ҚР Президенті, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен саяси ұйымның кезектен тыс ХХІІ-ші Съезін болашаққа деген зор үмітпен тыңдадық.

Партия Төрағасы мен Атқарушы хатшының партияның қайта жаңғыру жолындағы бастамаларын толық қолдаймыз. Осыған дейін партияны модернизациялауға байланысты партияластар тарапынан көптеген ұсыныстар берілген болатын. Солардың көпшілігі қолдау тауып, ендігі жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

Съезд барысында партияның атауын өзгерту туралы Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы Фракциясының Төрағасы Ерлан Қошановтың ұсынысы қабылданып, «AMANAT» деген киелі ұғымды иелендік. Бұл өз кезегінде Жаңа Қазақстандағы жаңа атаумен жаңа форматтағы партияны қалыптастыратыны сөзсіз. «AMANAT» – мемлекет мүддесі үшін тарихи жауапкершілікті алған партия. Тәуелсіз мемлекетіміз, еліміз бен жеріміз – ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Осы аманатты халық игілігі үшін сақтап қалу, келер ұрпақтарға жеткізу – ел тұтқасын ұстаған бас партия үшін ең үлкен жауапкершілік екені белгілі. Съезд қорытындысы бойынша партияны модернизациялаудағы жеті басымдық нақтыланды. Олар, халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін, партияластар арасындағы ынтымақтастықты және партия жұмысында ашықтықты арттыру. Сонымен бірге, партиялық бақылауды күшейту, партияның бағдарламалық құжаттарын қайта қарау, халықтың әртүрлі топтарымен жұмыс істеу мен «Jas Otan» Жастар қанатының жұмысын жетілдіру болып табылады.

Осы басымдықтар бойынша барша фракция мүшелері мен партияластар халық пен мемлекеттік билік арасында алтын көпір ретінде күн талабына сай жұмысын жалғастыратын болады. Халықтың көкейінде жүрген көптеген мәселелер съезде мақұлданды деп айта аламын. Осы бағытта партияның қайта жаңғыруы үшін жүйелі түрде өз үлесімізді қосатын боламыз.

Сондай-ақ, съезде Партия Төрағасы мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру қажет екенін және депутаттық фракциялар диалог алаңдарын ұйымдастыра отырып жұмыс істеуі тиістігін атап өтті. Ақпараттық қоғамда әлеуметтік желілердің орны мен рөліне ерекше тоқталып, қандай бағытта жұмыс жасау керектігін нақтылап берді. Яғни, әлеуметтік желілер мен қала алаңдарындағы қоғамдық талқылауларды жергілікті жерлердегі мәслихаттарда қарай отырып фракция мүшелері депутаттық сауалдармен шектеліп қалмай қоғамдық талқылаулар мен ашық пікір-сайыстарға баруымыз керек. Қажет болған жағдайда әкімдерге сенім мәселесін көтеруге болатынын атап өтті. Сонымен бірге, депутаттардың рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі тиіс.

Алдағы уақытта партиямыз халықтың партиясы екенін тағы да дәлелдейтін сәтке тап келіп отыр. Бұл кезеңнен де халықтың қолдауынының арқасында еңсеріп, сайлаушылардың үмітін ақтап, жаңа белестерді бағындырамыз деген сенімдеміз. Тұрғындардың талап – тілектері басты назарға алынып, әр азаматтың құқықтары ескерілу үшін жұмыс істейміз. Партия мүшелерін мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қойып, жұдырықтай жұмыла жұмыс істеуге шақырамын.

Жадыра Таңатарова,
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.