Робин ШАРМА: «Өмірдің 200 сабағы»

31. Күйзеліс – бұл сіздің болып жатқан оқиғаларға жауабыңыз.  Бір жағдай әр адамда әртүрлі ой тудырады. Мысалы, көпшіліктің алдында сөз сөйлеу тәжірибесіз адамның қорқынышын тудырса, сөзге шешен адам бұдан өз ойларын бөлісудің мүмкіндігін көреді. Бір жағдайдың жағымсыз көрінген тұстарын өзіңізге тиімді оң арнаға бұруға болатынын түсінсеңіз, бұл сізге әрдайым ең жақсы жетістіктерге жетуге көмектеседі.

32. Стивен Ковидің «Тындырымды адамдардың жеті әдеті» кітабын оқыңыз. Онда сіз өзіңізді одан әрі дамыту мен адамдармен қарым-қатынасыңызды жақсарту туралы даналықтар мен кеңестердің көмбесін таба аласыз.

33. Аудиожазбалармен жұмыс істеңіз.

Қазір осы форматта өзін-өзі жетілдіру жөніндегі бағдарламалар мен кітаптарды көптеп табуға болады. Осы материалдарды жұмысқа бара жатқан жолда, кезекте тұрғанда немесе кешкісін үй шаруасымен айналысып жүргенде тыңдаңыз. Кез-келген уақытты жемісті пайдалануға болады. Мұндай мүмкіндіктерді біліміңізді жетілдіруге және әлеуетіңізді арттыруға жұмсаңыз.

34. Екі аптада бір рет ашығып тұрыңыз.  Мұндай күндері жеміс шырындарын ішіп, тек балғын жемістерді жеңіз. Бойыңызда жеңілдік пайда болып, қуат құйылып жатқанын байқайсыз. Ашығу ерік-жігеріңізді күшейтуге де көмектеседі.

35. Кеңседе жаныңызды тыныштандыратын ахуал қалыптастырыңыз. Мәселен, жағымды, баяу әуенді қосыңыз. Сөрелерге хошиістендіргіш заттары бар ыдыстарды қойыңыз. Немесе сізге жақсы әсер беретін суреттерді іліңіз. Мұның бәрі жұмыстағы жайсыздықтың әсерін азайтады және күйзелістің алдын алады.

36.  Джеймс Алленнің «Адам қалай ойлайды?» атты кітабын оқыңыз.  Бір емес, бірнеше рет қайталап оқып шығыңыз. Оның толыққанды және бақытты өмір сүруге қатысты аса құнды кеңестерді көптеп кездестіруге болады.

37.  Кешіре білуүлкен ерлік. Бұл – көп адамға беріле бермейтін ізгі қасиет, бірақ ол ақыл-ойды сергек ұстау үшін өте маңызды. Кешіру мүлде мүмкін болмаған жерлерде кешіруді үйреніңіз. Егер кешірімшіл болсаңыз, ешқандай өкпе-реніш сіздің жүрегіңізді ауыртып, жаныңызды мазаламайтын болады.

38. Ыдысыңызды босатыңыз. Толып тұрған ыдысқа ештеңе сыймайды. Адам да солай, енді ештеңені үйренудің қажеті жоқ деп есептейтін адам тез қарайып, алға жылжудан қалады. Нағыз кемеліне келген адамның белгісі – айналадағының бәрінен бір нәрсе үйреніп қалуға тырысу. Тпті ұстаздардың да өз ұстазы бар.

39. «Екі минуттық ақыл» — ойыңызды жинақтау жаттығуы. Жай ғана қолсағатыңыздың екінші тіліне 2 минут бойы үнсіз қарап тұрыңыз және ештеңе ойламаңыз. Алдымен ойыңыз әрнәрсеге алаңдап, әр саққа қаша береді. Бірақ, 21 күн осылай жаттыққан соң, ойыңыз бір жерге жинақтала бастайды. Осыны үйренсеңіз, кез-келген міндетті орындай алатын боласыз.

40. Көпшіліктің алдында сөйлер алдында бір стақан жылы су ішіп алыңыз.  АҚШ президенті Рональд Рейган даусы жұмсақ және елге жағымды болуы үшін үнемі осылай еткен. Халық алдында сөйлеу өнерін меңгеру – мәртебелі мақсат. Өзіңізді осы мақсатқа арнаңыз. Сізді айналаңыздағылар адамдармен тіл табыса білу қабілетіңізге қарап бағалайды.

41. Егер біреуді орныңыздан тұрып қарсы алу керек болса, бойыңызды тік ұстап және орныңызда берік тұрып қарсы алыңыз.  Ойы жинақталмаған, ақылы әлсіз адам үнемі бір орында жыбыршып, көздері ойнақтап тұрады және үстіртін тыныс алып, қолапайсыз әрекет етеді.

42. Қатаң әрекет етіңіз. Батыл болыңыз және өз әрекеттеріңізбен өзгелерді де қанаттандырып жүріңіз. Бірақ, әрдайым мұқият болыңыз.

43. Әлем сіз үшін не істей алады деп емес, мен әлем үшін не істей аламын деп сұраңыз. Өзгелерге қызмет етуді өз өміріңіздің маңызды мақсатына айналдырыңыз. Есіңізде болсын, өміріңіздің соңында, бәрі айтылып, бәрі жасалып болған кезде қаншалықты дұрыс өмір сүргеніңіз сіздің өзге адамдар үшін жасаған жақсылығыңызбен өлшенетін болады. Өзіңізді қоршаған адамдарға бай мұра қалдырыңыз.

44. Аптасына бір рет таңсәріде тұрыңыз. Бұл – ең ғажайып уақыт. Осы уақытта жаяу серуенге шығыңыз немесе жай ғана табиғаттың үнін тыңдаңыз. Сосын ыстық суға түсіп, дене жаттығуларын жасаңыз. Классикалық кітап оқыңыз. Сонда өзіңіздің тірі екеніңізді және күш-қуатыңыздың арта түскенін сезінесіз.

45. Әрдайым аздап ұстамды болыңыз. Ешкімнің сіз туралы бәрін білуіне жол бермеңіз. Аздап жұмбақ болыңыз.

Аударған К.ТІЛЕПОВА.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.