Қазақта Баяннан басқа «проблема» жоқ па?

Баян үлбіреп тұрған шағында киноға түсіп, қалың көптің көзайымына айналды. Өнерді сүйген, өнерге құрметі ерекше Баянның осы саладағы беталысы оның ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен ұштасып, бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Әсіресе, талапты жас әншілерді танытудағы еңбегі ерекше айтылып, қазақ өнерін дамытудың шынайы «жанашыры» табылғандай аспандатуға да шықтық.

Жұртшылық Баянның қазақтың ұлттық өнерінің кәусарын көрету түгілі, қазақтың ұлттық өнерінің бай қазынасын танып-білуге ниеттенбегеніне дейін де көріп, біліп отырды.Сондықтан болса керек, қалың қазақтың Баян деп  елжірей қоймайтындығы да. Дегенмен, Батыс өркениетінің атын жамылып, елімізге дендеп енген «азғындық әлемінің» ағымы жастармызды еліктеуге тартқанда Баян сияқты пақыр ойлы өнер иелерін өнеге ретінде көрсетуге шықты.

Өнерде сырты жылтырап «Баян,Баян» болып жүрген «білгіштің» шынайы бет- бейнесінің «қартасы» отбасындағы дау-жанжалдың елге әйгілі болған  кезінде ашылып қалды. Оның күйеуінің қылмыс істегенін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, қоғам да, өнер иесіне табынушылар да 22 жыл жұбайлық өмірін өткізіп, күміс қасықтай қос перзентті тәрбиелеп өсірген азаматтың ауыр қылмыс әрекетін жасауға дейін неге барғандығына тереңнен үңіліп бағамдай алмаған сияқты.  Ғайыптан майып болып «жұлдызға» бағалағандардың «түшкіргенін» жібермей «сенсация» жасайтындар осы Баянның беті көгеріп, қабағы сырылып қалғанын осы кезге дейін байқамай қалай жүрді екен?

Өз жары түгілі, өзге бөтен жанға пышақ кезену қанына бітпеген қазақтың бір баласы осы жағдайға жетудің сыры неде? Ол жағын ойладық па? «Жаным арымның садағасы» дейтін қазақтың баласы намысын қорлатпауда басын бәйгеге тігуден тартынбағаны рас.Олардың екінші қызының шырылдап әке жағына шығуының астарында не барына үңілдік пе? Мейлі, болар іс болыпты.

Айтпағымыз, Баянның қазіргі көңіл-күйі, «бес тиын» болған беделі туралы емес. Бүкіл елді тіксіндерген тірлік аз болғандай,ол  енді, кітап жазып, ондағы жазғандарымен бүгінгі не істерін білмей жүрген жастарымызды одан әрі «далбасалатып» қоймақшы  ма? БАҚ бетіндегі пікірлерге қарағанда, оның кітабы Баянның «сүттен ақ,судан таза» екендігі мен күйеуін «жексұрын» етіп көрсетудің жыры сияқты. Одан қазақтың қыздары не үлгі-өнеге алады? Әлде, оның «үлкен қызымның шүршітке, кәпірге, дінсізге күйеюге тие беруіне қарсы емеспін» дегенін ұлт жастарына үлгі-өнеге етеміз бе? Баян шаруасы біткен адам. Не істесе де,өзіне-өзі істеген адам.

Бәрінен де өкініштісі, қарны тоқ,көйлегі көк, қолынан «соткасы» түспейтін өз ұл-қыздарымыздың Баян сияқтыларға табынатындығына ойлы көзбен қарай алмайтындығымыз.

Қыздарымыз Баянның кітабынан нені оқып, нені үйренеді дегенге алаңдайтын ата-ана бар ма, бізде? Кітаптың Алматыдағы сатылуы кезіндегі жиналған оқырманға қарасаңыз жүрегің ауырады. Кітапты алып жатқан тек қазақтың қаркөздері. Кітапты сатып алып келгенде, олардың ата-анасы бір ауыз сөз  айта қояды дейсіз бе? Жоқ. Үйдегі ата-анасының тәрбиесін бойына сіңірген қыз ғой Баянның кітабын әкеп отырған. Дұрыстау тәрбие алған қыз болса, ондайды қолына ұстамас та еді. Қызымыздың тәрбиесін өз қолымызбен Баянның қолына ұстатып отырып, ертеңгі ел анасын өсіріп отырмыз деп айта аламыз ба?

Жүз жерден шашыңды жұлсаң да, еліміздегі жастардың азғындыққа баруы шегінен шығып барады. Соны біле тұра ес жиғымыз келмейді. Көріп-біліп отырып, Баян сияқтылардан өз қыздарын аулақ ұстағысы келмейтін ата-анадан не қайыр, не үміт?

Тіпті, бүкіл еліміздегі  БАҚ-та Баяннан басқа «проблема» қалмағандай ұлардай шуладық емес пе?

Біздің өскелең ұрпақ тәрбиесіне немқұрайлығымыз осыдан-ақ көрінеді ғой. Осыдан кейін қазіргі ата-ананың  ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілігі жоқтығын оның өз ұл-қызына дейін біледі десек қателеспейтін шығармыз. Демек, қасиетті қазақ елінің өскелең ұрпағына бір Құдырет иесі жар болсын дейміз де.

Ә.Мұратбеков

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.