ОРАЗА АЙТТА НЕНІ БІЛГЕН ЖӨН

Ораза айт күні таң ертең күн найза бойы көтерілген соң жамағат болып Айт намазын оқу уәжіб болып саналады. Сондықтан Айт намазынан қалыс қалуға болмайды.

Айттың мән-мағынасына келсек, Айт — қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді.

Әнес ибн Мәлік (р.а.) былай деп риуаят еткен: «Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға келгенде қала жұртының екі күн тойлайтын мейрамы бар еді. Пайғамбар (с.а.с.) олардан: «Бұл екі күн қандай күн?» – деп сұрағанда мәдиналықтар: «Бұл екі күнді жәһилиет дәуірінде осылай тойлаушы едік», – деді. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Алла сендерге ол екеуін олардан да қайырлы екі күнмен ауыстырды: құрбан және ораза айт күндерімен», – (Әбу Дәуіт, Салат 239; Ахмет бин Ханбәл III 103, 235)  деген.

Хадис-шарифте айтылғандай, Алла Тағала: «Пенделерiм Мен парыз еткен оразаны атқарып, ақысын алуға (айт намазын өтеуге) мешiтке бет алды. Олар Мен үшiн ораза ұстады, Менiң пәрменiммен ауыз ашты, ендi қуанышқа кенелсiн…»,  – дейді.

Жалпы, айт мерекесі күндері әрбір мұсылман мынадай амалдарға назар аударғаны абзал:

—  Ертең айт болатын түнді ғибадатпен, зікір, намаз, Құран оқумен, дұға, истиғфар тілеумен өткізген дұрыс. Бұл істерді түннің соңғы бөлігінде орындаған жөн. Реті келсе, бүкіл түннің біраз бөлігін ғибадатпен өткізген жақсы. Бұл жайында Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім Ораза айты мен Құрбан айтының түндерін Алладан есебін тілеп ғибадатпен өткізсе, оның жүрегі жүректер өлетін күні (Қиямет күні) өлмейді» деген.

—  Жұма күндеріндегі секілді айт күндері де ғұсыл құйыну, иіссу себіну, тісті мисуакпен тазалау және ерлер үшін ең тәуір киімдерін киіп шығу. Бұл – Алланың нығметтерін көрсету мен шүкіршілік етудің бір белгісі. Ханафи мазһабы бойынша ғұсылды таң намазынан соң намазға шығардан бұрын құйынған жөн. Ханафилердің пікірлерінше бұл ғұсыл намаз үшін алынатын ғұсыл. Өйткені Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы екі айт күндері таңертең ғұсыл алатын болған. Әли мен Омар да (р.а.) айт күндері ғұсыл құйынатын еді. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айт күндері үстіне иіссу себетін және арнайы қызыл шапан киетін.

—   Мешітте имамның уағыз-насихатын тыңдап, жамағат болып айт намазын оқиды. Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады. Жәбир бин Нафирден жеткен хадисте былай делінеді: «Алла Елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабалары Ораза Айтта кездескен кезде бір- біріне: «Алла сізден де, бізден де қабыл алсын»,- деп айтқан.

—  Ораза айтының алғашқы күні намазға сәресі ішіп, ауыз бекітіп шығу (құрбан айт мерекесінде айт намазына дейін тамақ ішілмейді);

— Айт намазы күні таңертең намазға дейін Алла Тағаланы еске алып, дұға- тілек жасау;

— Айт намазына ертерек әрі жаяу бару. Тіпті, таң намазынан кейін, күн шықпай тұрып барса жақсы. Бұл алғашқы саптан орын алып, үлкен сауапқа ие болудың бірден-бір жолы. Әли (р.а.): «Айт намазына жаяу бару сүннет», – деген. Өйткені Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айт күндері көлік мінбейтін. Ал имамның Айт намазына жамағаттың соңынан баруы сүннет.

—  Ізгі һәм сауапты, қайырымдылық  істермен айналысу ләзім саналады.

—  Пітір садақасын Айт намазының алдында беру мұстахаб іс (ұнамды амал). Пітір — ол жан садақасы болып саналады. Ғұламалар мұны «жанның зекеті» деп есептеген. Өйткені, айт намазынан соң берілген пітір садақа жай садақа ретінде қабылданады. Сондықтан мұны ұмытпаған жөн.

— Айт күндері мүмкіндігінше азаматтардың бір-біріне сый-сияпаттар жасауыды ұмытпау керек. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бір-біріңе сыйлық беріп, тату¬ла¬сыңдар… Бір-біріңе берген сыйлықтарың — араларыңдағы өшпенділікті жояды», — деп өсиет еткен.

— Айт намазына барарда бір көшемен барып, қайтар жолды басқа көшемен қайту абзал.  Жәбир (оған Алла разы болсын) былай деген: «Мереке күні Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айт намазынан қайтқанда келген жолымен емес, басқа жолмен жүретін» (Әл Бұхари, 986). Яғни достарымыздың, бауырларымыздың, көршілеріміздің үйлеріне кіріп, айттап, мерекелеу деген сөз.

— Ораза айты намазына барардан бұрын тәтті тағамнан ауыз тию. Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза айтына шығарда аздаған құрма жеген.

— Айт намазына имандылыққа үйрету мақсатында балаларды да қатыстыру сауапты амал болып саналады. Осы күні балаларға жаңа киім, тәттілер мен сыйлықтар сыйлаумен қуантатын болсақ, балалар да бұл мейрамды жылда асыға күтетін болады.

— Өз отбасына сый-сияпат үлестіру. Осы күндері жағдайына қарай әдеттен тыс көбірек садақа беруге тырысу.

—  Мұсылмандармен жылы шыраймен, жымиып жүздесу. Туған-туыс пен жолдастардың үйіне барып, туысқандық пен сүйіспеншілік байланыстарын бекіте түсу.

—   Өмірден озған адамдардың үйлеріне барып, Құран тіләуат етіп дұға ету ләзім.

— Екі араздасқан ерлі –зайыптылар мен туысқандарды  татуластыру үлкен сауап асал болып саналады.

—  Науқастардың көңілін сұрау, т.б. Жалпы, бұл күндері ұдайы қуанышта болып, барша жақсылық атаулының басы-қасында жүріп, қолдан келген ізгі амалдарымызды жасау – сіз бен бізді Алла Тағаланың рахымына бөлейтін амалдар.

Айта кетейік, айт мерекесі Рамазан айынан кейін келетін — Шәууәл айында атап өтіледі. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбеттерін Шәууәл айында да ораза тұтуға үндеп, оның сауабының молдығын айтқан. Хадисте: «Кімде-кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейін шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей», – деген. Шәууәл айының оразасын сол айдың ішінде кез-келген күні ұстауға болады. Оны қатарынан үзбей немесе күндерін үзіп-үзіп ұстауға болады. Бірақ айт өтісімен кезекпен толықтай ұстау – абзал.

Алла Тағала елімізге тыныштық, халқымызға бейбіт өмір, елімізді мекендеген түрлі ұлттар мен ұлыстардың өзара бірлігі мен ынтымақты болуын нәсіп етсін. Айтты құтты болсын, ағайын!

 

Мұхамеджан Естеміров,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Шымкент қаласы бас имам орынбасары, магистр

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.