі мәдениет үйлері қирап жатыр. Жастар баратын жер болмағандықтан, еріксіз қаңғырып көшеде жүр. Көбісі ішіп кеткен. Кезінде Серік Үмбетов әкім болып тұрған шақта, алдына талай барып, ауылдардағы клубтарды жөндеп беруін өтіндім. Барып кездесулер өткізсек деп едім, халық өнердің бетін көрмей, өнерге сусап жүр ғой. «Жарайды, жоспарға енгіземіз», -деді. Бірақ нәтижесі нөл болды. Тек Ақтөбе, Қызылорда, Орал өңірлеріндегі мәдениет орталықтары жанданып келеді. Ал қалған облыстың әкімдері не қарап отырғанын білмеймін. Семейдің Аякөз, Шұбартау сияқты кезінде дүркіреп тұрған аудандары ел тұрмаған, халық жайламаған сияқты жабырқаңқы тұр. Жолдары да жөндеу көрмеген ойдым-ойдым. Осыдан кейін ауылдың ахуалы өздігінен белгілі болмай ма?

 *   *   * 

Бұрынғының жастары үлкен кісінің алдынан кесе-көлденең өтпейтін. Көрген жерінде құрақ ұшып амандасатын. Мұғалім дегенді құдайындай сыйлайтын еді. Ал қазіргілер ұстаз атаулының алдында шімірікпестен шылым шегіп тұра береді. Не ұлы, не қызы именбейді. «Ақыр заман белгісі: ұл сыйламас атасын, арамсідік болған соң, атасы бермес батасын» деуші еді. Сол заман тап келді ме деймін. Мына жоғары оқу орындарының қаржы бөлімінде оқитындар сабаққа да бармайтын көрінеді. Ақысын төлеп қойған соң, оларды оқудан шығаруға да болмайды екен. Бізде білім беру жүйесі де дұрыс қалыптаспаған. Әр саланың басында өз жұмысына салғырт қарайтын бюрократтар отыр.

Дәрігер атаулы науқастың қалын сұрағаннан бұрын, алдымен қағазын толтырып әлек болады. Тазаланбағанына қанша күн болған Алматыдағы қардың қалыңдығына қарап, біздегі атқарылуға тиіс дүниелердің шаш етектен екенін аңғаруға болады…

Бүгінде жастар шенеунік болуға ұмтылады. Өйткені қомақты жалақымен қоса, көлденең жатқан бірдеңені қымқырып қалсақ дейді. Халықтың сыбағасын жегендер қоғамда осындай оғаш түсінік қалыптастырды. Мемлекеттік қызмет орындарын сондай «ұрлықшы­лардан» тазарту керек. Бұған ру мен жүзге бөліну сияқты жікшілдік те себеп болып отыр. Бәріміз – бір қазақпыз. Айналасына өз туысқандарын жинап алу дегенді тамырымен жою қажет.

 *   *   * 

Біздің ауылда бірнеше ұлттың өкілі тұрды. Украины бар, орысы мен татары, өзбегі де бар – бәріміз тату-тәтті өмір сүрдік. Тойымыз да, қайғы-мұңымыз да ортақ болды. Көрші-қолаң асарлатып, айналасы төрт-бес күннің ішінде бір үй тұрғызатын. Қазіргілер асардың не екенін білмейтін де шығар. Көмектеспек түгілі, көршісін танымайтындар бар. Ал аядай ауылда ашықса да, тарықса да, адамгершіліктен аспаған, көтеріңкі көңіл-күймен жүрген адамдарды көрдім. Ауылымыздан ән мен күй үзілмейтін. Өнерге жақын болуымның сыры – сол.

