ӨЗІН ЖОҒАЛТҚАН – ӨЗГЕ БОЛЫП ТА ЖАРЫТПАЙДЫ

ГЕРОЛЬД БЕЛЬГЕР

Талас-тартыс толастар емес, жұрт бірінің шаңын бірі қағып жатыр. «Жер – Анаңмен бірдей. Ананы саудаға салған жерді көрдің бе?!» — деп біреулер ызаланса, тағы біреулер: «Сату керек! -деп бір-ақ кеседі. – бұл араға ананың  қандай қатысы бар? Жер – тауар!».

Егер анаң – ақша, әкең тауар болса…

Ұлттың бір топ бизнесмендері жуырда руластарына ашық хат жазып, қазақ даласының сортаң шаңын бір бұқыратып тастады. “Астапыралла!” деген ыңырану мен күрсіну Қазақстан ақпарат құралдарының беттерін бір шарпып өтті. Жер сату деген не сұмдық? Ана тілінен бас тарту? Ұлттығыңнан безу? Мемлекеттігіңе крест қою?! Ойбай-ау-ойбай, осындай да ата тегін білмейтін, әкесі жетесіз, шешесі некесіз, тілсіз де дінсіз, жер-суды керек етпейтін сұмпайылар қайдан шыққан!?

*   *   *

Кейбіреулердің тілі – тәтті, ділі – қатты. Қазақ өз тілін қызғыштай қорғағанда, ұлтының түпкі мән-мәйегін қорғап күйіппіседі. Ол туған тілінсіз өзінің мәңгүртке, адамсымаққа айналып кететінін жақсы түсінеді. Өз мемлекетінен басқа жерде тілінің өсіп-өнбейтініне де анық көзі жетеді. Ол тек өзінің байырғы топырағында ғана өсіп, өркен жаюға мүмкіндік алады.

Қазақтардың егемен елінде тек қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл бола алады. Германиядағы неміс тілі, Түркиядағы түрік тілі, Өзбекстандағы өзбек тілі сияқты. Жалпы алғанда, мұны жұрттың бәрі де біледі, бірақ кейбіреулер айла-шарғымен айналысуды әдет қып алған.

*   *   *

Мен білер қазақ әрдайым өсіріп айтуға, көпіртіп сөйлеуге бейім, оңтайлы тұрады. Өзіміздің Жазушылар одағының бүгінде 600 (!) мүшесі болса, соның кемі үштен бірі – кілең ұлылар, ақиықтар, біртуарлар, кемеңгерлер, данышпандар, бірегей саңлақтар, тұлпар, тарлан, қырандар, сұңқарлар, шаппай бер, озықтар, асқарлар.

Ал, не дейсің? Не дерің бар ма? Бөс, бөс, бөсербай! Сілте! Дүңкілдет! Күмпілдет! Дүрілдет! Аңқылдат! Саңқылдат! Бұрқылдат! Жарқылдат!

Содан май шықса…

*   *   *

Бұрынғы би-болыстарда білім аздау болған, бірақ ақыл мол. Қазіргі елдің игі жақсыларында азын-аулақ білім бар сыңайлы, есесіне ақыл жағы, ай, кемдеу-ау…

Ақыл болмаған соң, профессор, академик дипломдарын өне-бойына қат-қабат жапсыра береді. Жапсыра береді, ал ісі бір оңбайды.

Сонда кайтпек керек? Ақыл жоқ жерде білім қауқарсыз. Ақылсыз – бишара, елді аздырып, тоздыратын да солар.

*   *   *

Баяғы қазақ: «Мал-жан аман ба?» — деп аманда­сушы еді, «жаңа қазақ»: «Ұрлық қалай?» — деп сәлемдесетін болды. Қазақстандағы азаттық пен тәуелсіздік дегенді арсыз, ашық, алаңсыз ұрлау, тонау мүмкіндігімен байланыстыра ойлайтын болдық… Тонаушылық түйсігі мен тойымсыз құлқын елдік сезімнен күшті шықты. Соның бәрін көріп тұрып, жаның ауырады, түңілесің.

