ОҚО-да өзбекстандық инвесторлар тұрмыстық газ плитасын құрастыратын цехты іске қосты
Өзбекстан мен Қазақстан Республикасының сауда-экономикалық ынтымақтастығы нәтижесінде ОҚО-да өзбекстандық инвесторлар тұрмыстық газ плитасын құрастыратын цехты іске қосты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Таяуда ғана Мемлекет басшысының Ташкентке жасаған ресми сапарында да жаңа келісімдерге қол жеткізілді. Енді екі ел арасындағы байланыстардың тереңдеуінің арқасында Оңтүстік Қазақстан облысында тұрмыстық техника яғни газ плитасын шағаратын цех іске қосылды. «Бадам» индустриалды аймағындағы жаңа кәсіпорынды ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев пен Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев арнайы аралап, жұмысымен танысып шықты.
Жылына 50 мың дана газ плитасын құрастыруға қауқарлы жобаның құны – 102 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда кәсіпорында қондырғыларды орнату жұмыстары аяқталып, іске қосылған.
«Әзірге біз жеке қаржымызға қондырғыларды сатып алып, орнатып шықтық. Мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Шығарылған өнімді ішкі нарыққа саудалауды жоспарлап отырмыз. Біздің зауытта дайындалған газ плиталарының сапасы шетелдік өнімнен еш кем болмайды. Әрі бағасы да қазіргі нарықтағыдан төмен болады»,- деді «Artel Manufacturing» ЖШС-нің директоры Рамзитдин Хикматов.