Киелi жердiң де өз Атымтай жомарты бар
Қазақтың ғана емес, бүкіл түркі әлемінің киелі жеріндей қастерленген Түркістан қаласында ұлттық құндылығымызды көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің дәстүрі сан ғасырлардан бері үзілмей келе жатқанына жуырда ғана тағы бір мәрте көзімізді жеткізген айқын мысалды көргенде қолға еріксіз қалам алуға тура келді.
Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында көрсетілген рухани қазынамызды өміршең етуде республикаға үлгі-өнеге боларлық нақты істерді атқарып жүрген Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының бастамашылдығымен Түркістан қаласында ашылған «Әлеуметтік дүкенге» облыстық мәслихат депутаты, Түркістан қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы, есімі өңірге танымал меценат Мұсабеков Базарбай Зубайдуллаұлының бір тоннадан астам өте сапалы да, жаңадан дайындалған азық-түлік әкеп тапсыруын айрықша атап өтуге болады.
Түркістан қаласында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, оның бала-шағаларына демеушілік жасап, оларды киім-кешекпен қамтамасыз етуге, тұрақты азық-түлік беріп отыруға арналған бұл дүкен саяси ойынның «показухасына» емес, ұлтымыздың биік болмысын көрсетіп тұратын имандылыққа, бауырмашылдыққа, жомарттыққа негізделген өнегелі тірлік дер едік. Дүкенді көрсеңіз, сенер-сенбесіңізді білмейсіз, бір жері сөгілген, дақ тиіп қалған секілді бүлінген бірде-бір киім таппайсыз. Бір көрген киіміңізді екінші барғанда біреуге беріліп қойғанын бір-ақ білесіз. Бәрі де журналға тіркелген. Келген үлкен-кіші киімнің өзіне шағын таңдап киіп, риза көңілмен шығады. Ал, азық-түлік арзан бағалы, мерзімі өтіп кеткендерден емес, «свежий» екендігі көзге көрініп-ақ тұрады.
Түркістанның береке-бірлігін көрсетіп, ел-жұртының ынтымағын айғақтап отырған мұндай игі істі ұйымдастырып, оны тұрақты жүргізіп отырудың ауыртпалығын көтерген Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы тө-рағасы Ж.Әзіретбергенов пен Түркістан қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Б.Мұсабековтың ерен еңбегіне еріксіз тәнті боласың.
Есті жанға өнеге боларлық осы игі іске бір кісідей қолдау көрсетіп, қасиетті Түркістан-ның абыройын асқақтатып, қазақтың намысын тіктеген түркістандық бауырларымызға да шексіз ризалық пен ізгі ниетті жақсылық тілеуден басқа не айта аласың. Бұл – біреулердің «Ырыс алды – ынтымақты» ұраншылдыққа айналдырғандай «дежурный» сөзі емес, нағыз шынайы өмірдің шындығы.
Елімізге үлгі-өнеге боларлықтай игі істің ауыртпалығын көтерген азаматтың бірі Базарбай Зубайдуллаұлы бақ көтере білетін, дәулеттің қадірін түсінетін, Құдірет иесінің нығметін жұдырықтай жүрегіне сыйғыза алған зор парасат иесі екендігіне ешкім де шүбә келтіре алмаса керек. Құдайдан қорқатын жандар ғана осындай жолды таңдаса керек. Осыдан жарты ғасыр астам уақыт бұрын киелі Түркістанның топырағында дүниеге келген Базарбай Мұсабеков содан бергі саналы ғұмырын туған жеріне қалтқысыз қызмет етуге, өскен өңірін көркейтуге арнапты. Жиырма жастағы бозым жігіт еңбек жолын Түркістан қаласындағы «Казагропром» мекемесінде бригадирден бастап, қайнаған еңбектің ортасында жүріп өседі. Жастайынан алғыр да, нағыз еңбек иесі болып қалыптасқан Б.Мұсабеков уақыт талабымен келген нарық қатынасының жанашылдығын жатсынбай қабылдап, оның қыр-сырын терең меңгеруге шындап кіріскен кәсіпкердің бірі деуге болады. Ол «Ару ана» шаруа қожалығын құрып, оған 2000 жылға дейін төраға болып қызмет істегенінде ауыл шаруашылығын дамытуды бірізділікке түсіріп, қомақты табыс алуға қол жеткізген. Күндіз-түні ат үстінен түспейтін еңбекқор жан ізденістерін тиянақты білім алуға бағыттап, 2002 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетін бітіріп, заңгер мамандығын алып шығады. Б.Мұсабеков «Есенгельды и КЛТД» ЖШС заңгері болып істеген. 2000-2010 жылдар аралығында кәсіпкерлікті дамытуды қарқынды жүргізіп, табысын еселей түсуге қолын жеткізе алады. Кәсіпкерлік қызметінің қанатын кеңге жая білген Базарбай Зубайдуллаұлы 2013 жылға дейін «Баянды құрылыс» ЖШС директоры қызметінде болып, бұл саланы да реттей білген соң, біріңғай жеке кәсіпкерлікпен айналы-суға шығады. Оның жеке кәсіпкерлігінде өмір тынысының сан салалары жете игеріліп, жоғары еңбек көрсеткіштерімен абырой биігінен көріне бастап, халық қалаулысы болып сайланып, отандық наградалармен мараптталынып жатты.
