МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ БАСҚА ЖЕРДЕ ЕМЕС, ӨЗ ЕЛІНДЕ МҮШКІЛ КҮЙ КЕШУІ, БҰЛ – МАСҚАРАЛЫҚ!

Смағұл ЕЛУБАЙ.

Бүгінде парақорлық, жем­қорлық, ұрлық-қарлық, азғындық, ажырасу, пе­до­филдік, гомосексуализм, на­ша­қор­лық, әкеден безу, бала­сын сату тәрізді біздің ұлттың бойында бұрын болмаған сұм­дықтар шығып жатыр. Соци­ализм бізге құдайсыздықты, имансыздықты алып келді. Сай­тани қоғам орнатты. Со­ның салдарын әлі тартып жа­тырмыз. Бүгінде үйленген жас­тардың қырық пайызы ажырасады. Бес жүз мыңдай қыз-келіншектеріміз тұрмыс құра алмай жүр. Ол демографиялық тұрғыда бір миллиондай қазақты жоғалту деген сөз. Мұндай сұмдықтар бұрынғы дәстүрлі қазақ қоғамында болмаған. Ал енді сол университеті, кі­тап­ханасы, театры, киносы, теле­дидары, мектебі болмаған, тек дін үйрететін медресесі ғана болған қоғамда жаңағыдай төбе шашыңды тік тұрғызатын қылмыстар болмағанын айтып отырмын. Тіпті көшпелілер үй есігіне құлып та салмайтын. Оның себебі не? Себебі адам­дарда иман болатын. Қазақ иман жинауға күш салатын. «Иман­сыз» деген сөз – ең ауыр сөз болды. Иман қайдан келді? Ол діннен келді. «Ертең Құдай алдына барамыз, әр істеген амалымызға жауап береміз» деген сенімнен келді. Ата-бабаларымыз О дүниеге сенді. Сондықтан да біз ұрлық-қарлық, парақорлық, азғындық, ұлттық деградациямен күрестің жалғыз жолы жаппай иманға бет бұру деп білеміз. Яғни дәстүрлі дінімізді қалыпқа келтіру деп білеміз. Ол дегеніміз, отырып алып таңнан кешке дейін намаз оқи беру деген сөз емес. Алла адамның жүрегінде болуы керек, ал екі қолы жұмыста болуы керек.

*   *   * 

90-шы жылдары империя құлаған кезде біз батыс­тың озығын алудың ор­нына, тозығына жармаса кет­тік. Әсіресе, жастарымыз. Экран арқылы бізге батыстың былығы құйылды ма? Құйылды. Жертөлелерде балалар порно­графия көріп отыратын. Со­ның нәтижесі не болды? Суи­цид, жаппай ажырасу, гомо­сек­суа­лизм, алкоголизм, нашақорлық, жезөкшелік бізге келді. Қазір осылар жастарымызды аздырып жатыр. Осынау қылмыстар кешегі полиция жоқ, түрме жоқ, прокуратура жоқ, театр жоқ ұлы далада болып па еді? Жоқ, болған жоқ. Қалай болмады? Қазақтың үйіне қол салмайтын, есік ешқашан құлыпталмайтын. Ол ненің арқасы? Қазақтың жүрегіндегі иманның арқасы. Тек қана иманның арқасында осынау Ұлы дала халқында жария еткен қылмыстардың біреуі де жоқ, ұждани-моралдық тұрғыда ба­тыстан он есе жоғары, он есе таза ұлт болды. Неге біз батыс салған жолмен жүруіміз керек? Бұл өзімізді тұйыққа тіреу емес пе? Батыс азғындығына ұрыну емес пе? Олардың технологиясы дұрыс, киімді жақсы тігеді. Оны алайық. Ал бірақ осылардың моральдық ұстанымының бізге бір тиынға қажет жоқ, ағайын. Қазақстан батысқа да еліктемей, шығысқа да еліктемей өзінің ата-бабалары салған жолымен жүруі керек. Ата-бабаларымыз мыңдаған жыл бойы ұлы далада ғажайып социум ұйымдастырды. Батысты былыққа батырған сегіз қылмыстың бірі де ұлы далада болмаған.

