Көретiн зағиптар
Иә, зағип бола тұрып көру мүмкін бе? Мүмкін екен. Бірақ, ондай жандар көзін жоғалтқан соң, басқа дене мүшелерімен көру қабілетіне ие болатын көрінеді. Себебі, бүгінде адамның көру қызметін көз емес, ми атқаратынына дәлелдер көбейе түсуде. Ал мидың «тосынсыйы» көп-ақ…
Ең алғаш бұл мәселемен француз дәрігері Жюль Ромэн өткен ғасырдың 20-шы жылдары мықтап айналыса бастайды. Ол «көретін зағиптар» туралы қауесеттерге қызығушылық білдіріп, осындай бірнеше адамды іздеп табады да, бұл ерекше құбылысты егжей-тегжейлі зерттеуге кіріседі.
Дәрігердің жасаған қорытындысы бойынша, бұл адамдардың барлығы белгілі бір деңгейде көру қабілетіне ие болып шығады. Ал олардың жарық толқындарын тері арқылы қабылдайтыны анықталады. Дәл осы терінің көмегімен зағип жандар әртүрлі түстердің реңктерін, дене сұлбаларын, кей жағдайларда тіпті жекелеген заттар мен адамның бейнелерін де ажыратып отырған. Мұндай қабілет көбіне науқастың көңіл-күйіне байланысты болған. Көңіл-күйі көтеріңкі болғанда олар әлдеқайда жақсы көрген. Яғни, бұл қабілет тікелей жүйкенің, яғни мидың қызметіне тәуелді болған.
Бірақ, тері жарық толқындарын қалай қабылдайды? Осы сұрақ Жюль Ромэнға маза бермейді. Ақыры ол мұның себебі – терінің астында орналасқан сезім рецепторларында деген тұжырымға келеді. Дәл осы рецепторлар арқылы адамдар айналадағы температураны, желдің ескенін, шымшуды, тікенектің қадалуын, әртүрлі сыртқы факторлардың әсерінен күю, тоңу, т.б. сезіне алады. Осы сезімтал жүйке талшықтарының бір бөлігі мимен тығыз байланыста болып, жарық толқындарына пішін беретін болса керек. Ал адам шын мәнінде көзімен емес, келіп түскен сигналдарды анық бейнелерге айналдыратын мидағы сұр затпен көретін болса, онда ол сигналдар мидың көру орталығына келіп түскенге дейін қай арнамен жүріп өтсе де бәрібір емес пе?
Зерттеуші анықтағандай, әр адамның көру қабілетіне әртүрлі тері бөлігі жауап береді екен. Бір адамдарда мұндай жүйке талшықтары маңдайында болса, енді бірінде мұрнының ұшында орналасқан. Біреулер бетімен көрсе, тағы біреулері қоршаған ортаның сұлулығын иегімен сезінген.
Жюль Ромэн әлемнің медицина қауымдастығын өзінің зерттеу қорытындысымен таныстырғанда, ғалымдар оған сенбестікпен қарап, мұны дәрігердің қиялынан туған дүниеге балайды. Ал, жалпы, ол осы бір таңқаларлық құбылысқа назар аударған жалғыз адам емес еді. Оған дейін 80 жыл бұрын аты-жөні сақталмаған тағы бір итальяндық дәрігер де осы жайды зерттеуге көп уақытын сарп етіпті. Ол негізінен 14 жастағы қарапайым шаруаның қызын ұдайы қадағалаумен болған. Әлгі қыз бала күнінде көз жанарынан айырылған көрінеді, бірақ қоршаған ортаны өзінің алақаны арқылы көреді екен. Ол әртүрлі түстерді ажырата алған және адамдардың дауысын естіп, қолын бетіне тигізбесе де, аттарын атап, айыра алған. Бұл қыз туралы итальяндық баспасөз құралдары 1840 жылдары жиі жазған.
Бұл мәселені әйгілі невропатолог және психиатр Чезаре Ломброзо да назардан тыс қалдырмаған. Өз уақытында ол кенеттен келген түсініксіз сырқат салдарынан зағип болып қалған басқа бір қыздың басындағы жағдайды сипаттап жазыпты. Әлгі қыздың көру қабілеті, жанарынан айырылған соң, мұрнының ұшына және сол жақ құлағының сырғалығына ауысқан көрінеді. Әрине, бұл мүшелер көз сияқты ап-анық көре алмайды, дегенмен қыз осы қабілетінің көмегімен ешкімнің көмегінсіз еркін жүріп-тұрып, жақын адамдарын ажырата алған.
Бір қызығы, мұндай құбылыс тек зағип жандарда ғана болмайды екен. Көзі қалыпты көретін адамдар да басқа дене мүшелерімен көру қабілетін дамыта алатын болып шықты. Бұған АҚШ-тың Вирджиния штатында тұрған Маргарет Фус есімді қыз айқын мысал бола алады.
Маргареттің ерекше қабілеті туралы хабардар болған бір топ дәрігерлер 1960 жылы оны арнайы сынақтан өткізеді. Қыздың көзіне тығыз таңғыш таңып, алдына газетті береді де, ондағы мақаланы дауыстап оқуды тапсырады. Ол бұл тапсырманы мүлтіксіз орындайды, тіпті ең ұсақ және оқылуы қиын әріптерді де анық ажаратып оқып береді. Бұл сынаққа қатысушылардың ақылын айран етеді. Олар Маргарет қандай да бір жолмен көзіндегі таңғыштың астынан сығалап қарап отыр деп күмәнданып, одан да тығыз таңғыш тағады және оның астынан мақта да қояды. Бұдан нәтиже өзгермейді. Сонда зерттеушілер қыздың қабағын жарық өткізбейтін желімтаспамен желімдеп тастайды, бірақ бұл жолы да қыз қолындағы мәтінді оқудан мүдірмейді.
Таңданысын жасырмаған дәрігерлер ақыр түбінде қыздың ерекше қабілетін мойындап, одан мұны қалай жасайтынын сұрайды. Маргарет бұған өзін әкесі үйреткенін айтады. Ол қызының «тығылыспақ» ойнап жүргенде, көзі таңулы болса да айналасын анық көріп тұрғандай жүріп-тұратынын байқаса керек. Содан бастап әкесі Маргаретке: «Сен көзің жұмулы болса да жақсы көресің» дегенді санасына сіңіріп, онымен әртүрлі жаттығулар жасай бастайды. Осындай жаттығулардың арқасында Маргарет көзінің көмегінсіз қандай да бір затты ажыратуды немесе мәтінді оқуды үйрене бастайды. Ақыры ол көзі жұмулы болса да анық көретін жағдайға жетеді. Енді оның көру қызметін маңдайы атқара бастайды. Дәл осы маңдайының көмегімен қыз оқып, жазып, адамдардың түрлерін ажыратып, тіпті көзі жұмулы күйінде қаланы еркін аралап та жүре алған.
Сол жылдары атағы алысқа кеткен Маргарет туралы басылымдарда жиі жазылып, телеарналарда тоқтаусыз көрсетіліп жатты. Қыздың таңқаларлық қабілеті адам миының мүмкіндіктері шексіз екендігін және шын қаласақ, көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын тағы да бір дәлелдеп берді.
Адамдар әзірге бұл жұмбақ құбылыстың табиғатын толық түсінуге қауқарсыз. Бәлкім, медицина ақиқатты анықтап, адам миының тереңде жатқан мүмкіндіктерін толық пайдаланғанша әлі көп уақыт өтер. Дегенмен, егер күндердің күні осындай мүмкіндік туса, әрбір адам өз өмірін әлдеқайда жақсарта алған болар еді…