ОБЛЫС ӘКІМІ ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ТӨЛЕБИ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Түркістан облысының әрбір аудан, қаласында Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, өңір басшысы Дархан Сатыбалды халықпен ашық кездесулер өткізіп келеді. Кезекті кездесу Төлеби ауданында жалғасты. Облыс әкімі осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстарды баяндады. Алдағы жоспарларды пысықтап, ауданның дамыту жұмыстарына тоқталды.
– Бүгін өздеріңізбен маңызды мәселелерді талқылау үшін жүздесіп отырмыз. Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында сіздердің ой-пікірлеріңізді естіп, ауданды әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Ауылдық жерлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Төлеби ауданында 2023 жылы 16 елді мекенде 27 жобаны іске асыруға 3,5 млрд теңге бөлінді. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру, әл-ауқатын жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 1 млрд теңгеге 190 жоба қаржыландырылды. Төлеби ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 2021 жылдан бері 36 пайызға өсіп, 2023 жылы 146 млрд теңгеге жетті. Біз аудандағы кейбір салалардағы кемшілікті жасырмай ашық айтып, олардың шешу жолдарын қарастыруымыз қажет. Біз әлі де қоғамдық немесе әлеуметтік жұмыстардан бөлек, өз жұмыс орнымызды ашып үйренуіміз қажет. Нарық талабы солай. Бизнесті қолға алып, өндірісті дамытуымыз керек, – деген облыс басшысы елімізде өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына атсалысуға шақырды.
Мемлекет басшысы мектептерді жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтуды тапсырған болатын. Облыста жалпы саны 330 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін «Starlink» спутниктік интернет құрылғысын орнату жұмыстары басталып, бүгінде 329 мектепте орнатылды. Оның ішінде Төлеби ауданында жоспарланған 20 мектептің 19-на қосылды. Қалған бір мектепте тамыз айында іске қосылады. Бастапқы интернеттің жылдамдығы секундына 20 мегабитке жетпейтін болған, қазіргі кезде 200 мегабитке жетіп, сапалы қызмет көрсетіліп жатыр.
Аудан әкімі Төлеген Телғараевтың ауданда 2023-2024 жылдары атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалған соң тұрғындардың сұрақтарына кезек берілді. Төлебиліктер инфрақұрылым, кәсіпкерлікті қолдау, құрылыс пен туризм саласы және өзге де мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, өтініштерін айтты. Облыс әкімі әрбір өтініш бақылауға алынып, тиісті жұмыс жүретінін жеткізді. Сонымен бірге аудандағы өзекті мәселелерді қозғап, оларды шешу бойынша аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді.
Кездесуден соң өңір басшысы жеке қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарының өтініш-тілектеріне құлақ түрді. Жергілікті тұрғын Нысанбек елді мекенінің атауын Қапал батыр ауылы деп қайта атауды ұсынды. Зертас ауының тұрғыны осыған дейін көтерген елді мекенге спорт кешенін салу мәселесінің шешімін тапқаны үшін алғысын айтты. Төлебиліктер баспана, инфрақұрылым мәселелірін қозғады. Қабылдауға құқық қорғау органдары мен аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары қатысып, мәселелердің тиісті шешімін табуға атсалысты. Өңір басшысы жауаптыларға нақты міндет жүктеді.
Төлеби ауданына сапар аясында облыс әкімі Дархан Сатыбалды аумақтың тазалығына жауапты мамандармен жүздесті. Аудандағы санитарлық тазалықты сақтау үшін техника сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі