Қоғамға қауіпті бес кеселмен күресейік!
Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген өсиет сөзі қай заманда да мәні мен мағынасын жоғалтпайды. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақыратын тәрбиелік сөз жағымсыз қылық, жат әдеттен сақтандырады десек те, әр заманның өзіне тән кеселді қарекеттері болады.
Күні кеше өткен үшінші ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев бүгінгі қоғамға қауіпті бес кеселмен бүкіл ел болып күресу керектігін айтты. Соның бірі –нашақорлық. Әсіресе балалар арасында өріс алып бара жатқан бұл қатерлі кеселдің жолын кесіп, белсенді күрес жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болатыны құрылтайда өзекті мәселе ретінде төтесінен қойылды. Сондықтан Мемлекет басшысы есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатаңдатып, оны ең ауыр қылмыстарға теңестіруді ұсынды.
Президент өткен жылғы құрылтайда жастардың денсаулығына, тіпті тұтас ұлттың болашағына зиян келтіретін «вейптердің» таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтқан еді. Соған орай Парламентте вейптерді елге әкелген , оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатқанын мәлімдеді.
Адам ағзасына өте зиянды – насыбай ату да шынын айтқанда өте жиренішті әдет. Ешқандай санитарлық талапқа сай келмейтін насыбайдың құрамында түрлі дертті, әсіресе онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар екендігі дәлелденгендігіне қарамастан оны тұтынатындар азаймай келеді. Бұл затты өндіруге 2015 жылы тыйым салынған екен. Әйтсе де оны көшеде, кейбір азық түлік дүкендерінде сатылып жататыны да шындық. Президент вейп қана емес, насыбай таратқаны үшін де қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздеп, заңға түзетулер енгізу қарастырылып жатқанын айтты.
Құрылтайда кесірлі кеселдің бірі –лудомания, яғни құмарпаздық та қатаң сөз болды. Құмар ойын талай шаңырақты шайқалтып, талай азаматты қылмысқа ұрындырған қоғамның бір дерті болып отыр. Президент құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажеттігін айта келе, «Аманат» партиясы фракциясының бастамасымен тиісті заң жобасы әзірленгенін, оны жуырда қабылдау қажеттігін айтты.
«Тұрмыстық зорлық зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақытта қатерлі үрдіс. Ашығын айтқанда қоғамда қатыгездік күшейіп барады» деді Мемлекет басшысы.
Ал, вандализм барып тұрған мәдениетсіздік, тәртіпсіздік. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты шимайдың астына алып, табиғаттың сұлулығына нұқсан келтірген, мыңжылдық мәдени мұраларды бүлдіріп, талқандаған жаман әдеттер тиылмай келеді.
Ысырапшылдық та аталған бес кеселдің бірі. Әсіресе суды үнемдеуге деген құлық жоқ. «Судың да сұрауы бар» деген тәмсілдің мәніне бойламайтынымыз өкінішті. Су тіршіліктің нәрі, болашақтың байлығы екенін ұрпақ санасына сіңіру қажеттігі жиында баса сөз болды.
Әрине, құрылтай отырысында көтерілген мәселенің қай қайсысы да адам үшін де, қоғам үшін де өзекті. Тек соның жауапкершілігін сезіну бәріміздің азаматтық парызымыз екенін түсінсек еді.
Біржан Жақыпов, әлем чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері,
Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері