ОҚО-да халықаралық велошеру өз мәресіне жетті
Бүгін Ташкент-Шымкент велошеруінің қатысушылары 130 км қашықтықты артқа тастап Шымкент қаласына келді. Велосипедшілер «Жібек жолы» кедендік бекетіне жетіп «жасыл дәліз» арқылы өтіп, алдағы 100 км қашықтықты жүріп өтуді мақсат етті.
Аталған велошеруге қатысуға Қазақстан және Өзбекстан азаматтары өтініш білдірген. Қазақстаннан Алматы, Астана, Тараз және Шымкент қалаларының тұрғындары қатысты. Қатысушылар арасында ең үлкенінің жасы – 60 жаста болса, ең кішкентайы- 11 жаста. Айта кетейік, қатысушылардың барлығы кәсіпқой велосипедшілер емес. Олардың барлығына арнайы жағдай жасалып, әрбір 25 шақырым сайын жүрек жалғайтын тағамдар ұйымдастырылған шатырлар орналастырылды.
Велошеруге қатысушылар 130 шақырымды басып өтіп, оларды оңтүстікқазақстандықтар зор қошеметпен қарсы алды.
Қазақ пен өзбек – түбі бір туысқан халықтар. Екі елдің арасындағы тарихи қарым-қатынас бұрынғы жібек-жолы кезеңінен байланыс тауып, бауырластық пен достыққа негізделіп келеді. Екі елдің мәдениеті мен салт-дәстүрі, діні, тілі ұқсас. Қазақстан мен Өзбекстан бұл байланысты тәуелсіздік жылдары сақтап қана қоймай, нығайтып, жаңа деңгейге көтеруде.
Сондай-ақ шара барысында бірқатар қатысушыларды дипломмен марапаттады.
Халықаралық велошеруге Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Райымбек Батталов бастаған қонақтар да қатысты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі