Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы: Бұл талап ақылға қонымсыз

Экологиялық кодекс жобасының бірқатар нормаларын қайта пысықтау керек. Кодекстің жаңа жобасында мал шаруашылығымен айналысатындар үшінші топқа жатқызылыпты. Олардың қолындағы төрт түлігі мен үй құсы 100 бастан кем болса, оны жариялауы тиіс. Қоршаған ортаға тигізетін зиянын көрсету үшін. Олай етпеген жағдайда, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Бұл талап ақылға қонымсыз. Егер мен сізді дұрыс түсінсем, бұл жерде әңгіме тек жеке кәсіпкер ғана емес, ірі қара немесе ұсақ бас малы немесе қорасында үй құсын ұстайтын ауылдың кез келген тұрғыны жөнінде болып тұр. Сондай қалай болады? Мәселен, Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданының тұрғынының 5-10 тауығы бар делік. Ол соны жария ету үшін табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына баруы тиіс. Басқарма облыс орталығында, яғни ол 700 шақырым жерге сабылып, бес, тіпті бір тауығы болса да, көрсетуі керек. Солай ғой?

Жобаны дайындағандар әлгі талапты нақтылап көрсете алмаған. Ол 100-ден кем дейді. Мұны 99 деп те, 1 деп те қабылдауға болады. Бір үйір жылқы мен бір тауық қоршаған ортаға қандай зиян тигізеді? Айырмашылығы бар ғой? Бұл жерде ірі қара, жылқы, үй құстары деп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталу керек еді. Осындай норманы оқып отырғанда, амалсыз мынадай ойға келесің: жобаны дайындаған адам ауылда болды ма екен? Болмаған сияқты. Егер ондай маманды 2-3 айға ауылға жіберсе, ол тауықты сиырдан ажырата алар еді.

jasqazaq.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.