Қалжа туралы не бiлемiз?
Қалжа – келінге арнап байланған қой. Баланы дүниеге әкелген ана өмірінде оның мәні зор. Қазақта босанған әйелге арнайы сойылған қойдың еті біткенше келінді жеке қалжалаған. «Жас босанған әйелдің тісі әлсіз болады, түсіп қалуы мүмкін» деп суық ас жегізбеген.
Шаңыраққа шырылдап нәресте келген кезде сол үйдің тума-туыстары, таныстары жиналып, кішігірім той өткізген. Жас босанған ана мен бала үшін қой сойылады. Босанған анаға осы жас еттің сорпасын ішкізіп, етін жегізіп, жоғалтқан күш-қуатын қайта жинайды. Енелер келініне қойдың етін ұсақтап турап, жас сорпамен терлеткен. Жақсы қалжалаған келіннің сүйектері қақсамай, тістері түспей, буындары жақсы бекіп, алты күннің ішінде үй тіршілігіне араласып кеткен.
Қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын бірінші күні келіннің өзіне тісін тигізбей, қолымен мүжіткен. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, баланың мойны қатқанша керегенің басына ілген. Бұл баланың мойны тез қатайсын деген ырым.
Қалжаланған, күтімі жақсы әйелдің сүті де тойымды, әрі жеткілікті болады. Тоқ бала балпиып, тойған қозыдай жақсы ұйықтайды. Анасының ұйқысы да жақсарады. Халық ондайды “індіні жарыған” дейді. Індіні жарыған бала тоқмейіл, кеңпейіл болып, өмірде тапшылық көрмейді, сөз таластырмай, санаспай, өскенде жанындағыларды жақсылығымен тартады.
Келінге қалжа жегізу – қазақтың өте бір қасиетті ырымы. Бұрынырақта кедейдің кедейі әйеліне қалжа жегізген. Тіпті бұған өзінің шамасы келмеген күнде ауқатты адамдар қалжасын әкеліп берген. Өйткені, қалжа әкеліп беру де сауабы үлкен іс болып саналған.
Қалжаны кей өңірлерде қыздың төркіні де әкеліп жатады, бірақ қалжа, негізінен, келіншектің күйеуінің мойнындағы міндет-парызы болып есептеледі.
Elana kz.