Қазақ қызы, ұялтпашы біздерді…
Қолымыз бір сәт босай қалса, бүгінгінің бас құралы болған ұялы телефонды ұстай қалып, әлеуметтік желіні ақтара отыратынымыз жасырын емес. Тіпті әлеуметтік желіде отырмайтын жан бүгінде кемде-кем. Ал сол әлеуметтік желілерде өзінің жүгенсіз іс-әрекеті мен ұятсыз бейнелерімен желі шулатып жүргендер де аз емес. Оларды көріп те, естіп те жүрміз. Әсіресе, қазақ қызының жалаңаштанған жиіркенішті сұлбасын көріп жағамызды ұстай жөнелдік…
Қазақ қызы! Қандай керемет сөз десеңізші! Жайшылықта жау келе қалса, ерімен тізе қосып қасқая қарсы тұрған қазақ қызы! Жиреншеге серік болған Қарашаш пен желтоқсанда ұлтым деп ұрандаған Ләззат қазақ қызы! Кешегінің осы бір аруларының алтын тізбегінің соңы кімдермен аяқталмақ? Олар кімге айналмақ? Жақында көзбен көрген бір жайт көңілге үлкен қаяу салды. Намыс келтірді. Қарасаң көз тоймайтын Байзақова Айжан есімді қазақ қызының әлеуметтік парақшасындағы жалаңаштанған суреттері мен іс- әрекеттерін көргенде қараған көз ұялып, жанарыңды қайда әкетеріңді білмей қаласың. Клуб жағалаған бейнесі мен жалаңаштанып әрлі-берлі жүрген жүрісіне сөз жоқ! Ұят-ай! Парақшасына 363000 жазылушысы бар бұл ел алдында жүретін актриса бүгінде әлеуметтік желінің ханшайымына айналған. Себебі, жалаңаштанған бейнелерін көрген албырт аңғал жастарымыздың бірі бұл қыздың дене бітіміне қызығып қарап жатса, енді бірі осы қыз секілді болуды армандайды екен. Ия, расында да, жастарымыз ел алдында жүрген жандарға еліктейтіні рас. Бірақ, жұртқа әйгілі жандарымыз осылай жүргенде ертеңгі жастарымыз қандай сорақылыққа баратынын елестеткім де келмейді. Аузында бұрқыраған түтінге оранған темекісі бар, үстіне жарытып жөні түзу шүберек іле алмаған бұл қазақ қызы жастарды теріс жолға түсірмесіне кім кепіл? Өйткені, 15-16 жастағы жасөспірім қыздар Айжанның ұятсыз суреттеріне жақсы пікір қалдырып: «Керемет, мен де сіздей болуды армандаймын!» деп қалауларын білдіруде. Әуелден «қызды қырық үйден тыйым» деп аялап өсірген қыздарымыз ұятты жерлерін жарияға жар салып көрсетуі, одан қалса ұялмастан қыз балаларға қалай дене мүсінін сұлу етуге болатынын кеңес беріп отырғаны кімді болмасын бей-жай қалдырмасы анық. Білмеймін, мұншалықты жалаңаштанған бейнелерді көріп, еліктеген қыз балаларымыз ертеңгі күні Айжандардың санын көбейте ме деп қорқамын.
«Елді соғыссыз жаулап алғың келсе, алдымен қыз-келіншек, әйелдерін бұз! Егер әйелдерін, қыздарын бұзсаң, қоғам бұзылады, елінің тыныштығы бұзылады» деген осы бір сөз үлкен ой салады. Өйткені, еліміздің ертеңі үшін бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеген қыз бала, ананың орны ерекше. Қазақ қызы, қайда барасың? Осы бір қасиетті сөз қазақ қызының қадірін кетірмеші. Кешегі Аналарды аңсатуға біздің қақымыз жоқ.
Ұлжалғас Өскен