МАҚТААРАЛДЫҚ МЕЦЕНАТ 2 ОТБАСЫҒА БАСПАНА СЫЙЛАП, 200 ОТБАСЫҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАРАТТЫ

Ораза айы – қайырымдылық айы. Бұл айда мақтааралдық кәсіпкер-меценаттар қайырымдылық іс-шараларына белсенді қатысуда. «Cotton мақта» ЖШС-нің директоры, аудандағы «Тәжік» этномәдени бірлестігінің мүшесі Абдухашим Боев пәтер жалдап жүрген көп балалы 2 отбасыға баспана сыйлап, Мақтаарал және Жетісай аудандарындағы аз қамтамасыз етілген 200 отбасыға азық-түлік таратты.

Кәсіпкер 2 тұрғын үйді сатып алу үшін 26 миллион теңге қаржы жұмсаған. Үйлердің аумағы 15-20 сотокты құрайды. Аталған үйлер мұқтаж отбасылардың тұрғылықты жеріне қарай, бірі Мақтаарал ауылдық округі Елқоныс ауылында орналасса, екіншісі Еңбекші ауылдық округі Т.Жайлыбаев елдімекенінде орналасқан.

Баспаналы болған көп балалы отбасылардың қуанышында шек болмады. Көп балалы аналар меценатқа шынайы алғыстарын жаудырды.

«Қайырымды, мейірімді адам айналасындағыларға және бүкіл адамзатқа тек жақсылық ойлап, оларға мейір-шапағатын төгіп, жанашырлық, қамқорлық, қайырымдылық жасауға әзір тұрады. Ауданымыздың кәсіпкерлері үнемі мұқтаж отбасылардың қажеттіліктеріне немқұрайлы қарамай, оларға барынша көмек көрсетіп жүр. Олар жақсы істерді көпшіліктің алғысын алу үшін жасамайды, мұқтаж жандарды кішкене болса да бақытты еткісі келгеннен жасайды.  Бүгін ауданымызда тағы 2 отбасының қуанышына куә болдық. Бұдан бөлек, 200 отбасыға таратылған азық-түлік себеттері де бар. Әрине, ол үшін кәсіпкер-меценат А.Боев мырзаға алғысымыз шексіз!» — деді, аудан әкімінің орынбасары Н.Саттаров.

Айта кетейік, азық-түлік себетінің ішінде бір қап ұн, бір қап шекер, 5 литр май өнімдері бар. Мұқтаж отбасылардың тізімін кенттер мен ауылдық округ әкімдіктері, елдімекендердегі ауыл ақсақалдары жасақтапты. Негізінен, тізімде аз қамтамасыз етілген көп балалы отбасылар бар. Сондай-ақ, Мақтаарал ауданынан бөлек, Жетісай ауданының аз қамтамасыз етілген отбасылары да азық-түлікпен қамтамасыз етілген.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.