СӘЛАФИЗМНЕН САҚТАНҒАН АБЗАЛ
Ислам – антропоцентристік дін. Ал, экстремизм деген жалпы, адамды жоққа шығаратын, оның еркін таптайтын, еркіндігін шектейтін, кез келген мәселені адамсыз шешуге тырысатын таным. Адам мәселесі болмаған жерде дін де болмайды. Яғни, ол жерде дін жоқ деген сөз.
Бүгінгі қоғамдағы экстремистік-радикалдық бағыттағы топтар сырттан көшіп келген жоқ, олар біздің отбасымыздан, осы топырақтан, бауырымыздан шыққан азаматтар. Олардың көбі ақида мәселесінен, бұрынғы мен жаңаның арасында немесе дәстүрлі түсінігіміз бен бүгінгі түсініктердің арасындағы діни танымдық жіктен туындап жатыр.
Бұл жерде дәстүрлі діни білім берудің тарихи сабақтастығының үзілуі де көп жайды аңғартады. Себебі кеңестік дәуірде діни білім беруге тыйым салынғандықтан, дәстүрлі сабақтастық үзілді. Енді егемен ел болып, сабақтастықты қайта жалғайтын кезде осы дін мәселесінде «әке көрген оқ жона алмай» қалды. Себебі, әкелеріміз, аға буын діни танымды, діни тәжірибені, діни білімді баласына беруге қауқарсыз болды. Себебі, ол өзі дінді білмейді. Міне, осындай кезде ұрпақтар арасындағы сабақтастықта үлкен бір дилемма пайда болды. Соның зардабын көріп жатырмыз. Қазіргі күрестің мәні осында жатыр. Бұл табиғи құбылыс, қорқатын мәселе емес. Бұл жерде қай құндылықтық өлшемдер алға шығады деген жарыс болып жатыр. Ұрпақтар арасындағы сұхбатта құндылықтарды таңдау, қабылдау әрі сақтау күресі жүріп жатыр. Жастардың бұрынғы ұрпақты мойындамайтындығы олардың діни танымынан көрініс беруде.
Сәлафизм бағытын ұстанатындар сенің бүкіл болмысыңды, тарихыңды жоққа шығарып, ревизия жасағысы келеді. Жалпы тарихты жоққа шығару – уақытты жоққа шығару деген сөз. Ал, уақытты жоққа шығару – философиялық таным бойынша кеңістікті де жоққа шығару, одан безуді білдіреді. Міне, отанын тәрк етудің тегі осында жатыр. Қазақ не үшін Сирияға кетті? Оны сәлафизм бағытын ұстанатын жастардың танымынан көруге болады: мына топырақ киесіз, құны жоқ, себебі «кәпірлердің топырағы» (дар ал куфр). Бұл жер менің мәңгілік құтқарылуыма, рухани жаңғыруыма әсер етпейді дейді. Өз отанын, туған жерін «дар ул куфр» сонымен қатар «дар ал харб» деп таниды. Бұл екі тіркес те саяси-құқықтық танымдық өлшемдерді анықтайтын категориялар. Сөйтіп, жастардың кейбіреулері халифат идеясымен кетіп, өз отанын тәрк етіп жатыр. Міне, сәлафизмнің деструктивті ағым екенін оның экстремистік шаблондарына қарап ажыратамыз.
Біз бүгінгі жастарға, өзінің мұсылмандық негізінің басқа мұсылмандардан ешқандай кем емес екендігін түсіндіре беруіміз керек. Мұндай түсіндіру-насихат жұмыстары біздің Түркістан облысында да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өзіміздің тарихымызды ғылыми негіздеп, оның құндылықтарын, танымдық қабаттарын, діни тәжірибесін, Фарабиден бастап Мәшһүр Жүсіпке дейінгі аралықтағы тұлғаларменен, олардың шығармаларыменен, діни білім беруде болсын, зайырлы білім беруде болсын кешенді, жүйелі түрде беруіміз керек. Сонда жастарымыз өзінің бүкіл тарихына күмәнмен қарауды тоқтатады деп сенуге болады.
Діннің төрт саласы ─ діни сенім, діни тәжірибе, діни таным және діни сананы тұтас қарастырамыз. Мұның ішінде Құран, сүннет, дәстүр, тарихымыз бар. Қазақтың діни санасы тірі, сонымен есептесуге мәжбүр. Қазақты түп-тамырымен жойып жібермейінше, діни сана жойылмайды. Ол бір субстанция, жауһар, дән. Кез келген топырақта өне бермейді. Сәлафизм топырағында ол ешқашан көгермейді. Егемендік жарияланған кезде, оның көктемі болды, жайлап бүршік ата бастады. Табиғи тұрғыда қалыптасқан болмысын аңсап, орала бастағанда сәлафизмді ығыстырып шығарды.Халық болып сәлафизммен күресу соның бір көрсеткіші іспетті. Сәлафизм мың медресе, я коммунизмнің мың бөлімшесін ашқанмен, діни сана онымен диалектикалық сұхбатқа түседі, күреседі, жоюға дейін барады. Өз ареалын тазалап алады. Мұның аты діни сана, мәдениет деген сөз.
Жастардың тым діншілдігі алаңдатады. Қазақтың діншілдігі ұлтшылдығынан үстем тұрса, ұлт ретінде сақталуымыз екіталай. Қара жамылған қазақ қыздарынан қандай ұлтжанды ұрпақ туады? Кім айта алады? «Қазақ емеспіз, мұсылманбыз» дейді. «Бір аллах» деп, басқасын түсінгісі де келмейді. Саналары әбдан уланған… Көпшілігінің діни білімдері де жоқ. Сауатты түрде екі сұрақ қойсаң қашқақтай бастайды. «Шын өмір ана дүниеде ғана» дейді. Өз сөздеріне өздері сеніп тұрады. Мұндай «Қара жамылған қараңғы діншілдік» қазақты құрдымға кетіріп тынады. Асыра діншілдіктің алдын алмаса болмайды, ағайын!
Досай Кенжетай, Дінтанушы
«Қазақстан жолы» газеті, №44 (689) 30.11.2018 жыл.