Мерекесі көп елдің берекесі болмайды

Жуырда желіге кеңінен тараған әзілкеш Жүсіп ағамыздың әңгімесі кез-келген ойлы оқырманға ой салмай қоймады. “Қазақтың тойларын қысқарту керек” деп шырылдаған Мәдениет қайраткерінің сөзінің жаны бар.
Қазақ тойшыл халық. «Күнде тойдамыз, Құдай тойдан кенде қылмасын» дегенді жиі айтады. Шүкіршілік. Қазақтың белгілі ғалымы Мырзатай Жолдасбеков қаламызда өткен бір жиында сөйлеген сөзінде «Шымкентте күн сайын 30 мың адам тойда жүреді екен» дегенді айтып еді. Ия, рас. Қазір қазақта күнде той. Бірақ «Мерекесі көп елдің берекесі болмайды» деп Қ.Мырзалиев ағамыз айтқандай, той, сауық-сайран мен құр даңғазалық халықты мезі етіп, тіпті кейбір құндылықтардан айырып бара жатқаны тағы бар.
Бүгінгі қазақтың той өткізу салты туралы ортаға салынып жүрген пікірлер аз емес. Ұлттық тәрбие беретін, оның бесігі болған қазақтың тойы қазір қандай деген мәселе ойландырмай қоймайды. Әдет-ғұрыптың, салт-сананың, өнердің бағын ашатын да, сынайтын да ұлттық тойымыз болса, мұның барлығы бұрынырақта болған сияқты дейміз. Ал қазіргі тойымыздың өзі бір бөлек тәрізді. Түсі мен мазмұны өзгеше. Жаңашылдық деп жүрміз. Батыстық та, шығыстық та бағдар мен сәйкестік көрінбейді. Әр той иесі өзінің ойына келгенін істейтін шараға айналып бара жатқандай. Бұл ретте бүгінгі күні тойдың дастархан сәнін дұрыс жолға қойдық дейік, ал той өткізудің мәнін әлі дұрыстаған жоқпыз.
Көп жеген бал жүрек айнытады. Ал тойлардың қадірін жоғалтып, көп болуы – халықтың берекесін алды. Қарызданып, қауғаланып тойға барып жүрген бір адам. Әлеуметтік желідегі той масқаралықтары көз сүріндіреді. Әйтеуір, өмірімізде қандай да бір атаулы күн орын алса, 500 адамды жинап алып той жасау сәнге айналғандай. Баламыз «ата, апа» деген сөзді айтса да той жасай салатын халге жеттік қазір. Бұрындары «Тойдың боларынан боладысы қызық» деп, тойымызға пәлен күн қалды деп тағатсыздана күтіп, ақ түйенің қарны жарылғандай қуанып, ауылдағы адамдардың бәрі сол тойдың төңірегінде әңгіме қозғайтын. Қазір күнде той. Бармасаң тағы болмайды. Сүндет той, бесік той деген мал сойылып, туғандарының ғана өз ортасында жасалатын дүние ғой. Оған алашапқын болып, үлкен той жасап, далақтаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Әжелеріміз “тышты ма, тышты ма?” деп бесікті ұстап баламызды бесікке салатын. Қазір тойханаға барып, сонша адамды шақырып, төгіліп-шашылып қалғымыз келіп тұрады. Мектеп бітіру тойын да жасайтын болыпты. Оның не керегі бар? Әлемде жалғыз сенің балаң ғана осы мектепті бітіріп пе еді?! Құдай-ау, мектеп бітірген баланы әуелетіп төрге отырғызып қояды. Сен қала, қалама, онсыз да бітіретіні белгілі сол мектепті. Баласы бір «Алтын белгіні» алса мейлі ғой бұл қазақтың. Қыз ұзату тойының өзі үлкен салтанатпен өтеді. Қазақ қызын қимастықпен шығарып салатын. Онда сыңсу айтылып, ұзатылар қызға салт-дәстүр, ақыл сөздер көп айтылатын. Мұның да мәнісі өзгерді. Қала берді, үш қызы бар әкелер де той беретін болыпты-мыс. Не деген даңғазалық бұл?! «Үш қызы бар әке жұмаққа барады» дегенді естіп алғандағы тірлігі ғой бұл! Той түрлерін ажыратудың өзі қиын болып барады. Жиналғанның бәрі шын ниетімен қуанып келіп жатыр дейсің бе? “Бәле болды ғой, өткенде ғана той жасаған, енді немене тағы да” деп кейиді. Жолда кейбірі бәлеге ұшырап жатады. Тойға деп шығып, жол апатына ұшырағандар, сөйтіп өліп кеткендер де бар. Ілгеріде мерейтойды ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері тойлайтын. Қазір бәріміз тойлағыш болып алдық оны да.
Қазақта «ысырапшылық» деген керемет сөз бар. Шектен шыққан ысырап халықты үлкен келеңсіздіктерге ұшыратуы мүмкін. Той жасамайық демейміз, десе де барлығының өз жөні бар. Тойға келген халық демалып, қуанышты отыруы, жарасымды әзіл сөздер мен тамаша әндерді естіп, той иесімен бірге қуанышқа бөленуі керек. Бірақ қазіргі өткізіп жүрген тойдан көбіне демалып емес, шаршап, даңғаза әуендерді естіп, құлағымыз сарсылып қайтатын болдық. Жаппай даңғазалықты, күпінуді, жапа-тармағай дүние шашуды, ішімдік ішуге салынуды дертке айналдырған тойларды көргеніңде, оның болғанынан болмағаны жақсы ма еді дейсің. Осындай жағдайларды көріп отырып, «біз осы қайда бара жатырмыз?» деген ой мазалайды. Осы тақырып көпшіліктің ойын қозғап, пікір таластыратын деңгейге келгені анық. Айтылып та, жазылып та, жатыр. Дегенмен ұлттық құндылықтарымызға бетбұрыс әлі баяу.

Ұ.Өскен.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.