Ө. ШӨКЕЕВ КЕЛЕСТЕ БОЛЫП, ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ЖОЛЫН ҰСЫНДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Келес ауданына жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімі сапар барысында стратегиялық маңызды нысандар мен кәсіпорындарды аралады.
Алдымен 2019 жылы құрылысы басталған «Абай» автоматты газ тарату станциясында болып, жұмыс барысымен танысты. Нысанның негізгі жұмыстары аяқталған. Дегенмен әзірше газ тарату мүмкін болмай тұр. Мәселені тыңдаған облыс басшысы тиісті мекеме өкілдеріне биылға қаржысын қарап, тез арада іске қосуды тапсырды.
Облыс әкімі жоғарыда аталған және өзге де өзекті мәселелерді келестіп ақсақалдармен кездесуде талқылап, шешу жолдарын айтты.
— Жуырда Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевтың есебін тыңдадық. Атқарылған жұмыстардың көзбен көру үшін бүгін Келес ауданына келіп отырмыз. Шешімін таппай отырған мәселелер де баршылық. 2019 жылы құрылысы басталған «Абай» газ тарату станциясы бүгінгі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Дегенмен биыл қаржысын қарап, тез арада іске қосу жұмыстарын жүргізуге тапсырма бердім. «Қазтрансгаз» мекемесімен бірге тиісті жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындар тарапыннан да құжаттарын тез арада рәсімдеп, абоненттік есеп-шоттарын ашу бойынша жұмыстарды жеделдету қажет. Ауданда агросаланы және мал шаруашылығын дамытуға керемет мүмкіндік бар. Бірақ бұл потенциал толық пайдаланылмай жатыр. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында да жұмыс жүруі тиіс. Өздеріңізбен арнайы жүздесіп, өзекті түйткілдерді талқылауды жөн көрдім. Мақсат —елдің пікірін білу, ауданды дамыту. Алдыңғы жұмыс сапарымда тұрғындар Ақтөбе ауылындағы мектеп мәселесін көтерген болатын. Ол өтініш бойынша тиісті шаралар қабылдадық. Қосымша қаржы бөлінді, биыл мектепті пайдалануға береміз. Әрбір ұсыныс, өтініш бойынша тиісті жұмыс жүреді, — деді
Ө. Шөкеев.
Келестік қариялармен кездескен өңір басшысы Абай ауылында орналасқан «Қазыналы қария — тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысты. Әлеуметтік қызмет көрсететін мекемеде қарттар үшін барлық жағдай жасалған.
Одан кейін өңір басшысы 1987 жылы салынған «Ақылбек Сай» су қоймасының жайымен танысты. Су қоймасының мүмкіндігі мол екеніне тоқталды. Кешенді жоспар жасап, жақын маңдағы 2 мың гектар жерді ағын сумен қамту мүмкіндіктерін іске асыру керектігін тапсырды. Іссапар барысында өңір басшысы облыстың оңтүстіктегі 5 ауданын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ететін «Қызыләскер» қосалқы станциясының құрылысын көріп, нысанды іске қосу бойынша мәселелерді талқылап, тиісті тапсырмалар берді.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.