Салафизмнің қазақ халқына төндірер қауiп–қатерi
Имандылық – қастерлі қасиет. Иман – біздің дәстүрлі дініміздің басты тірегі, себебі ислам діні адамзат баласын тек қана имандылыққа баулиды, бір-бірін сыйлауға, құрметтеуге шақырады, ізгілікке үндейді. Ал дәстүрлі емес діни ағымдардың, деструктивті күмәнді секталардың діттегені мүлде басқа. Уахабизм болсын, сәләфизмді ұстанушылар болсын халқымыздың ата дәстүрімен қайшы келмейтін исламның Әбу Ханифа мазһабының қоғамнан шеттетілуін көздейді. Ал «адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» болатындығын бағамдай алмаған жастардың басты кемшілігі – діни сауатсыздығы. Олай дейтініміз, Құран Кәрімде 42 рет кездесетін «жиһад» ұғымын жастарымыз біржақты ұғынбай, оның ең әуелі Алла жолына түскен адамның басқа адамдармен емес, өз нәпсісімен күресуі екенін қаперге алмағанында. Қалай болғанда да біз Елбасымыз айтқандай, «дінге бас ұрып жүріп, оның теріс жағына түсіп кетпеуіміз керек». Ал жастарды сәләфизм қатерінен сақтау – басты міндет!
Осы тұста ресми статистикаға да көз жүгіртіп, цифрларды да сөйлетіп көрейік. Еліміздегі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы ғалым Айнұр Әбдірәсілқызының жазуынша, лаңкестік идеологиямен санасы улағандардың 52 пайызының тұрақты жұмысы жоқ болса, 38 пайызының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тым төмен, 52 пайызы үйсіз-күйсіз жандар. Ал білімі жөніндегі мәліметтерге көз жүгіртсек, радикалды идеологияны ұстанушылардың 30 пайызы орта білімді, 18 пайызы жоғары білімді болғанымен, негізінде шамамен 84 пайызының діни сауаты таяз, я мүлде жоқ деуге болады.
Мұндай білімсіз жастардың сәләфизмді қалқан етушілер қатарынан да көптеп табылатыны даусыз. Ақтөбедегі лаңкестікті ұйымдастырушылар да – осы сәләфилік ағым өкілдері. Сондықтан да бәзбір пікірлерде орын алып жүргендей сәләфизмді «қалыпты» және «радикалды» деп бөлу мүлде орынсыз. Себебі еліміздегі «Дін мәселелерін зерттеу орталықтары» мамандары, дінтанушы ғалымдар, қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері атап көрсетіп отырғандай, діни көзқарастары мен идеялары жағынан сәләфизмдегілердің тәкфірші «бауырларынан» түк те айырмасы жоқ. Себебі ғалымдарымыз «тәкфірші», «мадхали», «сурури» деп бөлінетіндердің өздерін сәләфилер қатарына жатқызатындығын айтудай-ақ айтып келеді. Өйткені бұл кереғар ағымдардың атауы бөлек болғанымен, болмысы бір. Мақсаты – айқын, бағыты- белгілі. Олай болса елімізде оқта-текте бой көрсетіп, қоғам тыныштығына, біртұтас халқымыздың ынтымағы мен бірлігіне сына қаққысы келгендерге батыл тойтарыс беріп, құқықтық реттеу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру, ғылыми-зерттеу саласында тиісті тұжырымдар қалыптастыру – баршаға ортақ міндет. Қамсыз отырғанымыз жоқ десек те, елімізде күні бүгінге дейін сот шешімімен таратуға тыйым салынған 670 экстремистік мазмұндағы материалдың 334-інің салафилік ағымға тиесілі екендігін ескеруіміз керек.
