КІТАПХАНАСЫЗ ҚОҒАМҒА «ЖОҚ» ДЕЙМІЗ!

Біздер өлгеннен соң денемізді отқа өртесек, дінімізде жат болған шошқа малын қорамызға кіргізіп, асымызға енгізсек, Абай мен Ахметті мазақ етіп, енді ол аз болғандай, кітапханаларды қысқарта бастасақ, біздің мұсылмандығымыз қайда, қазақшылдығымыз қайда?! Намыс қайда?! «Шаш ал десе, бас алатын» шенеуніктердің бірі, елордалық депутат ұлттың шырағы болған кітапханаларды қысқартуды ұсыныпты. Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шекеновтың «Елорда тұрғындарына ортақ бір кітапхана жеткілікті» деген видеосы қоғам талқысына түсті.

Ол өз сөзінде: «Қалай десек те, бүгінде кітапханалар анахронизмге айналып барады.

Бюджеттен жалақыға, ғимараттарды ұстап тұруға және көптеген кітап сақтауға қомақты қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Барлық кітап интернетте тұр» дегенді айтады. Сонымен қатар депутат бұл мәселені шешудің жолы ретінде кітапханалар санын кезең-кезеңімен қысқартуды ұсынды.

Кітапхананы қысқарту – ұлтқа жасалатын үлкен қиянат. Рухани мүгедек ұрпақтың санын көбейту ғой бұл дегенің! Кітапханаларды қысқартайық дегенше, түнгі клубтарды, ойынханаларды қысқартайық деп неге айтпайды екен?! Кітап оқуға жастарды шақырмай ма екен басшы болып…

Кітапхана тек кітап оқитын жер емес. Кітапхана – тарих, әдебиет, мәдениет, түрлі тағылымды кездесулер, тұсаукесерлер өтетін, тарихтың көне көм-белерімен қайта қауыштыратын рухани орда, киелі мекен. Компьютер мен телефон экранына шұқшиып оқу оқығанға қарағанда, кітапты қолыңа алып, мұқабасын бір сипап қойып, иіскеп, асықпай парақтап отырып оқудың жөні бәрібір бөлек. Білім бұлағын бітегеннен мемлекетіміз байып кетсе, онда жетіскен екенбіз. Елорда бүйтсе, елдегілер қайтеді?

Мұнда тарих тасқа басып қатталады. Бүгінді болашаққа жалғайды. Сол себепті де әлемнің озық елдері кітап оқуды интеллектуалдық байлық деп есептейді. Қалалық мәслихат депутатының айтқанын қолдап, елдегі кітапханаларды жабу, яки қызметкерлерін қысқарту – ұлт тамырына балта шабумен пара-пар қиянат. Өйткені ұлы Әбіш Кекілбаев айтпақшы, адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана. Адамдық қалпымызды жоғалтып алмайық ендеше! Бізге кітапханаларды қысқартатын емес, кітап оқуға шақыратын, ойға қонымды ұсыныс айтсаңыздар екен, құрметті депутаттар!

Ұлжалғас Өскен.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.