«ОҢТҮСТІКТІҢ» ӨНЕГЕЛІ БАСТАМАСЫ ЖАЛҒАСЫН ТАПСА, НАҒЫЗ ЖАҢҒЫРУ СОЛ!
Жуырда Түркістанда қазақ руханияты қайта жаңғырып, батыр бабалар рухын ұлықтаған күн өтті. «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының шығармашылық ұжымы мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан осымен екінші рет дүбірлі дода өткізді. Былтыр Қамбар батырды ұлықтаған әріптестер биыл «Алпамыс батыр» жырын жаңғыртты.
Өскелең ұрпақ жыр-дастандарды жаттау арқылы өзінің кім екенін, қайдан шыққанын біледі. Осындай ынталандыру арқылы біз өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылықты, патриоттықты дарытамыз. Байқау «бүгінде жастар интернеттен басқаны білмейді, кітап оқымайды, өлең жаттамайды» деген сыңаржақ пікірді жоққа шығарды. Оқушыларды додаға салу арқылы олардың шыңдалуына жол ашып қана қоймай, оны дайындаған мұғалімнің еңбегі паш етілді. Рас, бүгінгі қоғамда мұғалімді мүсіркейтін жағдайға жеттік. Ал, өзі дайындаған оқушыны байқауға қатыстырып, бас жүлдеге темір тұлпар мініп жатса, ондай мұғалімнің мәртебесі де асқақтайды емес пе?!
Алдымен аудандарда өтіп, іріктеуден сүрінбей өткен 33 оқушы облысқа жолдама алған болатын. Сол отыз үштің он үші алғашқы айналымнан өте алмай, екінші турда жиырма үміткер бақ сынады. «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып қана қоймай, әдебиеттің сын қилы сұрақтарынан, көне сөздерді жаңғыртудан сүрінбей өткендер ғана ақтық сынға жолдама алды. Соның ішінде жүзден жүйрік шыққан отырарлық Олжас Бакираға 200 000 теңге ақшалай сыйлық берілсе, ұстазы Айнұр Әлшеріге «Приора» автокөлігінің кілті тапсырылды. Ал, І орын алған шардаралық Ә.Төлепке 100 000 теңге, ұстазына – теледидар, II орын алған отырарлық Қ.Бакира мен арыстық Ұ.Мұқан да 75 000 теңгеден ақшалай сыйлық алды. Олардың ұстаздарына ноутбук берілді. Үш III орын созақтық Р.Шалтай мен Н.Сайлауға және арыстық Ә.Жорабековке бұйырса, оларға ақшалай сыйлық, ұстаздарына планшет берілді.
Сондай-ақ, «Оңтүстік Қазақстан» газеті қызметкерлері сахналық қойылым қойғанда, әріптестеріміздің кәсіби әртістерден кем түспейтін өнеріне сүйсіндік. «Алпамыс батыр» жырындағы Байбөрі рөлін А.Наурыз, Аналықты Ү.Алтаева, екінші бөлімінде: атасы – Ж.Ділдабеков, әжесі – Т.Саипова, әкесі – Д.Тұрсынұлы, анасы – Ж.Мамырәлі, қызы–Сая, ұлы-Бек өз рөлдерін сәтті сомдап шықты. Бұл журналистердің жан-жақтылығын, сахнада анау-мынау әртісті жолда қалдыратын өнерлілігін білдіреді.
Жас жыршылар байқауына қатысқан 33 үміткердің өнеріне құрамында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы Б.Тұрғараев, ҚР Халық әртісі Қ.Бекбосынов және идея авторы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан бастаған қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері әділқазылық етіп, бағасын берді. Әділқазы демекші, ұзақ жыл сот саласында төрелік айтқан Б.Тұрғараевтың бұл шараға ерекше атсалысқанын да айта кетейік. Өнерлі жастарды қолдап, ел руханиятының өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген оның осы іс-шараға жасаған демеушілігін де әріптестері құрметпен айтып жүр.
Байқаудың ашылу рәсіміне облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Тәжібаевтың қатысып, алғысөзбен ашып бергенінің өзі оның өнерге деген құрметін білдірсе, облыс әкімі Ж.Түймебаевтың құттықтау хатын облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ғ.Шарафиева оқып берді. Ал, байқау тоқсанның төріндегі қария Нұрмұхаммед Әжіметовтың ақ батасымен ашылды.
Қазір оңтүстіктен басталған бұл шара еліміздің басқа өңірлерінде де қызу қолдау тауып жатыр. Айталық, Алматы қаласы осынау байқау үшін бюджеттен 40 млн. теңге бөлдіріпті. Ал, біздің азаматтар ешкімге иек артпай, алақан жаймай-ақ бүкіл ел қолдайтын шараны қолға алып, ұйымдастырып отыр.
Белгілі қаламгер әріптесіміз Абай Балажанның бастамасымен былтыр алғаш рет ұйымдастырылғанда бұл байқаудың өміршеңдігін байқаған болатынбыз. Рас, облыс орталығы болғанына көп бола қоймаған, кейбір аудандар үшін тым алыс жатқан Түркістанда өткізудің өзіндік қиыншылықтары да жоқ емес еді. Кемі 500-600 адам сиятын орын табу, қатысушы үміткерлерді жеткізу, сахнаның безендірілуі, одан қалса батыр бабалардың әруағын ұлықтап келіп жатқандарды дастарханға шақырып, дәм татқызу бәрі-бәрі де ауызбен айтуға ғана оңай. Қанша қиын болса да тәуекел етіп, Елбасымыздың өзі ерекше назар аударған киелі Түркістанға барып, рухани жаңғыруға үн қосу азаматтық парыздай көрінді. Білікті басшы, ұйымшыл ұжым үмітті ақтады. Түркістанның төрінде, Қожа Ахмет Иассауи университетінің үлкен залында көрерменнің көп болғаны сонша, тіпті ине шаншыр орын болмады. Бұл – бүгінгі жастардың эпостық жанрдағы жырларға деген қызығушылығын білдірсе керек. Облыстағы зиялы қауым өкілдерінің барлығы дерлік барып, өскелең жастарға берері мол игі бастамаға қолдау білдіргенінің өзі көңіл қуантады. Әділдігімен, турашылдығымен құрметке бөленіп жүрген ел ағасы Әділхан Сұлтанбеков, жазушы Мархабат Байғұт, ақын Әселхан Қалыбекова, Нармахан Бегалиев т.б. бұл іс-шараға бастан-аяқ қатысып, қолдау білдіргенінің өзі бұл шараның өміршеңдігін, қолдап-қуаттауға лайық екенін аңғартады.
Кейде жарнамасы жер жаратын, бірақ елдің руханиятына берері шамалы шараларға да мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлініп жатады. «Жақсылар, дастан айтайын» байқауына мемлекеттік бюджеттен бір тиын да бөлінген жоқ. Абай Балажан әріптесіміз өзінің ұжымымен, демеушілердің көмегімен тәрбиелік, танымдық мағынасы терең іс-шараны өткізді. Демек, әрбір ұжым, әрбір азамат өз елін шексіз сүйетін болса, оның өркендеуіне, рухани баюына мүдделі болса, осындай берері бар дүниелердің бастамашысы, ұйымдастырушысы болуы керек-ақ.
Әділ Мұратбеков
«Қазақстан жолы» газеті, №37 (682) 06.10.2018 жыл.