Робин ШАРМА: «Өмірдің 200 сабағы»
- Күн сайын жүзуді әдетке айналдырыңыз. Бұл денсаулығыңызды күшейтіп, әдемі сымбатыңызды сақтайды. Жүзу ағзаға күш түсірмейді және аз уақыт алады. Есіңізде болсын, тәні саудың жаны сау.
- Бүгін өзін жақсы сезінетін адамдар ертең бақытты бола алады.
- Өз уақытыңызды нәтижелі басқарудың кілті – жоспарлаған ісіңізді жоспарланған уақытында орындау. Тек солай ғана сіз өз мақсаттарыңызға жетіп, ең маңызды істерге уақыт таба аласыз. Икемді болыңыз, әйтпесе қатты тартылған садақ тез сынады. Бірақ, есіңізде болсын: жоспарлы кестеге сай әрекет ету үшін қарапайым тәртіп қажет.
- Егер сізді бірдеңе алаңдатып тұрса, оны қағазға жазыңыз. Сосын ол қағазды жағып, сізді алаңдатқан мәселенің отпен өртеніп жоғалғанына куә болыңыз. Бірден жеңілдеп қаласыз.
- Өз қиындықтарыңызды ой елегінен өткізуге уақыт табыңыз және тиімді іс-әрекет жоспарын жасаңыз. Сосын бұл мәселеге қайта-қайта орала бермеңіз. Адамның санасы – қызық жаратылыс: біздің ұмытқымыз келген нәрсеміз қайта-қайта ойға орала береді, ал есімізде сақтағымыз келген нәрсе тез ұмытылады. Бірақ, сана бұлшықет сияқты: қаншалықты ширықтырса, соншалықты күшейе түседі. Санаңызды өз қызметшіңізге айналдырыңыз. Оған ең жақсы азық пен жағымды ақпарат беріңіз. Егер оған сенетін болсаңыз, ол сіз үшін небір ғажайыптарды жасайды.
- Көп адамдардың денесі демалғанымен, ақыл-ойы демала алмайды.
- Ақыл-ой белсенділігінің шыңына жету үшін сіздің денеңіз демалуы керек. Денеңіз ширықпай, бос тұрған кезде ақыл-ой да тынышталып, бір нәрсемен тыңғылықты айналыса алады. Күніне 15 минут тартылып-керілу – күнделікті сабылыстан ширығудан арылудың керемет әдісі. Массаж немесе джакузиді де байқап көріңіз. Денеңізді босаңсытыңыз – сонда ақыл-ойыңыз да еркін самғайтын болады.
- Бірнеше жылға егжей-тегжейлі қаржылық жоспар жасап алыңыз да, соған сай әрекет етіңіз. Егер қажет болса, қаржы жөніндегі маманмен кеңесіңіз. Ең дұрыс қаржылық стратегия өте қарапайым: барлық табыстарыңыздың 10%-ын жинап отырыңыз (бұл соманы жалақыңызды жаратпай тұрып алып қойыңыз). Сенімді қаржылық жағдай жеке еркіндікке алып келеді.
- Көп оқитын жандар әрдайым көшбасшы бола алады. Билл Клинтон өзінің Оксфорд университетінде болған азғана уақыты ішінде 300-ден астам кітап оқыған. Білім мен ақпарат іздеңіз. Қаншалықты көп білсеңіз, соншалықты қорқынышыңыз да азаяды.
- Күн сайын кешкісін ұйықтар алдында және таңертең оянған соң, міндетті түрде жағымды және жақсы істерге ынталандыратын бірдеңелерді оқуды әдетке айналдырыңыз. Мұның пайдасын көп өтпей-ақ көресіз, себебі жағымды ойлар сізге күні бойы жақсы азық беріп тұратын болады. (Жалғасы бар).
Аударған К.ТІЛЕПОВА.