Робин ШАРМА: «Өмірдің 200 сабағы»
- Өз уақытыңызды дұрыс ұйымдастыруды үйреніңіз. Егер сіз өз уақытыңызды мұқият есептеп, нақты уақыт кестесімен жүретін болсаңыз, бұл икемсіз адамға айналасыз деген сөз емес. Керісінше, бұл маңызды мақсаттарға қол жеткізіп, бос уақыттан ләззат алуға мүмкіндік береді. Уақытты жақсы ұйымдастыру демалуға көбірек уақыт босатады. Сіз демалысты да, ең шұғыл шаруалар сияқты, апталық жоспарға енгізесіз. Ештеңе де құрбандыққа шалынбайды. Өзіңізді тәртіпке үйретіңіз және уақытыңызды шұғыл, бірақ маңызды емес шаруаларға жұмсауды қойыңыз да, өз өміріңіз үшін шын мәнінде маңызды нәрселерге назар аударыңыз. Бұл қайта жаңару мен ойлануға, өзара сенім мен құрметке негізделген берік байланыстарды орнатуға, дене жаттығуларымен айналысуға, кітап оқуға және басқа адамдарға қызмет жасауға уақыт тауып береді.
- Күнделікті оқиғалардан, жаңадан жарық көрген кітаптардан және танымал бағыттардан жақсы хабардар болыңыз. Әр газетте жарияланғанның бәрін оқи берудің қажеті жоқ. Нені дәл қазір оқып, нені кейінге қалдыруға болатынын таңдауды үйреніңіз (көптеген табысты адамдар газет-журналдарға бір көз жүгіртіп шыққан соң, қызықты мақалаларды қырқып алып, кейін оқу үшін сақтап қояды). Білім – күш. Сіз кім болсаңыз да, бір ғана идеяның көмегімен өз өміріңізді ғана емес, айналаңыздағы адамдардың да өмірін күрт өзгерте аласыз. Бұл туралы Гейтстен, Эдисон мен Беллдан сұраңыз.
- Жар таңдағанда есіңізде болсын, бұл – сіздің өміріңіздегі ең маңызды шешім. Неке адамға 90% қолдау, бақыт пен жетістік сыйлайды, сондықтан өмірлік серігіңізді ақылмен таңдаңыз. Оның бойынан бауырмалдық, әзілді көтере алушылық, ақылдылық, кемелдік, үйлесімділік пен сипаттауға келмейтін сол бір сезімді іздеңіз. Егер осы сипаттарды тапсаңыз, сіздің некеңіз өте сәтті бола алады. Асықпаңыз және ешкімнің сіздің шешіміңізге ықпал етуіне жол бермеңіз.
- Ешқашан ешкіммен өзіңізді жетілдіру үшін жасап жатқан жұмыстарыңызды талқыламаңыз. Сіздің ақылыңыз бен рухыңызды дамыту стратегияңыз тек сізге ғана тиесілі. Өзге адамдар өзін-өзі жетілдірудің маңыздылығын түсінбеуі мүмкін.
- Апталық жоспарыңыздан бәрін ысырып, біраз демалуға да уақыт бөліңіз. Сіз компания президентімен немесе ең жақсы клиентіңізбен алдын-ала белгіленген кездесуден бас тартпайсыз ғой, ендеше неге тек өзіңізге ғана арналған уақыттан бас тартуыңыз керек? Бізге оңаша қалып ойлануға, ішкі қуат көзін қайта толтырып алуға өзімізге арналған уақыт керек. Бұл бізге жұмыс тиімділігін сақтауға мүмкіндік береді.
- Сезім-түйсіктердің 83%-ын біз көзбен қабылдаймыз. Бар назарыңызды бір нәрсеге аударғыңыз келсе, көзіңізді жұмыңыз, сонда сізді алаңдатқан нәрсенің бәрі кетеді.
- Өз еркіңіздің қожайыны және өз ұятыңыздың құлы болыңыз.(Жалғасы бар). Аударған К.ТІЛЕПОВА.