Сергектiктi серiк еткен әкiм

Оқырмандарымыздың «Жанайғайын» газетімізде жариялауымызға тура келді. Жаңадан құрылған Келес ауданының Біртілек ауылдық округі орналасқан Т.Бигелдинов жалпы орта мектебіне тиісті жер учаскесін соңғы жылдары ту-талақай етіп, біреу сауда орнын салуға кірісіп, енді біреу самсахана салып, тағы біреу бастауыш сыныптар ғимаратын жекеменшік балабақша етіп жібергеніне бір топ ауыл тұрғындары наразылықтарын редакцияға жолдаған болатын. Қарапайым халықтың «Жанайғайын» елеусіз қалдырмайтын газетіміздің тілшісі арнайы журналистік зерттеу жасап, сыни материал жариялады.

Келес ауданы әкімі аппаратынан 12.11.2018 ж. келген шығыс №684 қызмет хатында аудан әкімі орынбасары А.Жанбырбаев осы мәсе­леге қатысты көтерілген шаралар туралы ақпарат жіберіпті.

Сонда да, осы өткір мәселені көтерген Ораз Ата ауыл биі, қадірменді қария А.Бултеков осы мектептің бұрынғы директоры, ардагер ұстаз Ш.Есенбекова, «Алтын алқалы» ата-ана Г.Алпысбаева, т.б. нағыз отаншыл жан­дар «шырылдап» отырған мәселенің оң шешім табатынына көз жеткізу үшін аудан әкімі А.Есбаевпен жүздесуге тура келді.

Мемлекеттік қызметтің басшылық жұмыстарынан мол тәжірибе жинақтап, ысылған әкім өзекті мәселені тікелей өзінің бақылауына алыпты. Орынбасарларының біріне итере салмай, бірқатар мәліметтерді жинақтап алған соң, ауыл тұрғындарын мектепке жинап, бүкпесіз ашық жарқын әңгіме өткізуге өзі барған. Кезінде жіберілген қателіктерді ашық мойындап, «анау госакті алып қойған екен, мынау заңды құжаттар ұстап отыр екен» деп көлгірсімей, өскелең ұрпақ үшін тиісті жағ­дайдың жасалатындығын қадап айтып, мәселенің қалың көптің көңіліне қонарлықтай шешімдерін ашық айтады.

Заңсыздықтан «заңды» құжат дайындап алып, мектеп, ғимаратының алдынан үлкен құрылыс жүргіземін деп тас түсіріп қойған кәсіпкерсымақ  өзінің жосықсыз тірлігін түсініп, оған құрылыс  материалдарын алып кетіп, мектеп ғимараты алдын тазалап беруді міндеттейді. Ал, самсахана салып алған азамат жайын көшіріп әкетуге уақыт беруін сұранған. Әкім ауыл тынысына қатысты осыншама беталдылықтың орын алғанын ащы да болса, ашық айтқан ауыл тұрғындарын ден қойып тыңдап, бұл мәселені өзі арнайы бақылауында ұстайды.

Ойнап шаншыған шыбық шындап шығатын Келестің бойында бір мектепті жасыл желекке бөлеудің орнына, оның әп-әдемі бауына дейін тоздырылып жіберілуіне «көз жұмып» қарап отыру ауылдың ардақты ардагерлері мен намысты жігіттеріне сын екендігін әкім А.Есбаев санасында саңылауы барларға жетерліктей етіп айтып кетеді.

Бұл жөнінде әкім А.Есбаев: «Мектепке қамқорлық жасауға ауыл тұрғындарына бір құлшыныс туғандай болғанын сезіндім. Өзі еңбекқор, береке-бірлікті бірінші орынға қоятын момын да, намысқой жұрттың белсенділігін оята білсек, оң нәтижеге жететінімізге шүбә келтіре алмаймын», — дейді нық сөйлеп. Аудан әкімі А.Есбаевтың Ораз ата ауылы тұрғындарымен кездесуі ел-жұртты алаңдатқан өзекті мәселені елмен санасып шешуді ғана көрсетіп қоймай, жаңа әкімнің шын ел жанашыры екенін көрсеткендей болыпты.

Әкім бір-екі жыл көлемінде бүлдіршіндерді басқа балабақшаға орналастырып, жиырма шақты бақша қызметкерлерін жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін шешіп, жекеменшік пай­даланып отырған ғимаратты мектептің өзіне қайтаруға күш салатынын айтқан. Сондай-ақ, бұл мектепке жаңа ғимарат салып беруді өзіне басты міндет етіп алатындығын да жасырмаған. Қажырлы да елжандылығы ерен әкімнің жарқын істерге деген қызу құлшынысымен бірге, ойлы жоспарларының өміршеңдік тауып кете алатын айқын бағыт-бағдарларының барын есіткенімізде еріксіз сүйсінуімізге тура келді.

Әкім А.Есбаев құрғақ цифрларды қуып, жаттанды сөйлеуде аулақ, туған өңірінің тынысын бес саусақтай білгендіктен, барды бар, жоқты жоқ деп айта алатын нағыз мемелекетшіл ел перзенті екендігімен ерекшеленеді. Аузымен құс ұстап отырған жоқ, ел сенімінен шығуда көрер қиындығының көп болатынын тереңнен сезінетіндігін де пікірлесу барысында байқайсыз.

Бірқатар жерлестерінің еңбектен қашып, суармалы жерлерін «арендаға өткізіп қойғанына ренжиді. Ақментай да Жамантай әкім сияқты «жерді түгелдеуді» батыл қолға алыпты.

Әсіресе, дәрілік қасиеті зор зәйтүн майын өндіру үшін зәйтүн өсіруге батыл барып отырғанына еріксіз сүйсінесің. Ауданның төрт бұры­шын «көзін жұмып» айта алатын әкім қиял қуып кетпей, ел тынысының ертеңін дәйекті жобалай алатындығына риза болдық.

Бұл әкімнің жауапкершілігі жоғары басшылық қызметін абыроймен атқаруға, ел-жұртының сенімін ақтауға сергекті сенім еткеніне тәнті боласың. Жетерлік құзыреті бар «креслоның» буына тоқмейілсуден гөрі, кешегі ұлы бабаларымыз айтқандай, халыққа «арқасы қара нардай жауыр» болып қызмет етуді мойынсынғанына қарап, облыс басшысының әкім таңдауда бұл жолы қателеспегеніне көз жеткізгендей болдық.

О.Тәжиев

 «Қазақстан жолы» газеті, №43 (688) , 24. 11.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.