ОҚО-дағы денсаулық сақтау ұйымдары 100 пайыз кешенді медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз етілетін болады
Алдағы қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысындағы жедел медициналық көмек қызметін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында бірыңғай Call-орталығымен планшет арқылы байланыспен жабдықталған 74 бірлік санитарлық автокөлік жұмысын бастайтын болады. Аталған жаңа жүйе әрбір медициналық көмек бригадасына науқасқа жету уақытында онлайн режимде пациент туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бүгін бұл туралы қаладағы №4 облыстық перинаталды орталығында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бастаған жұмысшы топ алдында баяндама жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұхан Егізбаев мәлім етті.
Облыстың медициналық ұйымдарын кешенді медициналық ақпараттық жүйемен қамтамасыз ету мақсатында екі кезеңде жүзеге асырылатын іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бірінші кезеңге сәйкес, жыл басынан бері облыстың 35 амбулаториялық-емханалық ұйымында медициналық ақпараттық жүйе орнатылған. Екінші кезеңге сәйкес жылдың соңына дейін 68 медициналық ұйымда медициналық ақпараттық жүйе құру жоспарланып отыр.
Жаңа жүйе қоланысқа енсе, қағаз түріндегі құжат айналымы азайып, науқастардың медициналық ұйымдары арасында бостан-бос жүруін едәуір қысқартады. Сондай-ақ, облыс халқы республикада алғашқылардың бірі болып, электрондық денсаулық паспорттарына қол жеткізбек.
Облысымызда ана өлім–жітімінің көрсеткіші ағымдағы жылдың 8 айында 44 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, нәрестелер өлім–жітімінің көрсеткіші соңғы 5 жыл ішінде серпінді түрде төмендеп келеді. Өйткені, өңірде балалар мен босанатын әйелдерге жәрдем беру мақсатында медициналық көмек көрсетудің біріктірілген үлгісі қолданысқа ендірілді.
Атқарылған жұмыстарға оң баға берген Үкімет басшысы жедел медициналық көмек қызметін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатындағы жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.