Қазақ елі

Қазақ елі – көне ұғым, кең таралған үйреншікті ұстаным болса да, жаңа идея және дүниетанымдық жаңаша бағыт-бағдар. Өз дәстүрлерін сақтаған қазақи қауымдасудың немесе ел-жұрттың (көшпелі, жартылай көшпелі) құндылықтары деп нені айтамыз? Олардың:

1.Дүниеге келген адам – тарих көшінің жолаушысы, халықтың титтей бір бөлшегі деген түсінігін;

2.Жаратушы бір Аллаға (Тәңір, Құдай) иман келтіру – парыз деген салтын;

3.Туған жер, туған елдің қасиетін, кіндік кескен жұрттың аманатын өз тағдырымен өмір бақи алып жүретінін білдіреді (Ә. Сейілханұлы). Қазақылық идеясы үш бастаудан — халқымыздың өмір салты мен өнерін тиянақты игеруден, оның әлеуметтік әл-ауқатын жүйелі бағалаудан, ұлттық рух пен дәстүрдің нұсқаларын тұрақты қалыптастырудан қуат алды.

Ордалы қауымдастықта дархан жүректі, терең ойлы, жаны жайсаң азаматтарды тәрбиелеп шығару қастерлі ұғымға, өнегелі салтқа айналды. Өнегелі салтта сенімге деген рухани қажырлық,  жүрек пен рухты емдемек, өз еркін дұрыс қолданбақ талпыныс арнасын тапты.

Этностық және басқа да артықшылыққа жол бермеудің негізгі үш себебі айқын. Олар — азаматтардың имандылық жолы мен заң алдында тең болуы, тәпсір мен құқық ережелерін бірдей орындауы және туған жер аясында өз еркіндігін имандылық пен заң аясында орнықтыру.

Қазақ болмысының өрісі – тіл, діл, діннің әлеуметтік қызметі мен ықпалында, оның өлшемі – тұлғалық, ұрпақтық және халықтық іс-әрекеттердің серпілісінде тиянақталынды. Болашақта қазақ елі мeмлeкeттiк тiл, ұлттық дiл, ұлттық мeмлeкeт, дәcтүрлi дiн аясында топтасатын басты саяси-әлеуметтік күштің, мәдени өлшемнің және қоғамдық қолдаудың бастауы  болмақ.

Ойымызды Абай сөзімен уәжделік: «Білсем деп талпынған, қуатына құлшынған тілін жаттықтырады, дінін тазартады, ойланып, үйреніп әлек болады» (16 сөз).

Халқымыз адамдықты арқа тұтқанды, тұлғалықты әлпештегенді, туған жері мен өсірген әлеуметіне адал қызмет етуге бейім, дайын тұрғандарды ел азаматы деп жатты. Ел-жұртында есін жинаған, естілерін қимаған тұлғалар – елден тұрағын тапты, ел әлеуетін арттырды. Қазақ елінің әлеуеті дегенде, алдымен ондағы оң бастауды:

  • әлеуметтік бітімін, бостандығын, белсенділігін өзара ұштастыруды;
  • өмір сүру тәсілдерін бірлесе реттеуді, өзара байланыстыруды;
  • ұлттық- әлеуметтік салтқа және мәдени-этникалық дәстүрге көшуді;
  • парасатты мінез-құлық үлгісін басшылыққа алуды;
  • елге тиімді, тартымды модельдерді іздестіру, салыстыруды айтамыз.

Өркениеттің өресі – бірлікте, бітімде, ел-жұрттың бір-бірімен үндестігінде, тарихи оқиғаға толы өлкені кие тұтуында.  Қазақ жерінде «әулиеата», «әулиебұлақ» атанған мекендердің көп болуы да содан дерлік. «Әулиеге» бас иіп, тәу ету — өткенді құрметтеу, рухымызды көтеру, белесті бағытымызда бас қосу.

Қазақы тәрбиенің құдіреті – өз отбасын, өз әлеуметтік-мәдени ортасын және Отанын қорғайтын ұлағаттылықта, елдік руханияттың үндестігінде. Халықтық тәрбиенің қуаты – туған жері мен елін қастерлейтін тұлғалық қасиетте, кісілікті құрметтейтін әлеуетті қабілетте, адамдықты дәріптейтін ұлттық дәстүр-салтта. Тәрбиенің киелілігі – ұлттығымызды ұлықтайтын, ұрпағымызды жақсы жағына қарай сұрыптайтын, өзімізді ой баққан ұрпақ, әдептілікті тоқыған ұлт ретінде көрсететін нақты іс-әрекетте, өнер-білімде өзгелердің бізден үйренетін үлгілерді уәждей білуде. Елдіктің рухани қуаты – кісілік қасиеттерді сақтайтын, өзімізге деген сенімді әлдендіретін, өзара түсіністікті жандандыратын ұлттық тәлімде.

Бір тағдыр, бір халық болған ортада арман ақиқатқа айналмақ. Тарихтың, мәдениеттің, тілдің ортақтығы жоғары руханиятты, зайырлы мемлекет құруға жол ашпақ.

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша  «МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.