ҚР БҒМ жаңа оқу жылындағы өзгерістерді хабарлады
Білім және ғылым министрлігінің былтырдан бері айтып келе жатқан жаңалық – мектептерде 5 күндік оқу аптасын енгізу мәселесіне қатысты ата—аналардың көптеген сауалдары бар. ҚР БҒМ 5 күндік оқу аптасын енгізудің ең маңызды механизмдері жайлы түсініктеме берді.
- Ата-аналар мен оқушыларды каникулдар мерзімі қысқаруы мүмкін деген ой мазалап отыр.
5 күндік оқу аптасына келер болсақ, оның енгізілуі үшін министрлік тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Бұл тұста ерекше атап өтер жайт — оқу жылының ұзақтығы өзгермей, үйреншікті тәртіп сақталып отыр. Оқу жылы еш өзгеріссіз, қыркүйекте басталып, әдеттегідей 25 мамыр күні аяқталмақ. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Орта білім беру ұйымдарында 2017-2018 оқу жылының басталуын, ұзақтығын және каникул кезеңдерін айқындау туралы» бұйрығы маусым айында шықты. Онда оқу жылының ұзақтығы мектепалды дайындық сыныптарында — 32 оқу аптасы, 1- сыныптарда — 33 оқу аптасы, 2-11 сыныптарда — 34 оқу аптасы деп белгіленген. Каникулдар ұзақтығы да өзгермейді. 1-11 сыныптарда күзгі каникул — 7 күн, қысқы — 10 күн, көктемгі — 13 күн. Мектепалды даярлық сыныптарында күзгі каникул — 7 күн, қысқы — 14 күн, көктемгі — 15 күн, сондай-ақ, бүлдіршіндер үшін 1-7 ақпан күндері аралығында 7 күндік қосымша каникул белгіленді.
- Ал, оқу жүктемесі азая ма?
Иә, балалар жүктемесін азайту бағытында да жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Естеріңізде болса, былтыр ата-аналар қоғамдастықтары мен сарапшылардың ұсыныстары бойынша үй тапсырмаларының көлемі азайтылған болатын. Министрлік үй тапсырмаларын орындау бойынша методикалық ұсынымдарды бекітті. Демек, ұй тапсырмаларын орындауға жұмсалатын уақыт, бұрынғы жағдаймен салыстырғанда үштен бір бөлікке қыстармақ. Үй тапсырмасын орындауға 2 сыныпта 50 минуттан, 3-4 сыныптарда — 70 минуттан, 5-6 сыныптарда — 90 минуттан, 7-9 сыныптарда — 110 минуттан, 10-11 сыныптарда — 130 минуттан аспауы тиіс. Үй тапсырмалары мереке күндеріне және каникулдық кезеңдерде берілмейді. Тек көркем әдебиетті оқуға, жобалық жұмыстарды орындауға, математиканы тереңдетіп оқуға арналған есептерді шығаруға, сондай-ақ, 1 сынып оқушыларының 2-ші жартыжылдықтан бастап оқу дағдыларын жақсартуға қатысты тапсырмалар ғана ерекше жағдайлар ретінде қарастырылған. Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап, сабақ ұзақтығы 40 минут болмақ. Демек, 40 минуттық сабақ кестесінде күніне 30 минут уақыт «босайды». Сондықтан, қосымша сабақ қосылған жағдайдың өзінде оқушылар мектепте әдеттегіден тек 10 минут артық өткізіп, жүктемесі айтарлықтай өзгермейді.
- 5 күндік оқу аптасы жағдайында оқу бағдарламалары өзгеріске ұшырай ма?
Бұл жағдай барлық мектептер мен сыныптарға қатысты ма? Оқу бағдарламалары мен әрбір пәнді меңгеруге бөлінген сағаттар саны өзгермейді. Жаңа санитарлық ережелер бойынша мектептердің 1-11 сыныптарында 5 күндік оқу аптасын енгізуге рұқсат беріледі. Бұл жалпы орта білім беретін және дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің барлығына да қатысты. Мектептердегі оқу жүктемесінің көлемі 5 күндік оқу аптасына бөлу оңай. Гимназиялар мен лицейлердегі жағдай біршама күрделірек.
Бүгінгі жалпы білім беретін мектептердегі үлгілік оқу жоспарларына сәйкес, 1-11 сыныптардағы апталық оқу жүктемесінің максималды шамасы 24 сағаттан 39 сағатқа дейінгі мөлшерде. Жаңа санитарлық ережелерде осындай жүктеме қарастырылған. Ал күнделікті жүктемені, басқаша айтқанда — күніне қанша сабақ болу керектігін, әр мектеп, өз мүмкіндіктері мен жағдайын ескере отырып, өздігінен белгілейді. Әрине, сабақтар кестесі ата-аналар комитетімен келісілуі тиіс. Бұл да мектептерде құрылып жатқан қамқоршылық кеңестерінің, жалпы қоғамның өкілеттілігі мен жауапкершілігінің жылдан жалға артып келе жатқанының белгісі.
Дереккөз: ҚазАқпарат.