Ресейлік ғалым «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне VIII ғасырға тән түргеш тиындарын табыстады

Бүгін Түркістан қаласына арнайы іссапармен келген ресейлік ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, нумизмат Павел Николаевич Петров «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің  қорына жеке азаматтардан жинақтаған нумизматикалық коллекциясын өткізді.

Қорық-музейдің ұйымдастыруымен өтіп отыратын
дәстүрлі «Музейге сый» акциясына үлес қосу үшін арнайы алып келген жәдігерлер арасында VIII ғасырдан XIX ғасырлар аралығын қамтитын мыс және күміс тиындар бар.

Мамандардың айтуынша, аталған ежелгі ақша түрлері Түркістан өңірінің тарихымен тығыз байланысты.

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қоры нумизматикалық коллекцияларға бай. Түркістанға келген сапарымда танысып, көрдім және ресми сайттан да қарап шықтым. Бұл жәдігерлер менің қорымда емес арнайы тарихи орында тұру керек деп шештім. Тарихшы тарихи мұраларды жинақтауға ұмтылады. Нумизматика саласын зерттеу еңбек жолымның негізгі бөлігі болғандықтан бұл заттарды жылдар бойы жинақтадым»,-дейді Павел Николаевич

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қор сақтаушы қызметкері, нумизматика саласының маманы Толқын Жолдасов музей қорына табысталған жәдігерлердің өзіндік құндылықтары зор екенін айтады.

-«Жәдігерлер қатарында VIII ғасырдың түргеш тиындары мен X ғасырларда соғылған саманид фелстері және XI ғасырға тән дирхемдер бар. Сонымен қатар, кейінгі тарихи кезеңдерде соғылған ақшалар да кездеседі.  Аталған олжалар  «Әзірет Сұлтан»  қорық-музейінің қорын толықтырып, нумизатика кешенінің ең құнды жәдігерлер қатарын көркейтеді деп ойлаймыз»,-деді Толқын Жолдасов.

Кездесу барысында  «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев Ресей жерінен арнайы келіп, қорық-музей қорындағы 26000-ға жуық жәдігер қатарын толықтыруға жанашырлық танытқан орыс ғалымына алғысын білдірді.

Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіндегі  «Музейге сый»​ акциясының тарихы  әйгілі қолбасшы Әмір Темір заманынан бастау алады. Оған дәлел — кесенеде сақталған алтын күміс жалатылған 6 дана шырағдан мен тайқазан, лауха сынды жәдігерлеріміз болса, одан кейінгі тарихы мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф  Өзбекәлі Жәнібековтің есімімен тығыз байланысты.  Қожа Ахмет Ясауи кесенесі республикалық музей ретінде халыққа қызмет көрсете бастаған кезде музей қорында 300-ден аса жәдігер болса, қазіргі күні жәдігер саны 26000-ға жуықтаған.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.