Мемлекеттік қызметтің беделі «бес тиын» ғұрлы болмағаны ма?
Іске ширақтығы өзгелерден озықтау келетін, алғыр ойлылығымен ерекшеленетін, бала көңілді, даладай дархан пейіліне «данышпандығы» мен пендешілігі де ілесе жүретіндіктен шығар, Шымкентке «Техас» атының танылғаны. Әсіресе, соңғы 8-9 жылда шымкенттік шенді-шекпенділерде мемлекеттік қызметтің жауапкершілігіне немқұрайдылықпен қарау бел алды. Мемлекеттік мекемелерді жеке меншік фирманың деңгейіне жеткізген фактілерді естігенде жағаңды ұстайсың.
Қараңыз, Республиканы шулатып отырған жайдың төрелігін оқырманның өзіне берейік.
2013 жылы Сарыағаш ауданының №118 Т.Бигелдинов атындағы орта мектептің директоры А.Асқарова өзінің мектебінің мұғалімі М.Малдыбаеваны дәйексіз қудалайды. Сол ұстаздың үш жылдан бері жұмыссыз жүрген дауына бүгінге дейін нүкте қойылмайды.
Мәселенің заң аясында шешілуін былай қойғанда, ел бетіне қарап отырған ірі мекемелердің тірлігін көргенде, қалай түңілмессің? Мұғалім мектеп директорының мектептің ғимаратын жөндеу жұмысына өздерін салып қойған заңсыз істеріне қарсы шығып, «өзібілермен» басшысының былықтары туралы аудандық білім бөліміне шағымданады. Арнайы жргізілген тексеруден кейін аудандық білім бөлімі басшысының міндеттерін атқарушы Б.Майрихов шағым иесіне 18.11.2013ж. №1-2-163 хатпен «А.Асқароваға шара көрілгенін» айтып жауап берді.
Б.Майриховтың қолы қойылған 26.11.2013 ж. №39 бұйрық 2 мәтінде жазылады. Біреуінде: «…оқушылардың тоқсандық бағалары қорытылмағаны, сынып журналдарын бүлдіріп қайта толтыруға жол бергені және бақылау мен басшылықты осалдатқаны үшін… Айша Асқароваға ҚР Еңбек кодексінің 72 бабы,1 тармағы 2 тармақшасына сәйкес сөгіс берілсін» деп жазылған.
Ал, дәл осы №39 бұйрықтың екінші мәтінінде: «…сөгіс берілсін, №118 Т.Бигелдинов атындағы жалпы орта мектептің директоры лауазымынан босатылсын»,- деп жазылған. Бұйрық былай шығыпты ғой деп «былқ» ете қойған А.Асқарова жоқ.
Дау-жанжал Астанадағы министрлікке жеткенде ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта мектеп департаменті директоры Ж.Жонтаева Сарыағаштық мұғалімге «А.Асқароваға сөгіс берілді» деген жауабын жолдайды. Шындық іздеуде білім саласы мекемелерінен күдерін үзген М.Малдыбаева енді заңдылықты қадағалаушы органга сеніп, прокуратура органына шағымданады. Ал Сарыағаш ауданы прокуроры Х.Маматаев облыстық Еңбек инспекциясы басқарма басшысы Б.Есқараевқа М.Малдыбаеваның 11 беттік арызын жіберіп, 06.03.2014ж. №2-1213-14-0135 хатында жазбаша хабарлауды тапсырады.
Арызына жауапты 3 ай күткен М.Малдыбаева енді амалсыздан облыс прокуроры И.Имановқа шағымданады. Облыстық прокуратура арыз иесіне 23.06.2014ж. №2-12150-14-12710 хатпен берген жауабында Еңбек инспекциясының тексеруінде ешқандай заңбұзушылық анықталмағанын хабарлайды.
Ал «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» Қоғамдық қоры осы мәселе бойынша облыстық Еңбек инспекциясына жолдаған сауалына мекеме «біз ешқандай тексеру жүргізген жоқпыз, себебі Х.Маматаевтың хатын алған жоқпыз», — деген жауап береді.
Мемлекеттік мекемелер, оның ішін де прокуратура араласып отырған жердегі былық осындай болып жатса, шындық іздеп шырылдап жүрген оңтүстіктіктердің үмітінің арқауы алтын арқанмен есілген болса керек, төрт жыл бойы шындық іздеген ғой. Облыс прокурорының жауабын жоққа шығарған Еңбек инспекциясын хатын оқығанның ұяттан жерге кіргендей боларсың-ау.
Тағы бір қызық факті, осы ауданның білім саласы Б.Майрихов болмаса, қараң қалатын сияқты. Ол білім бөлімінің басшысы да болды. Қарық қылмады. Жаза алып жұмыстан кетсе де, білім бөлімінің шарбағынан шығарылмайтын көрінеді. №39 бұйрыққа 2 түрлі мәтін жазып, қол қойып ұятқа қалдым-ау деген Майрихов жоқ. Пәруайы пәлек. Ауданның білім бөлімін аз уақыт басқарғанынның өзінде облысты шулатып, сотты болып Маханов кетті жайына. Мәңірейіп Майрихов отыр, әлі. Сонда бұл ауданда бұл қызметке лайық бір ұл немесе бір қыздың табылмағаны ма?
Бәрі ауданның тірлігін істегеннен гөрі, курортқа демалуға келгендей болып жүрген аудан әкімі Қ.Әбдуәлиевке қатысты болып отырғаны, баршаға аян. Соңғы 6-7 жылдың ішінде Сарыағаш әкімге жарыған емес. Ақсу-Жабағалы аймағындағы А.Мырзахметов пен Б.Оспановтардың «Демалыс аймағына» қамқоршысы болудан артық тірлікке бара алмаған Қ.Әбдуәлиевтің 300 мың халқы бар ауданды басқаруы «ертегі» десе де болатын шығар-ау. Осындай жерде қатардағы мұғалім шындықтың түбіне жетеді дегенге кім сенеді? Осыған қарап мемлекеттік қызметтің беделі «бес тиын» болғаны ма деп намыстанарсың, бір одан не шағады?!