СӘУЛЕЛІ ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының жанынан «Сәулелі диагностикалық орталық» ашылды.  Бұл орталық «Балалар жылына» орай бүлдіршіндерге жедел әрі кешенді диагностикалық қызмет көрсетуді үйлестіру мақсатында жүзеге асырылып отыр.  Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ержан Байдуллаев мәлімдеді.

Сәулелі диагностикалық орталықтың қызметіне қаланың кез-келген бүлдіршіні учаскелік дәрігердің жолдамасымен келіп, заманауи құрылғыларға түсе алады.

—  Өткен жылы қалалық бюджет есебінен ауруханаға соңғы үлгідегі МРТ аппараты алынған болатын. Бүгінде ол толығымен құрастырылып, жұмыс істеп тұр. Стационарлық ем қабылдап жатқан және жедел көрсеткіші бар, аурухананың қабылдау бөліміне, жарақат бекетіне келген науқастар МРТ, КТ, рентген, УДЗ, ЭКГ, ЭЭГ диагностикалық зерттеулерінен кезексіз өтеді. Бүгінде орталыққа күніне 100-150 бүлдіршін қаладағы емхана, ауруханалардан жолдама арқылы келіп, сәулелі диагностикалық орталықтың қызметіне жүгініп отыр. Сонымен қатар, кейбір емханаларда бейіндік дәрігерлер тапшы.  Осы олқылықтың  орнын толтыру үшін бізде консультативті диагностикалық кеңес алу қызметі де жолға қойылған, — дейді Е.Байдуллаев.

Сәулелі диагностикалық орталық меңгерушісі Қазыбек Сейітқазыұлының айтуынша,  науқастар хирург, уролог, травматолог, нейрохирург, пульмонолог, аллерголог, ревматолог, оториноларинголог, невролог, кардиолог секілді  дәрігерлерден кеңес ала алады. Мәселен, 1 айдың көлемінде 150-ден астам ата-ана бүлдіршінін кардиохирургтің қабылдауына әкелген.

Шымкенттік Айгүл Құрбанбаева 6-сынып оқитын ұлын уролог-дәрігердің қабылдауына әкеліпті.

— Мектептегі кезекті медициналық тексеру кезінде ұлымның денсаулығынан анықталған жағдайға байланысты  жолдама берді. Осы жолдамамен орталыққа келіп, уролог-дәрігер Қайнар Кенжебайұлынан кеңес алдық. Дәрігер қосымша талдамалар мен зерттеулер үшін жолдама берді. Толық зерттеуден өткен соң, тиісті ем-дом қабылдайтын боламыз, — дейді А.Құрбанбаева.

Айта кетейік, жолдама арқылы дәрігерлерден кеңес алу уақыты жұмыс күндері сағат 11.00-15.00 аралығында жүргізіледі.

Замира АЛДАБЕРГЕНОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.