Ол кезде туған жеріңді, руыңды ешкім сұрай бермейтін. Қазақпыз дедік те, жүре бердік. Бүгінгідей рушылдық, жершілдік деген болған жоқ. Қазір жақындап кетсең, елдің бәрі: «Аға, қай рудансыз?» -деп сұрайды. «Қазақпын, басқасын біліп қайтесің?» -деймін. Сонда да қазбалағыш. Шыққан жерімді, жеті атамды білемін. Бірақ оны өзгенің біліп керегі не? Белгілі адамдардың ата тегін, руын біліп алып, өзіне бұра тартқанға мәз. «Руға бөлінгеннің рухы сынсын, жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» демей ме қазақ? Рушылдық түбімізге жете ме деп қорқамын. Қазаққа көз алартқандар осы мінімізді өзімізге қарсы пайдаланбасына кім кепіл? Бірді айтып, екіге кетті деп сөкпеңіз. Ащы шындық – осы.

 *   *   * 

Кітапты кино көріп отырғандай құмартып оқыдық. Қазір кітапханаға бара жатқан баланы көрмейсің, мектеп міндеттейтін пәндердің оқулығынан басқа кітап алмайды қолдарына. Өткен жылдың соңында журналистермен кездесуінде осы мәселені Елбасымыз да қозғады. «Айфон, айпадтармен кітап оқығандарды түбінде қағаз кітап оқығандар басқарады» деген жоқ па еді? Кітап оқығысы келмесе, тым болмаса, театрға келсін.

«Келинка Сабинка» деген «керемет» фильм шықты деп естідім. Жастар жаппай кинотеатрға ағылып, киноның кассалық түсімі жоғары болған көрінеді. Келіннің рөлін еркек ойнайды дей ме? Өз басым көрген жоқпын, көргім де келмейді. Жас режиссерлердің бәрі комедияшыл болып алды. Көрерменді арзан, арсыз күлкімен алдаусыратып жүр. Бір нәрсе анық: қалта қамы басым түскен жерде шығармашылық өрлеу болмайды.

 *   *   * 

Расында да, қоғам қатыгезденіп барады. Теледидарды қоссаң да, радионың құлағын бұрасаң да, газет-журналды парақтасаң да – ата-анасынан жеріген балалар. Әке-шешесінің үйіне таласып, қырық пышақ болып жатқандарға да таңғалмайтын болдық. Бұл – рухани азғындаған қоғамның көрінісі. Бір кездері құлаққа түрпідей тиетін жеңіл жүрісті қыздардың жайы да қазір ешкімді мазаламайды. Қалыпты құбылыс сияқты қабылданатын болған. Етіміз үйреніп кеткен-ау шамасы. Қазақтың ардақты ұлдарының атын иемденген көшелерден арсыз қыздар әлі де аласталған жоқ. Қазақ қызы ұяттан неге безінді? Біреу-міреу себебіне үңіліп көрді ме? Ұстап алып, айыппұл салғаннан, темір торға тоғытқаннан сол қыздардың тәртібі түзеліп кететін болса, осы уақытқа дейін бір нәтиже шығар еді ғой.

Базарға жиі барып тұрамын. Арба сүйреген, жүк тасығанның бәрі – қазақтың баласы. Жерге таласып, баспанасын даулап жүрген де – қазақтар. Ұлан-ғайыр даладан он сотық телім ала алмай жылап жүр. Өз жерінде тұрып ұлтарақтай жерге зар болған кімді көрдіңіз? Әкімдердің есебін тыңдасаң, бәрі жақсы, шешілмеген түйін жоқ. Қағаздары қанттай. Ал іс жүзінде басқаша. Білім саласы, әлеуметтік қамсыздандыру саласы да жүйеленбеген.

Мектепте болған келеңсіз оқиғаның бәрін ұялы телефонға түсіріп алады да, көптің «көзайымына» айналдырып жібереді. Бұл қайдан шыққан әдет? Шортанбай жырау: «Кейін келер заманда ұл сыйламас атасын, атасы бермес батасын», -деп жырлаған екен. Сол заман тап келді ме деймін.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.