КҮН ТӘРТІБІНДЕ – БЕСІНШІ АУДАН

Шымкент қаласында таяуда бесінші аудан құрылады. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңес төралқасының кеңейтілген отырысында талқыланды.

Жиынның күн тәртібінде бірнеше мәселе көтерілді. Соның алғашқысы болып баяндама жасаған Шымкент қаласы әкімдігі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов қалада құрылатын жаңа аудан туралы мәлімдеді.

– Өздеріңізге белгілі, Шымкент қаласының аумағы бүгінде 117 мың гектарды құрап, тұрғындар саны, соңғы халық санағы бойынша, 1 млн 100 мың адамнан асты. Қаладағы 4 ауданның, оның ішінде Абай ауданының аумағы өте үлкен. Осыған байланысты жаңа, бесінші аудан құру тақырыбы өзекті болды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы құжаттау жұмыстары аяқталып қалды. Көпшілік арасында қоғамдық тыңдау өтті. Мемлекет басшысының жергілікті басқару органдарының тұрғындарға жақын болып, тығыз жұмыс істеуі туралы тапсырмасы бар. Осы мақсатта тиісті жұмыстар атқарылып, жаңа ауданның шекарасы бекітілді. Президент Әкімшілігіне хат жолданып, Үкіметпен келісілді, – деді Ғабит Патшаханұлы.

Аппарат басшысының айтуынша, жаңа ауданға төрт ауданның аумағы бөлініп берілген. Әсіресе, Абай ауданының аумағынан көп жер бөлініп отыр. Жаңа ауданның шекарасы Шымкент қаласының жаңа бас жоспарын жасаған жұмыс тобы тарапынан да талқыланды, дейді мамандар. Енді алдағы уақытта жаңа аудан әкімдігінде 35 штат ашылып, оған қоса басқа құрылымдық органдар тарапынан мамандар беріледі.

Қоғамдық кеңестің отырысында, сонымен қатар, Абай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Тілеш жерлеу және зираттарды күтіп-ұстау қағидаларына қарастырылатын өзгерістер туралы мәлімдесе, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өкілі қала аумағындағы тиісті мақсатта пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер салығының базалық мөлшерлемелерін арттыру туралы баяндама жасады.

«Шымкент келбеті» – Нұрлан Бектаев

Фото – Серік Қосаев

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.