МАҚТААРАЛДА ЗАМАНАУИ АВТОБЕКЕТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мақтаарал ауданының орталығында жаңадан «Мырзакент» автобекеті пайдалануға берілді. Жеке кәсіпкер Жолдас Телғазиев нысанды тұрғызуға 50 млн. теңге қаржысын жұмсап, аудан тұрғындарын зор қуанышқа кенелтіп отыр.

Заман талабына сай лайықталып жасалған автобекеттің ресми ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев қатысып, жаңа нысанның игілігін көруге асыққан аудан жұртшылығын құттықтады.

Автобекетте көрсетілетін қызмет түрлері сан алуан. Атап айтқанда, жолаушылар тасымалымен қамтамасыз ету, жолаушыларға алғашқы медициналық көмек көрсету, азық-түлік және тұрмысқа қажетті тауарлармен қамтамасыз ету және 6 бағытқа (Мырзакент-Нұрсұлтан, Мырзакент-Алматы, Мырзакент-Шымкент, Мырзакент-Түркістан, Мырзакент-Жетісай, Мырзакент-Атакент) қатынауға толықтай мүмкіндік қарастырылған.

Жаңа нысанда билет кассасы, күту залы, дәмхана, сұлулық салоны және де жүргізушілерге арналған демалу орны мен медициналық кабинеттер бар. Сондай-ақ, ана мен балаға арналған бөлменің сән-салтанатына ерекше назар аударылған.

Айта кетейік, автобекет тұрағына бір мезгілде 4 автобус, 20 жеңіл автокөлік орналаса алады. Күнделікті 1000-ға жуық жолаушыны түрлі бағытқа тасымалдауға мүмкіншілігі бар. Сонымен қатар, заманауи автобекеттің арқасында 80 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.