ҚАЗАҚТЫҢ САНАСЫН ТОНАУ АСҚЫНЫП БАРАДЫ

РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВ

Билік пен байлық тым асқынып тұр. Мұрындарынан ақ құрт ыршиды. Елдегі кедей-кепшіктің жағдайы күн санап құлдырап барады. Жоғары жақ пен үстем тап өкілдері анда-санда көңіл аулар сөз айтады. Бірақ оны тыңдар құлақ қалмай барады. Ара жік ашылып болды.

*   *   *

Малды алса, мүлікті, ақшаны алса, ештеңе емес. Орны толады. Ең сорақысы – қазақтың санасын тонау асқынып барады.

*   *   *

Кешегі социализм кезінде арманшыл бала едік. Октябрят болдық. Қызыл галстук тағып, пионерге өттік. Одан комсомол… Әрқайсысы оқушылық дәуреннің қызықты бір баспалдағы, болашаққа тартылған алтын-арқау, күміс-жалғау сынды еді. Сол сеніммен өсіп, ержеттік. Өзімізге сай әніміз де, сәніміз де болатын. Күшті идеология мықты ұрпақ тәрбиеледі.

Қазір ше? Соның бірі жоқ. Капитализм жас өркеннің арманын тонап жатыр. Қайткенде де ақша табуға, бай болуға ұмтылдырған арман арман емес!

*   *   *

Ал “Өтірік айтпайсыз ба?” деген әңгімеге келсек, біздің ауылда бір шал айтушы еді: «Өтірікті құлпыртып айтуын айтарсың-ау, тек тыңдаушысы мен қостаушысы келіссе»  деп. Мына заманда өтірік айтпайтындай, менің не жазығым бар? Тіпті сүйсініп айтамын. Өйткені менің алдыма күн сайын сүйретіліп өтірік-әкә келеді. Мал баққан ауылдың баласымыз ғой. Бірден танимын. Арығын, семізін… Оның бәріне бірдей шығындай берсем, жүрегімдегі аз ғана шындығымды өлтіріп алам ғой.

Бір қомағай етке қақалып өліп-тіріліп жатып айтса керек: “Бұл қақалу қақалу ма, қақалу деп Жаңқаладағы қақалуымды айт!” деп. Сол айтқандай, біздің өтірік деген не, тәйірі, самауырынның кернейін, қазанның қақпағын жымқырған ауыл-үйдің ұрысы сияқты ұсақ-түйек бірдеңе. Өтірік деп жоғары жақтағы өтірікті айт, шіркін!

Қазақтың талғам-сыздығынан, шашпалығынан шаршадым. Дені дұрыс сөз айтатын адам жоқ! Әрине, төбелеріне көтеріп, даңқымды асырған бұл қазаққа өкпем жоқ! Бірақ, даңғойлығын, дүмбілездігін көргенде, құлағымды басып, қашып кетсем деймін.

*   *   *

Біздің қазақ байлықтың балалық ауруынан айыға алмай жүр. Бір кішкене пендеуи тірліктен жоғары көтерілуге болмай ма? Кішкене рухани тұрғыдан ойлануға не кедергі?

Жердің көбі сатылып кетті. Моласыз қалармын деп қорықтым. Сөйтіп, Атыраудан жер алдым. Қала сырты. Өзіммен-өзім оңаша. Рақат. Жұртым не тындырып, не бүлдіріп жатыр, бәрін біліп жатамын.

Бірақ мемлекетшіл тұлғаларды қалыптастыра алған жоқпыз. Міне, трагедия! Өйткені биліктің қай бұтағында да сыбайлас жемқорлық отыр. Жершіл, рушыл, ләппайшыл кландар жайлап кеткен. Жігін бұзу еш мүмкін емес.

*   *   *

Лондонда, Дубайда қазақ коттедждерінен тұратын тұтас аудандар бар. Ол кімнің несібесіне келген аста-төк байлық? «Құл қашса, Қоңыраттан шығады» деген, мәселен, қылмысы біліне қалса, құйрықтарын түйіп қашу үшін керек. Қаншасы ел асып, жер асып жоғалды. Ылғи орнын сипатып кетеді. Кешегі аласапыран тоқсаныншы жылдары күн сайын бай өсіп шығып жататын. Қазір алаяқтар қаптап өсіп шығып жатыр. Оларды тергеп, мошқап, тезге салатын заң орындарына да халықтың сенімі жоғалған. Заң жарықтыққа тіл бітсе, ең алдымен сол заң қызметкер­лерінің өзін жазалар еді…

*   *   *

Қазірде жас әнші көп. Өңшең «жұлдыз». Қазақ аспанына қалай сыйып тұр деп таңғаласың. Ал көбінің әнін тыңдасаңыз… Әуені – азғын, сөзі – сорақы. Аяқтары – жерде, демі – көкте. Қолда – микрофон…

Бар кәсіптері – ел-жұрттан ақша жинау. Бизнестің ең оңай жолы осы шығар. “Әлің жетпесе әнмен ойна” деп оларға кім айтты екен?!

*   *   *

Кінәні тұтас жазушыларға арту дұрыс емес шығар, өйткені мемлекетімізде идеология жоқ. Идеология болса, Астананың төрінен асқақтатып Пирамида салып қоймас едік қой. Пирамида – мола емес пе? Молада қалайша келелі мәжілістер өткізіп, бәтуа басын байласамыз? Концерт, спектакль көрсетіп, қалайша сауық-сайран құрамыз?.. Яссауи ілімі, Абай өлеңдері мен қарасөздері идеология болып жарытпайды. Олардың тәрбиелік мәнін басқаша пайдалануымыз керек. Ал идеологияның көмекші құралы болған әдебиет – шын әдебиет емес. Ол өз бетінше дамуы керек.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.