МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР БАСШЫЛАРЫНА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ САЯСАТ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалында «Жобалық менеджменттің әдістері мен құралдарын мемлекеттік басқаруда енгізілу тиімділігі» тақырыбында семинар өтті.
Жиынға Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің қалалық департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басқарма басшысы А.Колосков, филиал директоры А.Нысанбаев және жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Басқарма басшысы А.Колосков 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын және оның жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарымен таныстырып, стратегиялық құжатта сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру, азаматтық қоғамның рөлін күшейту міндеттері қарастырылғанын баяндады.
«Мемлекеттік органдарды бағалау сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тәуекелдерін азайту және мемлекеттік қызметтерді алу кезінде кедергілерді жою бойынша шараларға негізделетін болады» — деп атап өтті А.Колосков.
Сонымен қатар, Департамент тарапынан жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстардан хабардар ете отырып, мемлекеттік органдармен жүргізілетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
«Құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ қоғам өкілдерімен бірлескен күш-жігердің арқасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ахуалды түбегейлі өзгертіп, оны жоя аламыз» — деп сөзін қорытындылады спикер.