Жалпы салафилік – бұл ислам дінін «ас-Салаф ас-Салих», яғни «біздің заманымыздан алдын өмір сүрген ізгі бабалар» түсінігімен дініміз бен дәстүрімізге қайшы амал-әрекеттерді ұстанған діни-саяси бағыт. Ең қауіптісі сол – бұл идея қай жерде тамыр жая бастаса, сол жерде радикалдық содырлық әрекеттер бой көрсетіп қалып жүр. Біздіңше ғалымдардың уахабистікті салафиліктің ең шегіне жеткен түріне жатқызуында да бір мән бар сияқты. Өйткені бұл ағымдардың бәтуасына бойұсынсаң, қабірлерге зиярат етуге, дұғаларда пайғамбарлардың, әулиелердің, періштелердің есімдерін айтуға, бақилық болғандарға құран бағыштауға, мешіттерге садақа тастауға, тәспі қолдануға т.с.с. қатаң тыйым салынады.
«Кәсіпкерлердің мал-мүлкі мұсылмандарға халал, кез-келген жағдайда тартып алуға болады» дейтін ұстанымды ұлықтаушылар ол аздай намаз оқымайтын мұсылмандардың өзін кәпірге жатқызады. Нәтижесінде қадым заманнан бері қалыптасып келген кішінің үлкенге құрметі, қағидасы күйреп, ұл-қызы ата-анасынан, ата-анасы бауыр еті баласынан бас тартатын жағдайлар орын алып жатады.Сондай-ақ сәләфилік жамағат өкілдері уақытша некені заңдастыруды құп көреді. Мұның барлығы біріншіден, қазақтың бағзыдан келе жатқан отбасы институтын әлсірете, екіншіден, бұл ағым өкілдерінің өзіне тән намаз оқу үлгісін таратуға тырысулары ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бабалар аманатына қиянаттай көрінеді. Былайша айтқанда исламның сыртқы формасын ғана мансұқтап, көкірек көзімен ішіне үңілуге өре деңгейлері жетпегендер қашанда қауіпті. Әсілі «Құран аяттарын тура мағынасында қабылдау керек, оны ақылымен пайымдауға болмайды» деп уағыз таратушы сәләфизм ағымының радикалды ағымдардың бастауы, лаңкестік идеялардың ошағы екені еш күмән тудырмауы тиіс. Еліміздегі радикалды идеология құрығына шындап ілінгендердің 48 пайызы – 26-35 жас аралығындағылар болса, 19 пайызы 25 жасқа толмағандар. Ал жастарымызды осы сәләфизм секілді дәстүрлі емес діни ағымдардың құрығына түсіретін негізгі себептерді біздіңше діни сауатсыздықтан, әлеуметтік желілердің әсер ықпалынан, дос-жарандары мен араласқан ортасынан, күйзеліске түсу мен әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан, ата-ананың қарауынсыз қалудан, яғни тәрбиенің жетіспеушілігінен іздеу керек сияқты.
Діни сауатсыздық туралы жоғарыда айтқанбыз, ал әлеуметтік желілерге келер болсақ, бүгінде ғаламторды тұтынушылар саны 12 миллионнан асып, республика халқының 70 пайызын құрап отыр. Сондықтан сәләфизм идеясының ел арасында таралуының алдын алу үшін ғаламторға да баса мән берген дұрыс. Себебі жастарымыздың 39 пайызы кереғар ағымдардың арбауына әлеуметтік желілердің әсерінен түскен.Сонымен қатар олардың 18 пайызын толық емес отбасынан шыққандар құрайды.
Қорыта айтқанда, дәстүр мен дін – біздің бөліп қарастыруға болмайтын ұлттық құндылықтарымыз. Ал сәләфизм секілді жат діни ағымдар осы болмысымызды өзгеріске түсіруге жанталасуда.
«Біздің қоғамның шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» деп Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өзі айтқандай, сәләфизм секілді адастырушы ағымдардан, халқымыздың діліне жат ұғымдардан сақтану бүгінде бәрінен де маңызды, бәрінен де өзекті.
Олай болса лаңкестік пен экстремизмнің кез-келген түрі айыпталып, зайырлы мемлекетімізде сәләфизм секілді сектанттық көріністерге мүлде орын болмауы керек. Сөз соңында жастарымыз жат ағымға алданбауы үшін олардың діни білім-білігін мейлінше көтеріп, имандылыққа тәрбиелеу басты борышымыз екенін айтқымыз келеді.
Т.АМАНКУЛОВ, докторант.