МҰҒАЛІМДЕРДІ ҚОЙЫП, ЕНДІ ОҚУШЫЛАРДЫ «ОЙНАТА» БАСТАДЫҚ ПА?
Мектеп басшылары қарамағында жұмыс істейтін мұғалімдерді еркінен тыс қоғамдық жұмысқа жегіп, одан қалса, сайлау сияқты саяси шараларда көше кездіріп қоятыны жасырын емес. Мұғалімнің мүшкіл хәлін ойлағандар жөн-жосықсыз жұмысқа жегіліп, қоғамның «құлына» айналған мәртебелі мамандық иелерін мұндай сорақылықтан құтқарудың жолдарын қарастырып, дабыл қағып жүргенде, енді оның ізін оқушылар жалғастырып жатқандай.
Олай дейтініміз, таяуда Шымкент қаласындағы Абай аудан әкімінің есепті жиналысына залды толтыру үшін мектеп оқушыларын жинап апарғаны жайлы хабар таратты. «Не шықсада Шымкенттен шығады» деп шулайтындарға тағы бір сылтау табылыпты. Дәлірек айтсақ, Шымкент қаласына қарасты Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев ел алдына шығып, кезекті есепті жиналысын өткізу үшін «Құрсай» шағынауданындағы №49 мектепке барады. Ол жөнінде бір басылым: «Әкімдер ел алдына шығып, есеп беруді жаппай мерекеге айналдырған сияқты. «Тірі әкімді» жылына бір рет-есеп беру жиынында көріп, мұң-мұқтажын айту бақытына ие болған халық үшін бұл расында да мереке шығар, бәлкім», — дей келіп: «Атқамінерлер әкім Ахмет Татыбаевтың елге есеп беруін мектептің қарапайым оқушылары үшін де мереке ретінде сезіндіруге ұмтылыс жасалған болса керек. Себебі мектептің акт залына кіретін дәліздің екі жағына бірдей киінген мектеп оқушыларын қаз қатар тұрғызып қойғанына қайран қалдық, қынжылдық»,-дегенді ашына отырып жазыпты.
Несі бар, қазақтың «алма ағашынан алысқа түспейді» деген мақалын ескерсек, қоғамның «құлы» болып жүрген «ағартушылардан» одан басқа қандай жөні түзу шәкірт шығуы керек еді?
Әділ Мұратбеков.
Фото rgmedia.kz сайтынан алынды.