Қазақтың әйелдерi түрменiң төрiне шықты
Ер кісілерді былай қойғанда, ақ жаулықты анадан бастап, көз тартар қыздарымызға дейін түрмеге тоғытылып жататынын көзімен көрген бүгінгі ұрпаққа қазақтың жерінде түрме болмады десек, өзіңді есалаңға есептейтініне шүбәңіз болмасын.
Бүгінде Қазақстандағы әйелдердің 6 түрмесінде 3 мыңнан астам қыз- келіншек қылмыстық жазасын өтеу үшін отыр. Адам айтса сенгісіз сұмдық?! Елінде түрме болмаған, ер азаматы түрмеге түспек түгілі, жұрт алдында айыптау сөзін есітудің өзін өлімге санаған ұлттың енді келіп қыз-келіншегіне дейін сотталып жатса, бұл нағыз ұлт трагедиясы емес пе?
Қазақ әйелдерінің түрмеге түсуі соңғы 40-50 жылда пайда бола бастап, ел Тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдарда бірден бел алып кеткенін өтірік деп айта аламыз ба? Жоқ. Кеңестік кезеңнің өзінде әйелдердің түрмеге түсуі дәл қазіргідей көрсеткішке жетпегені анық. Батыстың сайқал саясатының қатерлі індетіне ұшыраған «демократия» Қазақстанға сор болып жабысты. Халқымыздың рухани азғындыққа ұшырауына есік ашылды. Ұятсыздану, арсыздыққа бару, адами қасиеттен жұрдай болу сорақылықтарының «крышасы да» батыс демократиясы болып тұр. Дала демократиясының қуатымен ел еңсесін биік ұстаған ұлылардың ұрпағы енді бүгінде «бақа, шаяндай» бола бастаса, Жаратушы Иеміздің құлқы-пейілімізге, мысық тілеуімізге бергені емес пе?Адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған, тірліктің тізгінін ұстап, өмір қамқоршысы болған әйелдердің түрмеге түскеніне бүгінде намыстанатын қазақ бар ма, өзі? Әй, қайдам? Ұлттық намысымыз өліп, бейшарадай бүрісіп бара жатқандаймыз бәріміз де.
Небір қиындықтарды басынан өткізгенде қылмысқа бармаған қазақтың қатын-қыздарын не желіктіріп жүр? Адам аштықтан өлетін елде тұрып жатқан жоқпыз. Қайта, тоқтықтан дүние тойымсыздыққа сүйреген құлқы-ниет әйелдерді еріксіз темір тордың артына сүйреуде. Оны намыс көріп жатқан қазақ жоқ. Тіпті сотталған әйелдердің санын азайтсақ деген ниет те, салиқалы сөз де жоқ. Қайта, құқық қорғау органдары билігіндегілер жаңадан әйелдер түрмесін салуды еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселедей ауыз толтырып сөйлеуге шықты. Жарамсақтануда алдына жан салмайтын ел емеспіз бе, Атырау қаласының УГ – 157 / 11 әйелдерді түзету колониясында сұлулық бөлмесін ашып бергенімізді айтып «жыртылуға» шықтық.