ОҚО-ДА ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ КӨШПЕЛІ КӨРМЕ ЖОБАСЫ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының ұйымдастыруымен «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі кешен көрмесі өз жұмысын бастады. Мемлекет басшысының тәуелсіз Қазақстан елінің қалыптасуындағы шешуші рөлін жан-жақты көрсету мақсатында ұйымдастырылған көрмеде оңтүстікқазақстандықтар назарына Елбасы кітапханасының архив, кітап, музей қорларынан алынған материалдар ұсынылады. Яғни, Астанадағы Елбасы музейінен 800-ге жуық түпнұсқа қолжазба, суреттер және жеке заттары әкелінді. Еліміздегі облыстар арасында алғаш рет Оңтүстік өңірінде бастау алған көшпелі көрме 2018 жылдың мамыр айына дейін жалғасатын болады.

Көрменің ашылу салтанатына ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы – «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ-нің директоры Махмұт Қасымбеков пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев және облыс зиялылары мен жастары, БАҚ өкілдері қатысты.

Көшпелі кешен көрмесі «Көшбасшы жолы», «Көшбасшы феномені», «Әлем таныған, Көшбасшы», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» атты төрт бөлімнен құралған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша,  алғаш рет Оңтүстік жұртшылығына Н.Ә. Назарбаевтың өзге елдің басшыларынан берілген жоғары мемлекеттік наградалары, қазақстандық авторлар және мемлекет басшылары тарту еткен қолтаңбасы бар кітаптар, Елбасының  шет тілдеріне аударылған кітаптары ұсынылып отыр.

Жоба аясында халықаралық ғылыми конференция, аймақтық кәсіби сессия, шолу және тақырыптық экскурсиялар өтеді. Сондай-ақ, «Түркістан» концерт залында Президент оркестрінің концерті ұйымдастырылады деп күтілуде.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.