Біздің елде ұрлыққа ешкім кінәлі емес. Кемелер құрдымға кетіп, жоғалады; «МИГ»-тер шетке сатылады; жер астындағы қазына жұтылады. Бірақ ешкім кінәлі емес. Ғажап! Бәрі – «стабильді».

Соған қарағанда біздің елде ұрлық дегенің жай сөз ғой деймін. Коррупция жоқ жерде ұрлық қайдан болсын…

Қазақ байғұс көз ашқалы кілең өткінші кезеңге тап болады да жүреді. «Реформалардың» қыспағына қайта-қайта түсе берген қазақ қайтіп оңар?

*   *   *

«Қазақта болашақ бар ма?» — деп сұрама. Одан да: “Адам баласында болашақ бар ма?” – соған жауап бер. Адамзат аман болса, иншалла, қазақ та өлмейді.

Қазаққа ағылшын, америкалық, неміс болуға ұмтылудың түкке де қажеті жоқ. Ең бастысы – өзінің қазақтығыңды сақтау. Өзін жоғалтқан – өзге болып та жарытпайды.

*   *   *

Дегенмен бәрі бір мынадай ой мазалайды: мейлі «ашық қоғам» болсын, «азаматтық қоғам» болсын, «ұлттық қоғам» болсын, Қазақстан жағдайында әлі де ондаған жылдар бойында қазақтың байырғы пәлсапалық қағидасы үстемдік жүргізе береді. Ол қандай қағида дейсіз ғой? Ол: «күштінің арты диірмен тартады» деген әмбебап түсінік. Әзірге біздің қоғамымыздың жеткен жері осы.

*   *   *

Қазақтың анайылау, дөрекілеу бір сөз тіркесі бар. «Артыңа қара!».   Тұрпайылау болса да, орынды айтылған, мағыналы, ғибратты сөз. Немесе соңғы кездері газеттер бетінде мынадай бір аурудың басы қылтияды. Түгеншекеевіміз Нобель лауреаттарын бес орайды. Хемингуэй жазушы емес, жай ғана сақалды журналист. Дүние жүзіне танымал, жүздеген тілге аударылған, мықты деп марапатталған шетел жазушылары біздің мынауымыздың қолына су құюға да жарамайды. Шаңына ілеспейді.

Өйдөйт дерсің!

Бөспебайлық! Әдепсіздік! Көргенсіздік! Надандық!

Біреулерді тұқыртып, есек қылғаннан, өзің тұлпар бола алмайсың. Семіз сөйлегеннен сорпа шықпайды. Тек бишаралығыңды жұртқа жаясың. Адамзаттың алдында ұятқа қаларың даусыз.

«Аңдамай сөйлеген…» деген осы.

Оқта-текте болса да артыңа қараған жөн-ау.

Мен емес, қазақ айтқан.

*   *   *

Кит етсе – шапан, қалпақ. Бұл қалай? Бұл не қылған «ламбада»? Ат, шапан – қазақтың әрі қымбат, әрі қасиетті дүниесі емес пе еді? Ол неге арзандап кетті? Шапанды жомарт қазақ қашаннан бері оңды-солды әркімге бергіштеп жүр? Бұл не сән, не дәстүр?

Қазақтың шапанын қазақ та, орыс та, кәріс те, жебірей де, тіпті неміс, шүршіт те иемденіп жүр. Шапанды жалғыз қазақ емес, әлгі аталған милләттар бір-біріне реті келсін-келмесін жауып жүр. Айтып-айтпай не керек, қазақтың қасиетті шапаны аяқ асты болып кеткен жоқ па осы?… Әлде шапаннан басқа сый-сияпат қалмады ма? Бұл не қылған «жаппай шапанизация»? Сонда бұл білместік пе, аңқаулық па, дарақылық па?

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.