Мәртебелi ел мерекесiне толайым тарту бар

«Қазақстан жолы» газетінде Сарыағаш ауданына қатысты сыни материалдардың жарияланып жүргені оқырмандарымызға аян. Тұрғындардың шағымына орай газет тілшілері ауданда болып, көп нәрсені көздерімен көріп қайтатын.

Сын материалдардың дені белгілі бір елді мекендердегі әлеуметтік саланың нысандарына, ел-жұрттың тұрмыстық тынысына қатысты болатындықтан, ауданның даму барысының көрсеткіштеріне, қолға алынған жобалардың жүргізілу барысына жете назар аудара қоймағанымызды да жасырғымыз келмейді. Газетімізге шыққан сыни материалдарға ауданнан болса да,  жаттанды жауап келіп жатады. Жүздеген шақырым жолды жүріп ауданға барған газет тілшілерінің әкімдіктің есіктегі қарауылынан бастап, бөлімдердің мамандары, тіпті «замакимдері» қойған кедергілерден өтіп, ауданның бірінші басшысының бір ауыз пікірін естуі мүмкін емес еді. Сарыағаштың халқының «Жанайғайы» деп жүріп облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы С.Пакеевпен  9 ай 28 күн соттасқан күндеріміз болды. Әділ соттың төрелігі айтылып, газет Сарыағаштың қарапайым халқы үшін «шырылдауын» жалғастырып  жатса, С.Пакеев облыстағы жоғары лауазымды қызметінен босатылды. Ресми құжаттарды негізге алып, туралықты айтудан тартынған емеспіз, әлі күнге дейін.

Газет редакциясына хабарласқан аудан әкімдігі қызметкерлері ауданның дамуына қатысты ресми құжаттармен таныстырып, аудан халқының ерен еңбегіне лайықты баға берудің басылым бетінде жариялануын өтініш етіпті. Уәжді сөзге тұрмайтын халық жоқ.

Оның үстіне облыста түрлі басшылықта жүріп, «тяжеловестің» қатарынан табылатын Қайрат Әбдуәлиевте «алты аласы, бес бересіміз» жоқ. Жайдары мінезді, қашанда кішіпейілдігінен танбайтын әкім Қайрат облыс жұртшылығына жақсы жағынан көрініп, қызметте соңынан сөз ілестірмей келе жатқаны тағы бар.

Ауыл шаруашылығы аумақтық басқармасынын тізгінін ұстаған қиын-қыстау кезеңнің өзінде облыс халқының ортасынан табылып, елді жаңаша жұмыс істеуге ертуде Қ.Әбдуәлиевтің қажырлы қайрат көрсетіп, ерен еңбек сіңіргенін ел-жұрты көзімен көрді. Түлкібас ауданын өркендетуге осы ауданға әкім болған Қ.Әбдуәлиевтің қандай еңбек сіңіргенін сол ауданның жұртшылығы айтсын. Еселі еңбек елеусіз қалған жоқ, қашан да қызу іс-қимылдың қасынан табылатын ел перзенті Қайрат Әбдуәлиевтің «Құрмет» орденімен марапатталынып, ел құрметіне бөленгенін де білеміз.

Сарыағаштың Ұласбек Сәдібековтен кейін елге жанашыр болатын әкімге жарымай келе жатқаны бар. Тіпті 4 жылда 5 әкімнің ауысқаны баршаға белгілі. Біздің Қ.Әбдуәлиев барғаннан кейін Сарыағаштың көзі ашылар деген үмітіміз ақталғандай болған соң, сыни материалдар жариялау басталды.

Түлкібаста Қ.Әбдуәлиев «командасы» мықты болатын. Ал, Сарыағашта «командасындағы» бір ауыл әкімі арыз жазған ауыл тұрғынын қорқытып қою үшін үлкен ақсақал ағасын ертіп барып, болмаса бір ауыл әкімі 94 жастағы ҰОС ардагеріне Жеңіс мерекесінде Қ.Әбдуәлиев беріп жіберді деп 5 мың теңге ұсынып ел-жұртты шулатты.

Осылардан кейін халық «Жанайғайға» басса, оны қалай елеусіз қалдырасың. Демек, Қ.Әбдуәлиевке қарапайым халықты ығыр етпес үшін, «командасын» реттеудің керек болғаны да. Ауданда оң істер жетерлік болса, аудан әкімінің де үлесі зор болғаны да. Еншісін алды, етек-жеңді жиып, ілгері басу енді әкімге де, ел-жұртқа да сын.

 

Жалғасы бар.

«Қазақстан жолы» газеті, №32 (677) 29.08.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.