КӘСІПКЕРЛІКПЕН КӨРКЕЙГЕН ҚЫЗЫРХАН

“Жұмысы жемістінің – өмірі келісті” дейді дана халқымыз. Бәзбірде біздің сынға толы сынақ-ғұмырда табысты ісімен талай белеске шығып, жас та болса өз биігінен көрінген жанымызда жүрген жақсы адамдарды бағамдай бермейтініміз бар. Солардың бірі – арғы беттен атажұртқа білім қуып ат басын бұрған, туған өлкеде өз кәсібін ашып, қашанда қандас бауырларына қамқор болудан танбаған Қызырхан Темірханұлы.

Қаршадайынан қарапайым отбасында қазақы тәрбие алып өскен Қызырхан бауырымыз ҚХР, Бұратала қаласы, Тақия қалашығының тумасы. Бала шақта өскен өңірінде алдымен бастауыш және орта сыныптарды, кейіннен мектепті ойдағыдай аяқтаған жас талап жарқын болашағын байтақ Отанымен байланыстырмаққа нық бекініп, көшінің басын Қазақ еліне қарай бұрыпты.

Осылайша 2008 жылы туған топыраққа табан тіреген Темірханның текті ұлы 2008-2013 жылдары қазыналы Оңтүстіктегі, шырайлы Шымкенттегі қазақ жоғары білімінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің шетелдегі қандастарға арналған дайындық орталығында білімін ұштап, грант иегері атанады да, осы білім ордасынан құрылысшы мамандығын алып шығады.

“Жақсы жұбай – жарым бақыт” дегендей, өмірлік серігі Әлигүлмен де осы білім ордасында танысыпты. Көпірме сөзді көңілі қаламайтын, бос әңгімеден әрдайым бойын аулақ сала жүретін сабырлы да сырбаз Қызырхан бауыр жанұясы жайлы жар сала айтуға құмбыл емес. Тек жайымен жымиып: “… Келініңізбен университетте табысқанбыз. Ол бір жадымыздан шықпайтын жақсы күндер еді ғой. Жиырманың жалыны қызған студенттік өмірдің қайталанбас қызықты сәттерін қалай ұмытасыз? Айтпақшы, аға, біздің танысуымыздың өзі қызық. Алғаш көргенде бір-бірімізді аса жақтыра қоймағанбыз. Жұбайым менен 3 жасқа кіші. Келе-келе етене араласып, бір-бірімізді жақын танып, ойымыз, көзқарасымыз бір жерден шығып, оқу бітірген жылы отау құрдық. Бір қараған жанға мінезі тіктеу болып көрінгенімен, еркелігі басым. Қос қарлығашым – Алина мен Альбинам да қосағыма тартқан-ау деймін, тым ерке. “Қыз баласы әкесіне жақын” деген рас екен, екеуі де ес білгелі жанымнан қалмайды. Осылайша біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік кешіп жатқан жайымыз бар”, -дейді де қояды.

Кәсібінен несібін тауып, отызды орталаған Қызырханның басынан да кезінде қиын-қыстау күндер өткен. Оқуын бітіріп, еңбекке араласқан жылдары қытайша жетік білетін қағілез жігіт мұнай зауытында аудармашы болып, жарытымсыз жалақыға да жан бағыпты. Баспанасы болмаса да, бала арманы жетелеп келген туған елден жырақ кетуді жөн көрмей, жалдамалы пәтерде күн кешсе де жігері мұқалмай, айлықпен күнелткен жанның көшінің түзелмейтінін түйсініп, тәуекелге басып, жеке кәсіппен айналысуды жөн көріпті. Ол 2014 жылдардың бедері болса керек. Шымқаланың шулы “Еуразия” базарында сөмке мен шабадан сатып, саудамен санатқа қосылсам деген арманы да алғашында айтарлықтай жеміс бермепті. Тіпті диван істеп дегеніне жете алмай, телефон бөлшектерін, ақыры соңында ойыншық та сатып, ойдағыдай табысқа кенелмесе де, алған бетінен қайтпай, кәсіпкерліктің қыр-сырын тануға талпына түседі.

Осылайша 2013-2014 жылдары шағын кәсібін бастаған кәсіпкер Қызырхан су жылытатын кран сатуды қолға алады. Ол кезеңде Қазақстанда мұндай кран тапшы, тіпті жоқ болатын. Бар-жоғы 125 мың теңгемен Қытайдан 4-5 қорап тауар алдырып, тәуекелмен базарға шығады. Әдепкіде таңсық дүниені талап алушы да табыла қоймайды. Сонда да сағы сынбай, тауарының сағатына 3 квт қана ток жұмсап, суық суды әп-сәтте ыстық суға айналдыратынын жаңаға жатсына қараған жұртқа жалықпай түсіндіреді. Кейбіреуі “Пәлесінен аулақ, керегі жоқ, тоққа түсіп, жазым болармыз” деп теріс айналса, “Тастап кет, өтіп жатса көрерміз” деп жақауратқандар да болыпты. Әйтсе де теңіздің тамшыдан жиналатынын, табыстың тиыннан құралатынын түйсінген Қызырхан қызу тірлікке бет бұрып, тәубе, бүгінде сол тауарын  контейнермен жеткізіп, жұрт кәдесіне жарайтын күнге де жетті. Қалай дегенде де қазір тек су жылытатын кран ғана емес, өзге де құралдармен қазақ жұртын қамтамасыз етіп отырған Қызырханның “ТЕММАХ” фирмасы елге танылып та қалды.

Айтпақшы, кәсіпкердің әкесі Дәулеткелдіұлы Темірхан дәулеті тасыған жан болмаса да, өзіне сай  шаруасы бар қарапайым қазақ. Ал анасы Зәбідінқызы Рабиға үй шаруасындағы көп қазақ әйелінің бірі болса да, перзенттеріне оң тәрбие бергенге ұқсайды. Шынтуайтында тәриенің дені тектен тарайтыны да белгілі. Бұл турасында ағасы Кәдірханның да айтары бар екен.

“Ата тегіміз жайлы айтар болсақ, найманның ішінде Едіге, Есенгелдіден тараған ұрпақпыз. Есенгелді өз заманында ата жауынан ақырып теңдік сұраған айтулы батырдың бірі болыпты. Бабамыз  кезінде  қаймықпай Шың патшалығына да  барып, Іленің алабын жайлауды талап етіп, дегеніне жетіп, асыл таспен көмкерілген таңбаны алып қайтыпты. Арғыны қойып, бергіге келсек, әкеміздің әкесі ағаштан түйін түйген ісмер, ұста кісі болған деседі көзін көргендер. Жалпы бір әкеден 4 перзентпіз: екі ұл, екі қыз.

Шешеміз қолбасы Қоңырбай батырдың тұқымы. Ал Қоңырбайдан шыққан Шөребектің Тақиядағы қазақ мектебінің іргетасын қалағанын бұл төңіректің жұрты тегіс біледі. Әкеміз де өнерден құралақан жан емес, өлеңші, жиын-тойда ән салатын көпшіл кісі”,- деп  ағынан ақтарылыпты ол кісі. Кісілігінен кішілігі басым, ағалардың алдын көрген Қызырхан да іні біткенге ілтипаты бөлек, елге шарапаты, атажұртқа оқу іздеп келген талай бауырына шапағаты тиіп жүрген жомарт жүректі азамат. Біз де Есенгелдіден тараған есті кәсіпкердің талай белесті бағындырып, тәуелсіз елге қалтқысыз қызмет ете беретініне еш шүбә келтірмейміз. Лайым солай болғай!

Асан Үсіпов.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.