Ө.ШӨКЕЕВ: ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Түркістан облысында биыл 88 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» шеңберінде «Еңбек» бағыты бойынша 70 250 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделген. Ұлттық жобалар аясында жаңадан ашылатын жұмыс орындарына 7 086 адам жұмыспен қамтылады. Жеке бастамалар арқылы 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту шараларына тартылады. Мемлекет басшысының жыл сайын 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмасы бойынша Түркістан облысында тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бұл туралы апталық аппарат отырысында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, үш бағыттағы жұмыспен қамту шаралары аясында 47 мыңнан астам адам немесе 54 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды.
Халықты жұмыспен қамту мен кірісін қамтамасыз етуге басымдық беруді айтқан облыс әкімі, жұмыспен қамтудың жаңа үлгісі – жаппай кәсіпкерлікті дамытуды міндеттеді. Бұл бағыттағы шараларды күшейтуді тапсырды. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаржыны барынша тиімді пайдаланып, міндетті зейнетақы төлемдерінің кешіктірілуіне жол бермеуін жүктеді. Жаңадан қолға алынған пилоттық жобалар негізінде алыс — жақын шетелдік компанияларды инвестиция салуға тартуды тапсырды.
— Жұмыс орындарын ашу – әкімдердің ең маңызды міндеті. Әр ауылдан шағын және орта бизнес көзін дамыту керек. Өңір халқының табысын арттыруға бағытталған жұмыстар ары қарай да өз жалғасын табатын болады. Халықтың табысын арттыру бойынша «Түркістан облысы бойынша 2022-2025 жылдарға арналған жұмыспен қамту картасы» жобасы бекітіліп, нәтижесінде, жалпы 144 мыңдай жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның шынайы жаңару кезеңіне сәтті қадам басуы жолында алдымызға қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттерді бүкіл қоғам болып жұмыла атқаруымыз маңызды,-деді облыс әкімі.
Ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын барлық жобаларда жұмыс орындары ашылуы көзделген. Олардың ішінен 429 жоба негізінде ашылатын
7086 жұмыс орны Еңбек Министрлігінің жанындағы «Электронды еңбек биржасына» тіркелуі бақылауға алынған. Бүгінде 300-ге жуық жоба аясында ашылған 3326 жұмыс орындары Электронды еңбек биржасында жарияланды, олардың 45 % -ы жұмысқа орналасты. Жұмысқа орналасқандарға міндетті зейнетақы жарналары аударылады.
Еңбек министрлігінің ұсынған дерегіне сәйкес, 10 мың тұрғын саны негізіне 16-62 жас аралығындағы халық саны (1 085 391 адам) есепке алынып, Түркістан облысына 10 854 тұрақты жұмыс орындарын ашу межеленді. Оның басымы – жеке бастамалар, салық органдарында жаңадан тіркелген жеке кәсіпкерлер, орта және шағын бизнесте ашылған жұмыс орындары негізге алынады. Биылдан бастап «Жастар тәжірибесі» жобасы шеңберінде 5 658 адамға 6,2 млрд. теңге, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 386 азаматқа 436,7 млн. теңге қаржы қаралды. Сондай-ақ, жастардың іскерлік бастамаларына қайтарымсыз 3,4 млрд. теңгеге 2 765 гранттар беру көзделуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі