Кемпiр мен шал деп кiмдi айтамыз?

Кемпір

Қазақ  «Кемпір» деп күйеуі қайтыс болған, егде жасқа келген әйелді айтады. Қазақта «пірсіздің пірі – шайтан, әйелдің пірі – күйеуі» деген мақал бар. Кемпір «пірі кем әйел» дегенді білдіреді.

Қазақ – жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған халық. Күйеуі қайтыс болған келіншекті «жесір» деп атаған. Бірақ, күйеуінің бір жылдық асын бергеннен кейін, ел ақсақалдары жиылып, жесірді қайнысына, не қайынағасына атастырған. Ал, егде жастағы әйелдің балалары ер жетіп, қыздары бой жеткен кезде күйеуі қайтыс болса, кемпір деп атаған. Қазақ оларды құрметтеп, сыйлаған. Күйеуі қайтыс болған кемпірлер үй билігін де, түз билігін де өздері алған. Қазір үлкен кісілердің «кемпіріммен ақылдасайын», «біздің үйдің кемпірі шешеді», «кемпір біледі» деп жүрген сөздері содан қалған. Ал, күйеуі тірі әйелді ешкім кемпір демеген. Кейбір әжелеріміз де кемпір деген сөзге ашуланып қалатыны сондықтан. Бірақ, қазір көп сөздің шынайы мағынасы ұмытылды. Қазақ халқында күйеуінен айы­рылысу деген болмаған. «Атың жаман болса, сатып құтыларсың, қатының жаман болса, қайтып құтыласың?» деген сөз содан қалған. Міне, кемпір сөзінің төркінін­ің осындай жосығы бар.

Шал

Қазіргі жастар  «шал», «кемпір» сөзінің  түпкі мағынасын толық білмегесін, үлкендер «ұят болады, қойыңдар» демегесін бір-бірін «кемпір», «шал» деп айтып жүр. Жастар түгілі үлкен астарда «Ата ұлдарына» шапан таратқанда, көп жерлерде «Ана рудың шалынан кім бар?», «Мына рудың шалдарынан кім бар?!» деп айқайлап жатады. Ақсақал деген қастерлі сөз ұмытылып, шал деген сөз басып барады. Қазір, балаларымыз, әке, шеше деген ардақты сөздің орнына «біздің үйдің кемпір, шалы» дейтін болды. Бір- бірінен «Шал қайда?» деп сұраса, «Шал ауылда жоқ» деп жатады. Бұл сөздерге құлағымыз үйреніп барады.

Осыдан 25 жылдай бұрын Оңды ауылында (Маңғыстау облысы) үлкен той болды. Ағаш үйдің іші толған ақсақалдар, қақ төрде Ыбырай нағашым отыр. Ыбекең өте әңгімешіл, шежіреші кісі. Бір кезде қолға су құятын бала келді. Асаба жігіт: «Бірінші суды шалдардан бастап құй», —  деп балаға бұйрық беріп тұрды. Ыбекеңнің төменгі жағында отырған үлкен кісілер «шал» деген сөзге шамданып қалып еді,  асаба жігіт: «Не, сендер шал болмағанда кімсіңдер?» —  деді. Төрде отырған Ыбырай нағашым: «Әй, бала, сөздің мағынасын білмесең айтпа. Менің жасым 85-те, бірақ 80-ге келгенше шал болғаным жоқ, қалай түсінсең солай түсін», — деді. Асаба жігіт ұялып қалды, үлкендер күліп жатыр.

Жақында Шетпедегі өзімнің қатты құрметтейтін, салт-дәстүрді жақсы білетін нағашы ағамнан шал сөзінің анықтамасын сұрадым. Сонда оның маған айтқаны: «Шал күндіз мақтаншақ, кешке жасқаншақ, түнде қызғаншақ болады», — деді. Кейде үлкендер жағы: «Ей, мынау жасына жетпей шал болыпты ғой», — деп жатса, енді бірде, «Әй, оны шал деме, жақында балалы болды ғой», —  деп те жатады. Кейде әйелі қайтыс болған жасы үлкен адамдарға да: «Ол әлі шал емес шығар, төсек жаңғыртса болады ғой» деп жатады. Көбіне үлкен кісілер шал дегенге шамданса, ал қазіргі жас жігіттер «шал» деген сөзге мақтанады. Шал сөзінің түпкі мағынасы – «түнгі төсекке жарамай қалған ер адам» деген сөз.

Қадірлі іні-келіндерім, сіздер аналарыңды, сүйген жарларыңды кемпірге теңемей-ақ, «анашым, шешем, жарым, жұбайым, келіншегім, зайыбым» десең­дер болады. Ал, келіндер, күйеулеріңді «шалым», «біздің шал», «біздің үйдің шалы» дегенше, «күйеуім», «отағасы», «жарым», «балаларымның әкесі» дегендерің жөн. Әрине, мен тіл маманы емеспін, бірақ, бұл – ақсақалдардан естіп, сұрап жасаған тұжырымым. Қате болса, кешірім сұраймын. Бірақ, біз білгенімізді жастарға айтып, жазып отыруымыз қажет.

Жәнібек ҚОЖЫҚ.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.