*   *   * 

Қытайдың 52 зауытын Қа­зақстанға көшіру жө­ніндегі екі ел басшы-лары  жасасқан келісім еді. Бұл ке­лі­сімнің Қытайдың ұлт­тық мүдде­сіне сай келетіні күмән тудырмайды. Өйткені 52 зауытпен бірге Қазақстанға мыңдаған қытай жұмысшылары келеді. Олар келсе, қалайда Қазақстанға орнығуды көз­дей­ді. Қазақстанда қытай диаспо­расын көбейту – Қытай елі үшін стратегиялық мүдде. Ал Қа­зақстан үшін бұл келісімнен не пайда?! Тактикалық тұрғыдан Қытайдан миллиардтап қарыз алу үшін қажет болған шығар. Бірақ стратегиялық тұрғыдан бұл 52 зауыт Қазақстандағы Қытай экспансиясына кең жол ашпай ма? Бүгінгі күннің қара­жат проблемасын шешеміз деп біз қазақтың ертеңгі ұрпа­ғы үшін айықпас проблема та­уып бермейміз бе?! Сонда ертеңгі жас ұрпақ миллиард қы­тай экспансиясымен қалай күреспек?! Бізді бүгінде осы сұрақтар мазалайды. Бізді ғана емес, күллі қазақты мазалайды. Осындай жан ауыртар сауал­дарға жауап таба алмай отыр­мыз. Әлде біз естімей қалдық па? Бұл келісім тек қана бүгінгі ел тағдырына емес, ертеңгі ел тағдырына тікелей әсер ететін шешім болғандықтан, бұл сұ­рақтарға егжей-тегжейлі жауап берілуі керек еді.

*   *   * 

Еуропа, Америка бір жы­нысты некені заңдас­тырды. Ол ұрпақ өмір­ге келмесін деген сөз. Азғын­дық­тың одан өткен түрін табу қиын. Түбінде бұл елдер өз қызымен өзі ойнауды, өз ұлына өзі күйеуге шығуды да адам құқы деп заңдастыратын шығар. Өйткені батыстық либерализм құдайсыздық жолына түскелі сайтан жолымен тартып келе жатқаны аян. Мінеки, осы рухани апаттан бізді дәстүрлі дініміз, иманымыз ғана қорғай алады. Онсыз біз батысқа ілесіп кете берер болсақ, түптің-түбінде қайтып шықпас құрдымға кете­ріміз хақ.

*   *   * 

Сонау 40-шы жылдары өзіміз нанға жарымай отырып, бала-шағамыз­ды баға алмай отырып, екін-ші бөлмесіне не орыстың ба­ла-шағасын, не кәрістің ба­ла-шағасын, немісті бала-ша­ға­сы­мен орналастырдық ғой. Бү­гінгі миллионерлер бір орал­ман­­ға қолын созды ма? Орал­ман тұрмақ ағайынын үйге кіргізбейтін жағдайға жетті. Бұл да батыстың бізге жұқтырған индивидуализм деген кеселі. Ол эгоизмнен туады. Адамға берілген азаттықты батыс аб­сурдқа айналдырды. Дәстүрлі отбасын құрту үшін гендерлік саясат, әйел теңдігі деген әдемі ұран ойлап табылды. Ал осының ар жағында біз сияқты ұйып отырған ұлттың берекесін алып, дәстүрлі отбасын жою тұр. Батыста жойып болды, енді бізде жою керек болды. Мінекей, бізге келіп жатқан мәселелердің жа­ман-жақсысын ажыратпай аузы­мызды ашып, қылғыта береміз. Бұл бізді апатқа алып барады.

 *   *   * 

Қазақстандағы өзге ұлт­тар­ды өкпелетіп алма-йық деп жүріп, өзімізді өшіріп   алмауымыз керек. Эфир­ге шығып алып, мүйізі қарағайдай 15 үкімет мүшесі орысша көс­теңдеп, ұрпаққа теріс үлгі бе­ріп отырады. “Бұлай істеуге бол­майды” деп ойбайлаумен келе жатырмыз. Үлгі беретін басшылар ел алдына шыққанда осылайша орысша көстеңдей беруін доғармаса, Қазақстан еш­қашан толық қазақшаға көшпеуі мүмкін.

Бір орыс отырса бітті, 100 қазақ  орысша көстеңдей жөне­леді. Сонда мен өңшең құлдарды көргендей бо­ламын. Құл халық қалай азат халық болады? Ен­деше, шапшаң жаңғыруымыз ке­рек.

*   *   *

Отыз жылда отыз сөз үйренбегендер қызмет­тен кетуі тиіс. Мемле­кеттік қызметкерлердің мемле­кеттік тіл білуі бұл қызметте оларға қойылатын бірінші шарт болуы қажет. Орыс тілін осы үйренгеніміз де жетер! Өз тіліміз­де сөйлей алмай күл­лі әлемге күлкі болдық. «Қазақ – өз тілі жоқ халық» деді Жириновский. Соның айтқаны келді. Шетелдегі студенттеріміз соны дәлелдеп жүр. Қазақстанда қазақ тілінің бұлайша қор болуы тәуелсіздікке көлеңке түсірді. Тәуелсіздіктің қа­дірін кетірдік. Тәуелсіздікке неге ұмтылады халықтар? Не үшін қан кешеді? Өзін-өзі сақтау үшін. Тілін, ді­нін, елін, жерін сақтау үшін. Біз­ге тәуелсіздік аспаннан түс­кендей болды да, соның ба­ға­сын білмей, қадірін кетірдік. Мемлекеттік тілдің басқа жерде емес, өз елінде мүшкіл күй кешуі, бұл – масқаралық! Бұдан өткен масқаралық жоқ! Енді ес жию керек!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.