Қырмызай Әбдиева – белсенді ана!

Таяуда Түркістан қаласындағы «Top Tobe Grand Hall» мейрамханасында  Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен «Еңбегі жанған арулар» атты форум өтті. Облыс әкімінің қолдауымен өткен шараға өңірдегі іскер аналар арнайы шақыртылды.

Аталған қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаеваның айтуынша, оңтүстік өңірінде бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп жүрген белсенді қыз-келіншектер көптеп саналады. Тіпті, шағын және орта бизнес саласында да әйел-аналардың үлес салмағы жыл өткен сайын артып келеді. Құрылғанына отыз жылға жуықтап қалған қауымдастық, міне, осындай іскер де белсенді нәзікжандыларды қолдап, олардың түрлі кәсіп ашуына көмектесіп жүрген көрінеді. «Біздің қауымдастықтың құрылғанына биыл 27 жыл толады. Осынау отыз жылға жуық уақытта біз еліміздің барлық өңірінде болдық. Қыз-келіншектердің қоғамдағы белсенділігін арттырып, кәсіпке икемі барларына қолдау көрсетіп келеміз. Түркістан облысында іскер әйелдер көптеп саналады. Еліміз бойынша жүзден астам жоба мақұлданған болса, соның басым бөлігі осы өңірге тиесілі. Түркістан бала туу көрсеткіші бойынша да көш бастап келеді. Демек, мұндағы біздің нәзікжанды замандастарымыз өздерінің негізгі міндеті – ана болу бақыты бойынша да мақтана алады. Бүгін бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп отырған бақытты, іскер, белсенді әйелдердің басын қосып отырмыз. Сол тізімнен табылғандарыңыз үшін сіздерді шын жүректен құттықтаймын» деген Раушан Біргебайқызы облыс бойынша әр ауданнан жиналған он бестен астам ананы алғыс хатпен марапаттады.

Иә, айтса айтқандай, бүгінде нәзікжанды қыз-келіншектердің қолынан келмейтіні жоқ. Түске дейін үй тіргінін тындырса, түс қайта өз кәсібіне көңіл бөліп, арасында қоғамдық жұмыстарға да арасып жүретін іскер әйелдерді әр өңірден кездестіруге болады. Шардаралық Қырмызай Қойшыбайқызы, міне, осындай жандардың бірі. Бала күтімімен жұмысқа шығуға мүмкіндігі болмағандықтан ол өзі сияқты іскер әйелдерді жанына жинап, үйінде түрлі тәттілер пісіреді. Алғашқыда өз өнімдерін жекелеген дүкендерге өткізіп жүреді. Бертін келе олардың қолынан шыққан дәмі тіл үйіретін тәттілерге сұраныс артады. Әсіресе, той-жиынның маусымы саналатын жаз айларында тапсырыс беретіндер көп. Бәріне үлгере алмаса да тұтынушыларының көңілін қимай, қасына көмекшілер алып, жұмысын жандандыра түседі. «Жолдасым Асылхан орман шаруашылығында жұмыс істегендіктен үйде көп бола бермейді. Ондайда көлік жүргізетін адам таппай қиналамыз. Тапсырысты дер кезінде жеткізуіміз керек. Содан бір күні көлік жүргізуді үйрететін курсқа жазылып, куәлік алдым. Көлік тізгіндегеннің көмегі көп екен, бүгінде бәріне үлгеріп жүрміз» дейді кейіпкеріміз.

Бір жақсысы, жеке кәсібін жандандырып жүрген көпбалалы ана Қырмызай Әбдиева жұмысы қанша қауырт болса да бала тәрбиесін бір сәтке де назардын тыс қалдырған емес. Тіпті перзенттерінің сабақтан тыс уақытта түрлі үйірлемерге қатысып, өнер меңгеруіне де мүмкіндік жасаған. Содан болар, үздік оқыған балары да бүгінде бір-бір мамандықтың тігзінін ұстап, өз салалары бойынша жемісті жұмыс істеп жүр. Үлкен қызы Ғазиза Алматыдағы политехникалық университетінін эколог мамандығы бойынша бітіріп, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде жұмыс істесе, екіншісі Әсем – Алматы қаласындағы Наурызбай ауданы әкімшілігінінде қызмет етеді. Ұлы Нәжмедин үш жоғары оқу орнын бітірген, бүгінде Алматы қаласындағы Медеу ауданында су шаруашылығы бойынша жұмыс істесе, қызы Нұрила Нұр-Сұлтан қаласында банк саласында еңбек етеді. Ал, Ұлданасы – студент, болашақ мұғалім. Сегізінші сыныпты бітірген кіші қызы Аружан сабақтан тыс уақыта түрлі үйірмелеріне қатысып, өнерін шыңдап жүр. Анасы Қырмызай қолы қалт еткенде осы қызының қасынан табылып, оның өнерінің өркендеуіне бар күшін сарп етіп жүргенін жеткізді. «Ата-ананың ең негізгі міндеті – балаларына дұрыс тәрбие беру. Біз жолдасым Асылхан екеуміз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлеміз. Құдайға шүкір, бүгінде баларымыз үмітімізді ақтап, өз салалары бойынша мақтаулы маман болып жүр. Бүгінде қыз ұзатып, келін алып, құда-жекжат арттырып отырмыз. Ұл-қыздарымыздан оншақты немере сүйдік, мұның өзі біз үшін үлкен бақыт» дейді ол.

Бала тәрбиесінен бақыт тауып отырған ана қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүр. Оның іскерлігін байқаған ауылдастары бірауыздан Шардара қаласындағы №12 жалпы орта мектептің ата-аналар комитетінің төрайымдығына сайлайды. Үй шаруасын тап-тұйнақтай етіп отырған іскер ана кейіннен кәсіпкерлікті қолға алса, енді оған қоғамдық жұмысты да қатар алып жүруге сенім білдірілді. Бірақ, бар жұмыстың үдесінен шығып, үлгеріп жүрген ол осылайша белсенділігінің, іскерлігінің, кішіпейілділігінің арқасында құрметке бөленіп жүр. Ендеше, біз де өз тарапымыздан шардаралық тынымсыз келіншекке табысыңыз еселеніп, еңбегіңіздің жемісін көруді жазсын деген тілек айтамыз.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.