Ел сенімін ақтаудың жолында
Елжандылығы ерен аза-мат туған жерді түрлендіруді басты мақсат етіп ұстанып, нәтиже беретін амалдарды жасауға бастамашылдық ете бастады. Түркістан облысы, Түркістан қаласына қарасты алқаптардағы суармалы жерді ұлғайту мақсатында Сырдария өзенінен машиналық әдіс арқылы Түркістан магистральды каналына су беру қолға алынып, Түркістан магистральды каналының IV кезеңін іске асыруға және республикалық бюджеттен Түркістан облысы Ордабасы ауданы Түркістан магистральды каналын ПКО-00-ден ПК 37170-ға дейін реконструкиялау жобасын іске асыру мақсатында құны 500 млн. теңгелік жобаны қолға алуға тікелей ықпал жасай алғандығы баршаға аян. Сондай-ақ Түркістан қаласы ішіндегі шешімін таппаған өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуіне де үнемі назар аударуды ұмыт қалдырған емес. Түркістан қаласының «Ремзауыт» аймағындағы А.Тоқмағанбетов және Құрманғазы көшелерінің тұрғындарының өтініші бойынша аталған көшелерге орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен қаржы бөлдіруге ұсыныс өткізуге қолын жеткізді. Қазіргі таңда атқарылатын жұмыстың сметалық құжаттары әзірленіп бітті деуге болады.
Түркістан қаласы қоғамдық кеңес төрағасы Б.Мұсабеков өткен жылы мемлекеттік мекемелер мен ауыл әкімдерінің, қалалық мәслихат хатшысы мен қала әкімінің жылдық жұмыс есебін тыңдап, талқылап, қортындысында қоғамдық кеңес пен оның төрағасы тарапынан әділетті, сындар-лы сыни ескертпелер айтылып, орын алған кемшіліктерді жоюдың нақты ұсыныстары жасалыныпты.
Халық қалаулысы Б.Мұсабеков өткен жылы Түркістан қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалында екі рет жұмыспен қамтуды үйлестіру мәселелері бойынша 37 азаматты қабылдауды ұйымдастырып, өзекті мәселенің шешімін табуға ықпал етудің мүмкіндіктерінің бағыт-бағдарын бере білген. Және қала тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі бойынша арнайы мамандардың қатысуымен екі күндік «Ашық есік» күнін өткізуді ұйымдастырып, бірқатар мәселелердің дұрыс шешімін табуына ықпал ете білгенін қала тұрғындары ілтипатпен айтады.
Сондай-ақ, туған өңірінің тыныс-тіршілігін жетік білетін нағыз отаншыл азамат Б.Мұсабековтың Бәйдібек ауданындағы Боралдай өзенінде Қостұра су қоймасын салуға алғашқы бастамашылдықты жасап, оны өміршең етуге табандылық көрсетіп отырғанын айрықша айта кетуге болады. Диқаншылықтың жайын бала кезінен біліп өсіп, өмір мектебінде мол тәжірибе жинақтай білген Базарбай Зубайдуллаұлының облыс үшін маңызы зор мәселелерді көтеріп жүргені көңіл қуантады. Мұндай игілікті іс елдің нағыз патриоттарының ғана қолынан келеді. Халық қалаулысы Б.Мұсабеков бес институционалды реформаны жүзеге асу жөніндегі «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» және «Нұрлы жол» бағдарламаларын түсіндіру мақсатында облыстық іс-шаралар жоспары мен медиа-жоспарына сәйкес ақпараттық үгіт-насихат тобымен бірлесе жүріп
Отырар ауданындағы Балтакөл, Көлқұдық, Көктөбе, Маяқұм, Көксарай елді мекендерінде болып, сол аймақтың 6000-ге жуық тұрғындарымен кездесіп, маңызды шараға өзіндік үлесін қоса білген.
«Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезектен тыс XXXII конференциясы аясында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша арнайы бекітілген 6 жобаның, яғни «Туған жер», «Қасиетті Қазақстан», «Қазіргі әлемдегі Қазақстан мәдениеті», «100 жаңа есім» жобаларын халыққа түсіндірудің насихаттау жұмыстарына белсене қатысып, маңызды мәселелердің елге жеткізілуіне өзіндік сүбелі үлесін қоса білген.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің №32 (758) 24.08.19 санынан оқи аласыз.