Өз қайығымызды өзіміз шайқамайық!
Ежелден астарлап сөйлеп, әр сөздің астарынан мазмұн мен мағына іздеп үйренген халықтың ұрпағымыз. «Бір сөзі бір қаралық» деп мақтанатын шешен бабаларымыздың әрбір лебізінде қаншама өнеге-тағылым, иман мен ұят, ақыл мен парасат жатқанын сол дәуірлердің тасасында қалған ұғым мен таным, тереңге кеткен зерде ғана білер.
Ұлан-ғайыр мекенде бір тілде сөйлейтін, бір әнді барлық жерде айтатын, бір салтты тұтынатын, бір әдет-ғұрыпты ұстап, бір дінге ұйитын жұрт әлемде жоқ болуы керек. “Осының бәрін қалыптан шығармай, халықтың көңілін тауып, ұйымдастырған біздің ата-бабаларымыз не деген кемеңгер, не деген шебер болған, шіркін-ай!” деп көзің жетіп, көңілің тояды. Болмаса, ол кезде заң да жоқ, заң шығарушы орган да болмаған, бірақ соның өзінде сан салалы өмірдің кілтін қолда ұстап, ұлтымызды өркендетудің өркенді жолына салған сол данышпандардың баға жетпес қасиеті есіңнен шығармай күнде бас июге тұрарлық іс.
Сол қаншама жылдар мен ғасырлардың куәсіне айналған қазақи болмысымызды қаншалықты сақтап жүрміз? Ата-баба алдындағы жауапкершілікті сезінеміз бе? Әй, қайдам…
Күні кеше ғана Құрманғазының әйгілі «Адай» күйіне Атыраудағы түнгі клубтардың бірінде жалаңаш қыздар бейәдеп би билеп жұрттың ызасын тудырды. Жергілікті жігіттер тоқтау салудың орнына, намыссыздықты желіге таратты. «Адай» күйіне жартылай жалаңаш қыздар стриптиз билеп, қазақтың күйін ез қылды. Бүкіл қазақ даласын тербеткен киелі күйді бұлайша қорлау «ал не істейсің?» дегенді меңзеп тұрғандай. Атыраудағы бауырлар неге бұндай сорақылыққа жол беруде?
Ұлттық болмысымызды қорлаудың бұл алғашқысы емес. «Бәрінен де жаныма қатты батқаны, өз ауылымның иттерінің үріп, қапқаны» деп Ахаң айтқандай, өзге емес, өзіміздің ішімізден сорақылықтың шығып жатқаны қандай масқара десеңші.
Осыған дейін қазақ қызының жалаңаш суреті мен хиджабтағы кейпін желіге салып масқарамыз шығып еді. Қазақ қыздарының көнеден келе жатқан әшекейлі заттарын: үкілі сәукеле, тұрмаша, шолпы, шашбау, қапсырма, алқа және т.б. ұлттық қазына болып саналатын киім-кешек пен әшекейлі бұйымдарды қорлап, халықтың ұлттық намысын, абыройын аяқ асты етті. Ал одан соң жартылай шапан киген жалаңаш жігіттің фотосын жариялап, қаракөз қыздарымыздың киімін бүтіндейміз деп шырылдап жүрген жұрттың намысын келтірді. “Жігіт атынан садаға кеткір”, “Қыздан ұят, жігіттен намыс кетті”, “Мына намыссыздардың жазасын беретін адам бар ма?” деп шырылдаған халықтың үніне құлақ асқан ешкім жоқ. Қазақты қорлау осылай жалғаса бере ме?
Ұлжалғас Өскен.