ПАТРИОТТЫҚ ӘНДЕР КӨБІРЕК НАСИХАТТАЛСА…

Қазіргі уақытта елімізде орын алып жатқан теріс діни ағым, шет елге көшіп кету, «хайп» қуалау, парақорлық секілді мәселелердің көпшілігі ұлтқа деген сүйіспеншілігіміздің аздығын көрсетеді. Ал ұлтты тәрбиелеуде қазақ әндері маңызды қызмет атқарады.

Қай заманда болса да жүректі тербейтін, көңілде сөнбейтін, ешқашан өлмейтін құдірет не? Әрине, ән. Ғұмырлы ән – халықтың жаны. Сайын даланы әсем әнімен тербеткен халқымыз қуанса да, жүрегінен жыр ағытып, жабықса да әнмен өзін-өзі жұбатқан. Сондай-ақ әннің құдіреттілігі сол, жұртты жұдырықтай жұмылдырып, рухын асқақтата түседі. Әр дәуірдің патриоттық әндері сол замандағы ұрпақтың Отан үшін оққа да, отқа да түсуіне себепкер болған идеологиялық қаруы.

Шай үстінде отырып ата-әжелеріміздің «Партия қайда болса, Жеңіс сонда!», «Алға, комсомол!» деп екпіндете шырқап, тың игеру жұмыстарына білек сыбана кіріскен әңгімелерін жиі естіп отыратынымыз рас. Идеологиялық үгіт-насихаттың арқасында жанқиярлық әрекеттерге барып, бір кісідей жұмыла еңбектенген еді сол тұстағы буын. Осы кезде патриоттық әндер үгіт-насихаттың ықпалын арттырып, жастардың жігерін жани түсті. Яғни, халықтың рухын көтеріп, азаматтық белсенділігін арттыруда патриоттық бағыттағы әндердің маңызы зор еді. Патриоттық әндер кеше де, бүгін де, ертең де ерекше бағалы бола бермек.

Иә, біз бейбіт елде, байтақ жерде өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақпыз. Бірақ бізді осы күнге жеткізу үшін кешегі ата-бабаларымыздың Ақтабан шұбырындының азабын тартқанын, ашаршылықта қынадай қырылғанын, зиялыларымыздың репрессияға жазықсыз ұшырағанын, Ұлы Отан соғысында кеуделерін оққа тосқанын естен шығармауымыз керек. Азаттық жолындағы еліміздің тарихы «Елім-ай», «Атамекен», «Жас қазақ» секілді әндер арқылы бізге жетті. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – егемен елдің ертеңін сеніп тапсырар намысты, қайсар, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу. Осы орайда бізге патриоттық әндеріміздің молая түскені аса маңызды.

Қазіргі таңда қазақ эстрадасында патриоттық әндер жоқ емес, дегенмен жеткілікті деп те айта алмаймыз. Н.Тілендиевтің «Менің елім», Ә.Еспаевтың «Туған ел», Е.Хасанғалиевтің «Атамекен», С.Бәйтереков-тың «Әлия» секілді әндер бүгінге дейін құндылығын жоғалтқан емес. Дәл қазір осы деңгейлес патриоттық әндер бар ма? Осы сауал туа қалғанда біздің есімізге Ж.Дәулеттің «Қазақтай ел қайда?», Е.Құдайбергеновтің «Қазақтың жігіттері», Е.Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» т.б. түседі. Осындай оншақты ән үлкен сахналарда орындалады. Естуімізше, әр облыстарда, әр өңірлерде аса таныла қоймаған ақын-сазгерлер де шама-шарқынша патриоттық әндер жазып жатады, көптеген әндер патриоттық ән байқауларына қатысады. Дегенмен, патриоттық әндердің белгілі бір өңірден ары аса алмай, таныла алмай жатуының бір себебі – олардың насихатының аздығы. Егер қандай болса да патриоттық әндердің насихаты күшті болса, көп әннің ішінен тыңдаушының намысын жанитын, ұлтжандылығын арттыратын жігерлі әндер іріктеліп, қатары көбейе түсер еді. Сонымен қоса, біздің эстрада жұлдыздарымыз «махаббат», «күйемін, сүйеміннен» ары аса алмай жатқаны шындық. Отанға деген махабатты да ұмытпаса игі еді. Жастарымызды елжандылыққа, ұлтжанды-лыққа тәрбиелеудің бұл да бір жолы.

Қоғамдық көліктерде, адамдар көп шоғырланатын жерлерде халықтың жүрегінде елжандылық сезімін оятып, жігер сыйлайтын әндерді қоюды қолға алсақ нұр үстіне нұр болар еді. Тек тойдың әндерін тыңдап, даңғазалықты  балаларымыздың бойына сіңіруден аулақ болуымыз керек. Халқымыз үшін ән өнерінің орны ерекше. Сондықтан патриоттық әндер елімізде көбірек насихатталса, әрбір қазақ  «Мен – Қазақпын!» сөзін зор  мақтанышпен айтып, еліне, жеріне адал қызмет атқарар ма еді?…

Ұ.ӨСКЕН.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.