Робин ШАРМА: «Өмірдің 200 сабағы»

(Жалғасы).

46. Көпшіліктің алдында сөйлеу шеберлігін меңгеріңіз. Туабітті шешендер өте аз. Бір әйгілі заңгер қатты тұтығып сөйлейтін, бірақ өзінің өжеттігі мен сенім күшінің арқасында керемет шешенге айналды. Өзіңіз сөйлеу мәнерін ұнататын белгілі бір адамды үлгі етіп алыңыз. Сол адамды көз алдыңызға елестетіңіз. Сол адам сияқты тұрыңыз, сол сияқты күліңіз және сол сияқты сөйлеңіз. Нәтижесі сізді таңқалдыратын болады.

47. Сізді ынталандыратын адамдарды іздеңіз. Ай сайын ынталандыратын лекцияларға қатысыңыз. 2 сағаттық семинарда сіз өзге адамдар үйрену үшін көп жылдарын арнайтын әдістемелерді меңгеретін боласыз. Жаңа білімдерді игеруге уақытым жоқ демеңіз, мұны сіз тек өзіңіз үшін ғана жасайсыз.

48. Деннис Вулидің «Бақытты ашу» атты керемет кітабын оқыңыз. Ол сізге міндетті түрде денсаулық пен бақытқа жетудің жаңа қырларын ашып беретін болады.

49. Жадыңызды жақсарту үшін өзіңіз бұрын ешқашан бетін ашпаған бір кітаптан үзінді оқыңыз. Сосын оны сөзбе-сөз жатқа айтуға тырысыңыз. Күніне осылай 5 минуттан жаттығыңыз. Нәтижесі қуантатын болады.

50. Алдымен 5 шақырым, сосын 10 шақырымдық жаяу жарысқа қатысыңыз. Жүздеген дені сау адамдармен қатарласып жүгіру сізді қанаттандыратын болады. Үнемі өз мүмкіндіктеріңіздің көкжиегін кеңейте түсіңіз – сонда сіздің әлеуетіңіз де тез ашылатын болады. Есіңізде болсын: сіздің ағзаңыз тек сіздің сұрағаныңызды ғана береді.

51. Иістер – денеңіздің ширығуын басудың ең әсерлі құралы. Иістер сіздің сана-сезіміңіз бен көңіл-күйіңізге айтарлықтай ықпал етеді. Дүкеннен қалампыр мен апельсин майларын сатып алыңыз. Қайнаған су құйылған ыдысқа осы майлардың бірнеше тамшысын тамызыңыз да, хош иісін бірнеше минут бойы иіскеп отырыңыз. Сосын хошиісті суы бар ыдысты өзіңіз демалатын бөлмеге қойыңыз. Осыдан кейін жаныңыз тынышталып, мамыражай күй кешесіз. Ал жақында алманың әлсіз иісі ұйқының тыныш болуына көмектесетіні дәлелденді.

52. Кешкі ас ішкен соң жарты сағаттай далада серуендеп қайтуды әдетке айналдырыңыз. Жаяу жүру – табиғаттың өзі ойлап тапқан ең тамаша жаттығу. Серуендеп жүргенде жұмыс туралы да, төленбеген шоттар туралы да, жұмыста, жеке өміріңізде туындап жатқан қиындықтар туралы да ойламаңыз, бұл жаяу жүрудің артықшылығын жояды. Жай ғана серуеннен ләззат алыңыз. Айналаңыздағы табиғаттың байлығын тамашалаңыз. Сіздің сана-сезіміңіз табиғаттың сұлулығы мен ауаның тазалығын сіңірсін.

53. Спортзалға барып, ауыр салмақ көтеруді бастаңыз. Күшті адамдардың әдетте рухы мықты келеді. Жас ұлғайған сайын білек күші мен рух күші жоғалады деген бос сөз. Адамдар 75 жасында марафондарға қатысып, 80 жаста альпинизммен айналысып та жатады, ал 90 жастағы аталар мен әжелер әсерге толы, мәнді өмр сүруде. Жасыңыз қаншада болса да: 19-да әлде 93-те ме, бәрібір, әрдайым өз қалпыңызды жоғалтпай, құштарлықпен өмір сүріңіз.

54. Сізге жұмыс беріп отырған адаммен ешқашан ұрыспаңыз. Өзіңіздікін дәлелдеймін деп жүріп, одан да зорынан айырылып қаласыз.

55. Іскерлік киімге келсек, қошқыл түсті (қошқыл-көк және қара) костюмдер күш пен билікті білдіреді. Сіз ашық түсті костюм киген премьер-министрді немесе президентті көріп пе едіңіз?

56. Байланыстарыңызды нығайту үшін клиенттеріңіз бен іскерлік серіктестеріңізге өз қолыңызбен жазылхан ашықхат жолдап отырыңыз. Осы адамдарға айына тым болмағанда 4 рет қандай да бір бағалы сыйлық жасау жүйесін ойлап табыңыз. Өзіңіз демалыста болғанда да, оларға ашықхат жолдаңыз. Тіпті ол үшін жүздеген ашықхат салып алып, оларды толтыруға бір сағатыңызды арнауға тура келсе де. Бұл – өте тиімді жұмсалған уақыт. Сіз бас директор, студент, сатушы немесе ата-ана болсаңыз да, жақсы қарым-қатынас орнату әрдайым басты орында болуы керек.

57. Бақытты, қуанышқа толы өмірдің екі іргетасы – тепе-теңдік пен ұстамдылық. Қай қызмет түрінде болсын тепе-теңдікті сақтаңыз және ештеңені асыра жасамаңыз.

(Жалғасы бар).        Аударған К.ТІЛЕПОВА.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.